ШЫМКЕНТ: БІР ЖЫЛДА ҚЫЛМЫС САНЫ АЙТАРЛЫҚТАЙ АЗАЙҒАН

76
0
Шымкентте жыл басынан бері қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 34 пайызға төмендеді. Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығының алаңында Шымкент қаласының прокуроры Мұқанов Ғабит Қасымбекұлы прокуратура органдарының 6 айдағы атқарған жұмыстары төңірегінде өткен баспасөз брифингте мәлімдеді.

«Өздеріңізге мәлім, Прокуратура — мемлекет атынан жоғары қадағалауды жүзеге асырады және құзырлы органдардың қызметін үйлестіреді. Құқық қорғау саласында осы жылдың 6 айында қалада 3 508 қылмыс тіркелді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 34%-ға төмендеді», — деді қала прокуроры. Спикердің сөзінше, тіркелген қылмыстардың басым бөлігі — ұрлық (1 056 немесе 30%), аялаяқтық (1 316 немесе 37,5%), есірткімен байланысты (295 немесе 8,5%) қылмыс. Қылмыстың азайғанына қарамастан қылмыстық істерді сотқа жолдау көрсеткіші 56%-ға артып отыр. Сотқа 1 967 қылмыстық іс жолданды. Осының барлығы 3 буынды модельді тиімді қолданудың нәтижесі және қылмыстың алдын-алу мен тергеу сапасының жақсарғанының белгісі. Үш буынды модельде прокурордың міндеті – полиция берген айғақ-дәлелдемелерге тәуелсіз баға беру, тергеу, анықтау ісшаралары кезінде азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу. Айта кету керек, Сотталғандар енді жаңа жоба арқылы арнайы оқу оқып, жұмыс істей алады.

«Сотталғандарды түзету – қауіпсіздік кепілі» атты Жоба аясында 30 сотталған оқып жатыр. Ал сотталғандардың 60-ы қыркүйек айынан бастап 10 айлық оқуға жіберіледі. Оқу аяқталғаннан кейін тиісті диплом, сертификат беріліп жұмысқа орналастырылады. Басты мақсатымыз — сотталғандарды әлеуметтік ортаға қалыптастыруға бағытталды. Бұл жұмыстармен шектелмей сотталғандарды түзету мақсатында оларды спортқа баулу жүзеге асырылуда. Ол үшін спорт түрлеріне қажетті құрал-жабдықтар алынды. Сондай-ақ 11 дана теннис үстелі, 22 дана ракетка мен тор, 93 дана үстел теннис добы, 4 дана волейбол торы, 16 дана волейболға арналған доп, 4 дана бадминтон сеткасы, 8 дана бадминтонға арналған ракетка, 24 дана бадминтон воланы, 3 дана армреслинг үстелі, 3 дана сақинасы бар стритбол қалқаны, 9 дана стритбол добы, 15 дана шахмат, 15 дана тоғыз құмалақ. Жазаны өтеу мекемелерінде жаппай бейнебақылау орнатылып, бақылау-өткізу режимі күшейтілді. Бейнемониторинг нәтижесінде қаскөйлік тәртіп бұзушылықтар 27%-ға төмендеді (122-ден 89-ға)», — деді прокурор.