КҮРДЕЛІ ОТА СӘТТІ ӨТТІ

57
0
Шымкент қалалық «Жүрек орталығының» дәрігерлері екі жылдан бері жүрек жеткіліксіздігі бойынша есепте тұрған 60 жастағы науқасқа ашық түрде ота жасап, жоғары технологиялық LVAD қондырғысын орнатты. Отадан кейін науқастың жағдайы жақсы, қазір ол жан сақтау бөлімінде дәрігердің бақылауында оңалту емін алып жатыр.
–Екі жылдан бері жүрек жетіспеушілігі диагнозымен диспансерлік есепте тұрамын. Көп жаяу жүре алмайтын, 10 қадам жүргеннің өзінде ентігіп қалатын едім. Соңғы уақытта бір бөлмеден шыға алмайтын дәрежеге жеттім. Орталыққа дәрігерден ем алуға келгенімде ота жасап, арнайы құрылғы орнататынын айтты. Алғашында келісімімді бермей, қарсы болдым. Күн өткен сайын жағдайым қиындай бергесін, өмірімді дәрігерлерге сеніп тапсырдым, – дейді науқас Виктор Кашлев. Жүрек орталығында LVAD қондырғысын орнату отасы осымен 10-шы рет жүзеге асып отыр. Алғаш рет жүрек жеткіліксіздігі бар науқастардың жүрегіне арнайы насос іспеттес қондырғы 2021 жылдың 1 қазанында орнатылған екен.
– LVAD құрылғысы – жүрекке хирургиялық жолмен орнатылатын механикалық сорғы. Дені сау адамның жүрегі минутына 7-8 литр қанды айналдырса, жүрек жеткіліксіздігі бар науқастарда 1-1,5 литр ғана қанды айналымға жібереді. Мұндай науқастар қимыл-әрекет еткен кезде ентігіп, әлсіреп қалады. Салдарынан 10-15 қадам жасай алмай, бір бөлменің ішінде ғана өмір сүреді. LVAD имплантациясы мұндай науқастардың жүрегінде қанды қажетті деңгейде айналдырып, қалыпты өмірге оралуына, қоғамдық орындарда жұмыс істеуге, тіпті спортпен шұғылдануына мүмкіндік береді. Ал, қазіргі науқасымыз отаның ертеңіне-ақ орнынан тұрып, біршама жүріп, әрекет ете бастады, – дейді «Жүрек орталығының» жүрек жеткіліксіздігі бойынша координаторы Айнаш Балабекова. Дәрігерлердің айтуынша, жүрек жеткіліксіздік дертіне шалдықпау үшін ең алдымен басқа да жүрек ауруларының алдын алу керек. Өйткені жүрек жеткіліксіздік ауруы жүрек ауруларының ең соңғы деңгейі екен. Жүректің ишемиялық аурулары, атеросклероз және гипертония аурулары дер кезінде емделмесе, осылай жүрек жеткіліксіздікке алып келеді. Айта кетсек, бүгінде жүрек жеткіліксіздігі диагнозымен қалалық «Жүрек орталығына» 6 212 науқас тіркеліп, тиісті медициналық көмек алып жатыр.