ШЫМКЕНТ — ӨМІР СҮРУГЕ ҚОЛАЙЛЫ ҚАЛА

78
0
«Қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы қала қалыптастыру мақсатында, ағымдағы жылы 9 гүлзар, 1 саябақ салу және қала орталығындағы Қошқар ата өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар, аумағы 42 гектарды құрайтын Шымсити шағын ауданында жаңа саябақ құрылысын бастап кеттік. Қаладағы демалыс аймақтарын ұлғайту мақсатында, жоспарға сәйкес жыл сайын 10 гүлзар салынатын болады»- деді, Астанада өткен Орталық Коммуникациялар Қызметі арнайы баспасөз мәслихатында «Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы» жөнінде жасаған баяндамасында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.
Сонымен бірге қаладағы тағы бір мәселе – түнгі жарықтандыру. Соңғы үш жылда қаладағы әлеуметтік маңызы бар 472 көше жарықтандырылып, қамту деңгейі 2 есеге артып, 30 пайыздан 63 пайызға жетті. Ағымдағы жылы 104 көшеге жарықтандыру жүргізіліп нәтижесінде, қамту деңгейі 63 пайыздан 70 пайызға жетеді. Ал қала тұрғындарын сапалы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында, осы жылы 20 елді мекенге оптикалық және 28 елдімекенге базалық станция орнатылады. Сонымен қатар, өткен жылы қалаға жоғарғы жылдамдықты 5G интернет желісі бар 10 станция орнатылса, биыл 147 станция орнату көзделіп отыр.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында,соңғы 5 жылда 3177 бейне бақылау камералары орнатылған болатын. Нәтижесінде, қылмыс саны 39 пайызға төмендегені белгілі болды. Ал биыл 1500 бейне бақылау камераларын қою жоспарланған. Айта кету керек, Шымкент қаласының аумағындағы жалпы ұзындығы  891 шақырымды құрайтын 443 орталық көшелерді санитарлық тазалау, көгалдандыру және күтіп-ұстау жұмыстары ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап аудан әкімдіктерінен Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына өтті. Қазіргі таңда, әр ауданның мемлекеттік-жекешелік әріптестері анықталып, қала аумағында жұмыстар қарқынды түрде ұйымдастырылуда. Алдағы уақытта Шымкент қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында, тұрақты 2400-ге жуық жұмыс орындары ашылып, қаланың санитарлық тазалығын қамту, көше жуу, қар күреу сынды жұмыстарға жаңа арнайы 150 техника тартылады. Сондай-ақ жоба аясында жасыл екпелерді суару жұмыстарын жандандыру мақсатында 440 бірлік су ұңғымасы бұрғыланып, пайдалануға берілмек. Гүл егу жұмыстарына тоқталатын болсақ, 2023 жылы қаланың көрікті жерлеріне 1 млн дана қызғалдақ егілген болса, жаздық бір жылдық әсем гүлдер саны 750 мыңға жетіп отыр.