РЕНОВАЦИЯ БАҒДАРЛАМАСЫНА 6 ҮЙ ҰСЫНЫЛЫП ОТЫР
Шымкент қаласында әлеуметтің әлеуетін арттыру ісіне айрықша назар аударылуда. Атап айтқанда, азаматтарды баспанамен қамту, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табысын арттыру ісінде ілгерілеу бар. Сонымен қатар бұған дейін пайдалануға берілген және тозығы жеткен авариялық үйлерді жөндеу жұмыстары да қарқын алып отыр. Тарқатайық…
Биыл іске қосылған реновация бағдарламасына қаладағы авариялық және тозығы жеткен 6 үй ұсынылып отыр. Қазіргі таңда жергілікті тұрғындарға жаңа бағдарламаның шарттарын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ескірген ғимараттарды бұзу меншік иелерінің келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Тұрғындарға құрылыс кезеңінде уақытша баспана немесе пәтер жалдау үшін ақшалай өтемақы беріледі. Бағдарлама тозығы жеткен ғимараттарды жойып, мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай зәулім үйлерді көбейту үшін қолға алынып отыр. Бүгін тұрғын үй қорын реновациялау және қайта жаңғырту бағдарламалары талаптарын түсіндіру мақсатында баспасөз туры ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта реновация бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында арнайы штаб құрылды. Сондай-ақ, жыл соңына дейін қалада 40 көп қабатты тұрғын үйге ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Айта кету керек, реновация бағдарламасының талап шарттарына сәйкес, жиналысқа тұрғын үй пәтерлері меншік иелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, жиналыс заңды деп есептеледі. Жиналыс шешімімен келісім берілген жағдайда, авариялық тұрғын үйлердегі тұрғын үй-жайлардың меншік иелеріне ауданы бойынша бірдей, бірақ бір бөлмелі пәтерден кем емес мөлшерде жаңа пәтерлер беріледі. Сондай-ақ пәтер беру кезінде — пәтерлердің техникалық төлқұжаттарына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құрылыс нормаларына, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарға сәйкес, пәтердің жақсартылған әрлеуде болуы, көп пәтерлі үйлерде азаматтардың аз мобильді топтары үшін, оның ішінде пәтерде жағдай жасалуы сынды бірқатар талаптар сақталады. Реновация бағдарламасы әкімдіктің қаулысымен бұған дейін бекітілген болатын. Бүгінде аталған бағдарлама жаңа редакцияда қайта қаралуда. Осының аясында тұрғындардың келісімімен түбегейлі жаңартылатын тұрғын үйлердің тізбесі анықталып, іске асыру көзделген.