ЕЛТАЙДАҒЫ ЖЕТІ КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛУДЕ

72
0
Жалпы қаланың жол инфрақұрылымын дамытып, сапасын жақсарту мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары бекітілген. Бүгінде атқарылып жатқан жол құрылыстары аталған іс-шара аясында іске асырылуда.
Нәтижесінде жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы жыл соңында 71,2 пайызға дейін жеткізу жоспарланған.
Қазір кешенді іс шара аясында Еңбекші ауданына қарасты Елтай тұрғын алабындағы көшелерге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 2,3 шақырымды құрайтын Еліксай, Саяқ (Жаңару), Нұрлысай, Қаратас, Ақмоншақ, Нұрсая, Балауса көшелеріне асфальтбетон жабындысының бірінші қабаты төселуде. Орташа жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, Елтай тұрғын алабының жолдары 100% пайызға асфальт болады. Бүгінде жалпы жол жабындысы жағдайын жақсарту мақсатында қала аумағында 243 нысан, яғни 297 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Айта кету керек, қазіргі таңда Шымкент қаласы Мирас, Шапағат-2 шағын аудандарында кәріз жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Аталған елдімекендерге канализациялық желілерді жүргізу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, 2020 жылы сараптамалық қорытынды алынған болатын. Мердігер мекеме 2021-2023 жылдарға құрылыс жұмыстарына бөлінген бюджет қаражаты есебінен кәріз желілерін тартуда. Қазіргі таңда қаламыздағы 81 шағынауданның 24-і канализациямен қамтамасыз етілген. Биыл Тассай, Тұран (ішкі жүйесі), Қайтпас-2, 112- орам, Бозарық шағынаудандарында құрылыс жұмыстары аяқталып, 60 мыңға жуық абонент кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде қалада кәрізбен қамту көрсеткіші 60%-дан 65 %-ға артатын болады. Мирас-Шапағат-2 нысанында жоспар бойынша жалпы ұзындығы 50,4 шақырым құбыр жүргізіледі. Осыған дейін жұмыстардың 69% аяқталған. Жалпы 30 адам, 7 арнайы техника жұмылдырылған нысанның құрылыс жұмыстары толығымен 2024 жылы аяқталатын болады.