ЖОЛ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ КӨЗДЕЛІП ОТЫР

80
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйегінде жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында автожолдың құрылысына, оның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керегін баса айтты. Сонымен қатар 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың 95 пайызын жақсарту жөніндегі тапсырмасын берді. Ел Президенті жүктеген жұмысты орындау мақсатында үшінші мегаполисте құрылыс қарқын алған. Тарқатайық…

Шымкент қаласында асфальт жолдың жақсы және қанағаттанарлық үлесі 67,4%-ды құрайды. Шаһарда жол инфрақұрылымын дамыту, жол сапасы мен көшедегі көлік қозғалысын реттеу – маңызды басым бағыттардың бірі. Шымкент – автокөліктің көбеюі бойынша елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі.  Осыған орай, соңғы жылдары қалада жол құрылысы бұрын соңды болмаған қарқынмен дамып келеді. Атап айтқанда, қазіргі уақытта Ташкент — Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Онда 31 шақырым, 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жоспарланған. Бүгінде 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары, Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. Биыл 2-ші және 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр. Одан бөлек, 16 шақырым «Оңтүстік айналма жолының» құрылысы қарқын алған. Аталған нысан Шымкент қаласы аумағымен қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін азайтуға және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізбек. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтілуде. Жалпы соңғы жылдары Шымкент қаласында сапалы жолдардың көрсеткішін арттыру бағытында қыруар іс атқарылуда. Әсіресе қаладан шалғайда жатқан шағынаудандар мен елді мекендердің ішкі орамдық көшелерін жөндеуге басымдық берілуде. Осының арқасында жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі арта түспек.