ДӘРІГЕРЛЕР АУЫР ЖАРАҚАТТАНҒАН БАЛАҒА БІРНЕШЕ КҮРДЕЛІ ОТАНЫ СӘТТІ ЖАСАП ШЫҚТЫ

60
0
Шымкенттегі балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері ауыр дене жарақатын алған 9 жасар балаға бір мезетте бірнеше күрделі ота жасады. Ат тепкен баланың жоғары жақ — бет және көз сүйектері ауыр жарақаттанып, бұғанасы сынып кеткен.
Бірінші кезекте операцияны аурухананың жақ – бет хирургы Н.Урдабаев, анестезиолог дәрігер Б. Алменов, облыстық балалар ауруханасының жақ – бет хирургы А. Тұяқбаев және облыстық клиникалық ауруханасының жақ – бет хирургы Е. Турабеков жасап шықты. Мұнан кейін қалалық балалар клиникалық ауруханасының травматология ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі, травматолог дәрігері Б. Турдыкулов баланың сынған бұғанасына ота жасады. Қатарынан жасалған күрделі операциялар сәтті өтіп, бүгінде баланың жалпы жағдайы жақсы. Пациент қазір отоларингология және жақ – бет хирургиясы бөлімшесінде ем алып жатыр. Жалпы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында медицина саласының маңызына айрықша тоқталған болатын. Өз сөзінде ел Президенті «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» дей келе, нақты тапсырмалар да жүктеген. Аталған тапсырма аясында еліміздің барлық өңірінде тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Оның ішінде Шымкент қаласында жүзеге асатын жұмыс көп. Үшінші мегаполистің әрбір шағынаудан мен тұрғын алабының өз емханасы болуы тиіс. Бұл дәрігерлердің жүктемесін азайтуға және медициналық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді. Нақтырағы «Адамдар қан талдамасын тапсыру үшін қаланың орталығына барады. Ал МРТ аппаратына түсу үшін қаланың басқа шетіндегі клиникаға барып, әуре-сарсаңға түседі. Сондықтан біз әрбір тұрғын алап пен шағын ауданның өзінде емхана болуы тиіс деп есептейміз. Сол мақсатта жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, биыл жеке инвесторлардың есебінен 6 емхана салынады» деді шаһар басшысы.