240 МЫҢ ТОННА ӨНІМ САҚТАЙТЫН КЕШЕН ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Шымкент қаласында азық-түлік, көкөніс және тағы басқа тұрмыстық тауар өнімдерін сақтайтын ірі Сауда логистикалық орталығы 228 гектар аумақты алып жатыр. Қазір мұнда үш жоба жүзеге асырылған, яғни «Continental logistics Shymkent», «Kazakhstan Logistic group», «Зерде» компанияларының тұтынушылық өнімдерін сақтау қоймалары жұмыс істеп тұр.
Ал жаңадан қолға алынған 6 жоба алдағы күндері логистикалық орталықтың тасымалдау бөлшегіне айналмақ.
Соның бірі «Euro Tranzit Service Management» көкөніс сақтау қоймасы. Құны 5 миллиард теңге тұратын жобаның құрылысы биыл басталып, қазір қарқынды жұмыс жүргізілуде. Қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған сауда логистикалық орталығында болып, қойма құрылысының бет-алысымен танысты. Қазір мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған, сондай-ақ ғимарат негізгі 3 блокқа бөлінеді. Бірінші, 12 мың шаршы метрді алып жатқан тауарды құрғақ сақтау бөлімі, екінші 8 мың шаршы метрлік мұздатқыш бөлігі, үшінші қосымша тауар сақтайтын бөлік. Қойма жылына 240 000 тонна жүк қабылдауға қауқарлы. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталып, 80 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Айта кету керек, Абай ауданына қарасты Алтынтөбе тұрғын алабындағы Алдоңғаров шаруашылығында 200 бас ірі қара мал мен 50 бас жылқы бордақылауға мүмкіндік бар. Шаруашылық құрылысы 2021 жылы басталып, бүгінгі таңда 80%-ға жуығы аяқталған. Осыған орай, қала әкімі Мұрат Әйтенов бордақылау алаңында арнайы болып, шаруашылық басшысымен кездесті. Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласында көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, алдағы уақытта бордақылау алаңын бұдан әрі дамытуға бағытталған мүмкіндіктер туралы кеңестер айтылды. Биыл күзге дейін толық пайдалануға берілетін шаруашылықта заманауи талапқа сай арнайы қора жайлар, мал азығын сақтайтын қоймалар, жаздық қоралар мен 5 га жуық жоңышқа егіс алқабы қарастырылған. Бордақылау алаңының қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруда маңызы зор.