ЖҰМЫССЫЗДАРҒА ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР ҰСЫНЫЛДЫ
Шымкентте мүгедектігі бар және пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарға жұмыс орындарына квота белгілеу тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде 50 ұйымға 227 жұмыс орны бекітіліп, қазіргі таңда, 25 мекемеге 54 мүгедектігі бар адам жұмысқа орналасты.
Қала әкімінің тапсырмасымен 2022 жылы – ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып табылатын жастарды, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін 19 мекемеге 53 жұмыс орны бекітілген. Ал пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар бойынша 20 мекемеге 56 жұмыс орны бекітілген. Бүгінгі таңда, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған – 2 азамат, пробация қызметінің есебінде тұрған – 13 азамат жұмысқа орналасты. Аталмыш шаралардың басты мақсаты – мүгедектігі бар азаматтар мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар, және пробация қызметі есебіндегі азаматтардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсету. Айта кетейік, Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту» орталығы мен «Ten qogam» әлеуметтік қолдау мекемесі бірлесіп тұрақты түрде мүгедектігі бар азаматтар арасында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізіп отырады. Айта кету керек, жуырда Шымкент қаласы әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының Абай ауданы бойынша жұмыспен қамту бөлімшесінде пробация қызметі есебінде тұрған жұмыссыз азаматтар және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар үшін бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Аталған шараға «Qut-Bereke» ЖШС, «VIBE RECORDS» ЖШС, «Фронт лайн» ЖШС, «AZALA COTTON» ЖШС, «BALANS Outsourcing KZ» ЖШС, «Karlskrona LC AB» ЖШС сияқты 15 жұмыс беруші мекеме қатысты. Жәрмеңкеге келушілерге Шымкент қаласы бойынша ашық 200-ге тарта жұмыс орындары ұсынылды. Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары тарапынан келушілерге жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар, тегін қысқа мерзімді оқыту, өз кәсібін ашу мақсатында қайтарымсыз грант алу бағыттары бойынша кеңес беру жұмыстары жүргізілді. Жәрмеңкеге қатысушы жұмыссыз азаматтар саны 35-ке жуық болса, олардың 12-і жәрмеңке нәтижесінде тұрақты жұмыс орнынына жолдама алып, кәсіптік оқыту бағдарламалары бойынша 6 азамат оқуға ниет білдіріп, құжаттарын тапсырды.