САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫНА АРНАЛҒАН МУЗЕЙГЕ КЕЛУШІ ТУРИСТЕР САНЫ АРТҚАН

72
0
Шымкент қаласында орналасқан саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейге жыл басынан бері келуші туристердің саны артты. Шет мемлекеттерден келген қонақтар ата-бабаларымыздың қиын тауқыметін көрсететін «Алаш арыстары», «Ашаршылық», «КарЛаг», «АЛЖИР», «Желтоқсан» атты бөлімдердің экскурсиясын ерекше таңданыспен тыңдауда.
Нақтырақ айтар болсақ Бразилия, Испания, Украина, АҚШ, Оңтүстік Корея, Норвегия, Қырғызстан, Ресей, Қытай, Франция, Индия, Словения, Нидерланды, Жапония, Польша, Канада, Австрия, Иордания, Германия, Англия, Туркия, Финляндия, Монголия елдерінен арнайы келген қонақтар музейдің жаңғыртылған жаңа экспозиция залдарымен танысып, музей экскурсиясынан ерекше әсер алғандықтарын атап өтуде. Әрине бұл жерде музей ісінің тиянақты жүргізілгендігін айта кету керек. Аталған мекеме жуырда модернизациядан өткен. Жалпы қаламыздағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі елдегі ашаршылық құрбандары мен саяси қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларға арнап ашылған тұңғыш мекеме. 2001 жылы 2 қарашада ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай құрылған. Бұрын Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары деп аталған. Музей үш залдан тұрады: Экспозициялық зал, «Тағзым» залы, Кино залы. Бастапқыда музей қоры 2500-ге жуық экспонатпен ашылған болса, қазіргі таңда музей қорында 16500 экспонат жинақталған. Айта кетейік, өткен жылы Шымкент қаласына 9 айдың ішінде 311 895 адам келген. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 238 197 адамды құраған болатын. Алматы, Астана және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, АҚШ, Корея және басқа да елдер мен қалалардан іскерлік, жеке және кәсіптік мақсатта Шымкентке келушілер саны басым. Аталған басқарма биыл туристер санын 400 мыңға жеткізуді жоспарлаған. Бұл ретте, сыртқы байланысты жандандырып, Шымкенттің туристік танымдылығын арттыру мақсатында биылға жоспарланған БАӘ-нің Бас консулдығының ашылуы, Литваның Каунас қаласымен бауырлас қарым-қатынас орнатуы да ықпал етпек. Еске сала кетейік, жазғы кезеңге Шымкенттен Қостанайға, Ақтөбеге, Семейге және Атырауға, сондай-ақ, грузиялық Кутаисиге дейінгі жазғы маусымдық маршруттар қалпына келтіріледі. Сонымен қатар Алматыға, Астанаға, Ақтауға және Шымкент-Дели-Шымкент жаңа бағыты бойынша тұрақты рейстер қазақстандықтарға қолжетімді бағамен мобильді болып қалуға мүмкіндік береді.