ЖАҢА САЗ МЕКТЕБІНІҢ САЛТАНАТТЫ АШЫЛУЫ БОЛДЫ
Шымкент қаласында бүгін 19 маусым – қала күніне орай жағымды жаңалықтың бірі жаңадан Балалар саз мектебі ашылды. Ашылу салтанатында қала әкімі Мұрат Әйтенов құттықтау сөз сөйлеп, балалар шығармашылығына өркендеу, ал саз мектебінің ұжымына сәттілік тіледі.
Саз мектебінде балалар мектептен тыс қосымша білімдерін жетілдіріп, тұла бойындағы ерекше қабілеттерін шыңдай алады. Мәселен, мұнда оркестрге арналған ұлттық саз аспаптар, үрмелі аспаптар класы бар. Атап айтсақ, домбыра, қобыз, саксофон, флейта, рубаб кластарымен бірге фортепиано, хореграфия, вокал, көркемсурет, хор орындау — бұлар қаламыздағы мектеп оқушыларын әр қырынан толықтай ашады. Үш қабатты ғимараттың техникалық жабдықталу жағы жоғары сапада жасалған, мұндағы музыкалық аспаптар арнайы Германия зауытынан тапсырыспен алынған. Би өнеріне арналған кең, ауқымды залы 150 шаршы метрді құрайды. Айта кетейік, жаңа саз мектебі 1958 жылы іргетасы қаланған бұрынғы музыкалық мектебенінің негізінде қайтадан тұрғызылды. Жаңа ғимаратта қазір 1 164 бала музыкалық білім алады. Қыркүйек айынан бастап тағы 500 оқушыны қабылдау жоспарланған. Сондай-ақ, балаларға білікті, академиялық консерваториялық білімі бар кәсіби мамандар сабақ береді.
Мектеп түлектері халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық конкурстардың жеңімпаздары. Саз мектебінің ашылу сәтінде көпшілік осында оқитын балалардың қолөнер туындыларын тамашалап, ән-би тобының концертіне ризашылықпен қол соқты. Айта кету керек, жуырда «Нұрсәт» шағын ауданында салынып жатқан Оқушылар сарайының құрылысы аяқталды. Балалар шығармашылығын дамытуға арналған орталықтың жалпы сыйымдылығы 500 орындық. Яғни, бір уақытта 500 бала шығармашылықпен айналыса алады. Мекеме тәулігіне 4 ауысымда жұмыс істейтіндіктен, жоба бойынша күніне 2000 бала қабылдануға мүмкіндік бар. Аталған мектеп оқушылардың қабілетін шыңдап, талант көзін ашып, ой-өрісін дамытатын болады. Тоғыз жүз мың шаршы метрді құрайтын, үш қабатты ғимараттың ішінде оқушылар үшін бассейн, күресу залы, жекпе-жек залы, үстел теннисі ойындарының залы орналасқан. Сондай-ақ, көркем-эстетикалық блокта бейнелеу өнері, драма үйірмесі, сәндік-қолданбалы өнер, қыш жасау залы бар. Ғылыми техникалық бөлігінде 3D модельдеу, Lego кабинеті, интерактивті кітапхана, биотехнология, ал гуманитарлық блокта фото және бейне студия, журналистика, моториканы дамыту үйірмелерін табуға болады.