Шекарашыларды өлтірген Челах па?

355
0

Владислав Челах сот залына тағы жеткізілді. Бірақ қызметтестерін қырып салды деп айыпталған шекарашыдан жауап алу сол күйі мүмкін болмады.  Бейнежазбалардың барлығы көрсетіліп болмағанын естіген ол дереу сот залынан әкетуді талап етті. Енді тек қылмыстық істегі құпия құжаттар қаралған кезде келмек.
Арқанкерген ісінің жаңа бір парағы ашылады деп күтілген еді. Яки өткен жұмада сот залына келмеймін, бейнежазбаларды көрмеймін деп мінез көрсеткен Челах процеске әкелінген болатын. Алайда орнына жайғасысымен қайтадан қылық шығарды.
Челахқа деген сенімге селкеу түсіп, тентектікке тартып тұратыны әмбеге аян қазір. Сот отырысына қатыспаймын деп бір тулады, қалағанын қылмағанда өз-өзіне қол салам деп қорқытты, тіптен тәртіп сақшыларымен жағаласып та қалған. Сол себепті бүгінде ол залдағы сотталушыға арналған бөлмеде кісенмен отырды. Тек бейнежазбалардың әлі көрсетіліп болмағанын естіген бойда тағы «кетемге» басты.
Челахтың атасы және анасы бірнеше тәуліктен бері тынымсыз көрсетіліп жатқан бейнежазбалардағы Владислав емес, әдейі дайындалған агент деп айтқан. Осыған орай дереу сараптама жасалып, ондағы дауыс Челахқа тиесілі екені дәлелденді.
— Тапаншадан алынған оқтардың ешбірінде Челахтың саусақ таңбасы жоқ. Ол оқ салғанда қалуы керек еді ғой. Оның ешбірі қылмыстық іс пен тергеу барысында қарастырылмаған. Оған ешкім көңіл аударып жатқан жоқ, — деді Челехтың адвокаты.
56 томнан тұратын қылмыстық істің қазір барлығы дерлік талқыланып болды. Тек құпия құжаттармен Челахтың танысып болуына тәулік берілді.
14 сарбаздан бөлек өз үйінде өлтірілген қорықшы Руслан Кимнің ағасы Тимур Ким судьяға өзінің талап-тілегін білдірді бүгін. Ол бауырын өлтірген Челахтан моральдық шығын ретінде 7 миллион теңге өндіріп беруді сұрады. Аталмыш арыз қылмыстық іске тіркелді. Айта кету керек, өткен аптада Арқанкерген шекара бекетінің бастығы болған марқұм Алтынбек Кереевтің жұбайы да Челахтан 5 миллион теңге талап еткен еді. Алайда тәулік өткенде, арызынан бас тартқан.