2024-2028 ЖЫЛДАРҒА БОЛЖАМ: ШЫМКЕНТТЕ ӨҢІРЛІК ӨНІМ КӨЛЕМІНІҢ ӨСІМІ 4 ПАЙЫЗҒА ЖЕТЕДІ

76
0
Бүгінгі Үкімет отырысында еліміздің 2024-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамы мен геология саласын дамыту шаралары қаралды.
Шымкенттің 2024-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы Ұлттық экономика министрінің бұйрығына сәйкес әзірленуде. Қаладағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс жұмыстары, сауда және қызмет көрсету салаларындағы өсіміне байланысты, өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн.теңгеге болжанып, жыл сайын орташа 4 пайыздық өсім күтілуде. Қаланың 2024-2026 жылдарға жоспарланған бюджет көлемі 551 млрд.теңге құрауда. Бюджет жоспарлау барысында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында денсаулық сақтау, білім, тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілді. Премьер-Министр үш жылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы, ең алдымен, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемесін толық және уақытылы орындауға, сондай-ақ экономиканың сапалы және орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанына тоқталды. Жалпы жан-жақты ойластырылған әрі теңгерімді бюджет жобасы қалыптастырылды. Үкімет басшысы экономиканың нақты секторында өңдеу өнеркәсібін дамытуға, бизнесті қолдауға, көлік инфрақұрылымын дамытуға және газдандыруға басымдық берілетінін айтты. Үкімет басшысы маңызды міндет – бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану екенін ескертіп, ұсынылған құжаттар бойынша заң жобалары мен Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ҚР Парламентіне енгізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Жалпы Шымкентте экономиканың дамуына тың серпін беріп отырған саланың бірі – өнеркәсіп. Бүгінде Шымкентте жұмыс істеп тұрған 5 өндірістік алаң бар. Онда жалпы құны 350 миллиард теңгенің 335 инвестициялық жобасы жүзеге асып жатыр. Өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты, жаңадан жалпы аумағы 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аймағын құру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, жаңадан 3 индустриалды аймақ ашылып, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен Шымкент көлік-логистикалық аймағын кеңейту көзделуде. Бұл аймақтарда жалпы жиынтығы 400 млрд. теңгеге 284 инвестициялық жоба іске асырылады. Онда 12 мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Жаңадан құрылатын «Жұлдыз» индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр. Онда машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында 200 млрд. теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске аспақ.