НҰРШУАҚТЫҢ САПАЛЫ ИНТЕРНЕТ ЖЕЛІСІНЕ ҚОСЫЛАТЫН КҮНІ ЖАҚЫН

78
0

Шымкент қаласы Нұршуақ шағынауданы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылатын болады. Абай ауданына қарасты Нұршуақ елді мекеніне биыл талшықты оптика желісін жүргізу жоспарға енгізілген болатын. Маусым айының соңына дейін елді мекен оптика желісімен қамтамасыз етіледі. Бұл турады Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазіргі таңда инвестор тарапынан интернетпен қамтуға қажетті құрал-жабдықтар алынып, елді мекен көшелеріне оптика желісін тарту жұмыстары жүргізілуде. Тиісті жұмыстарды маусым айының соңына дейін аяқтап, 10 000-ға жуық тұрғынға жоғарғы жылдамдықты интернет желісіне қосылуға мүмкіндік жасалынады. Сонымен қатар, Нұршуақ елді мекеніне базалық станция орнату үшін «Kcell» АҚ мен келіссөздер жүргізіліп, инвестор тарапынан антенна-мачталық құрылғы орнатуға келісім жасалды. Бүгінде инвестор тарапынан базалық станцияны орнату үшін жер телімдерін рәсімдеу жұмыстары атқарылуда. Тиісті жұмыстарды алдағы 4 ай көлемінде аяқтау жоспарланып отыр. Еске сала кетейік, қалада базалық станциялар орнату жұмысы 2020 жылы үш кезең негізінде қолға алынды. Алғашқы кезеңде қалада 11 нүктеге станция орнатылып, мобильді интернетпен қамту көрсеткіші 82% құрады. 2020 жылы интернетпен қамтудың ІІ-кезеңінде 14 нүктеге базалық станциясын орнату жұмыстары жүргізілді. Оның 8-і инвестор есебінен, 6 нүкте байланыс операторлары жеке нысан иелерімен бірлесе атқарылды. Қалада базалық станцияны көбейту үшін басқарма Өңіраралық байланыс инспекциясымен бірлесе интернеттің сапасына талдау жасаған. Талданған 110 нүктенің 22-не интернет сапасы төмен екені анықталған. Әзірленген Жол картасы шеңберінде сапасы төмен аумақтарға базалық станциясын орнату жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар жүзеге асырылса, қала аумағы 100% сапалы интернетпен қамтылады.