«ЕЛ ТІРЕГІ – АТА ЗАҢ»
Бүгін қаламыздағы Әдет-ғұрып, салт-дәстүр орталығында Конституция күніне орай «Ел тірегі – Ата заң» атты мерекелік іс-шара өтті.
Аталған шарада Әнұран шырқалып, Көк Туымызға құрмет көрсетілумен басталып, сарбаздар рухты көтеретін патриоттық әндерді шырқады. Орталық директоры Бахтияр Спанов алғы сөзді бастап, мерекемен құттықтай отырып, салтанатты іс-шараны ашып берді. Шара барасында Ұлы дала заңдары мен «Жеті жарғыны» байланыстыра отырып Ата Заңымыз туралы бейне-көрініс көрсетілді. Арнайы шақырылған қонақтар М.Әуезов атындағы ОҚУ проректоры, доцент Сәкен Мәжінбеков, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев, ҚР Журналистер одағының мүшелері Бейсенкүл Нарымбетова, Әсет Әссанди, Зәуре Оралбаевалар Ата Заң туралы өз ой-толғамдарын жеткізді. Жиынға зиялы қауым өкілдері, ақын, Халықаралық, Республикалық айтыстардың жеңімпазы Бөрібай Оразымбет, ақын Зікірия Ходжаев т.б. және БАҚ өкілдері қатысты. «Көркем» әжелер тобы ән айтып, сарбаздарға Конституция туралы сұрақтар қойылып, жеңімпаздарға сый-сияпаттар табысталды. Іс-шара соңында Бахтияр Әбілұлы белсене қатысқандарға ұжым атынан ризашылығын білдіріп, арнайы Алғыс хатпен марапаттап, қонақтар мерекелік көтеріңкі көңіл-күймен тарасты. Айта кету керек, бұған дейін Тұран ауданында Конституция күніне орай Шымкент қалалық опера және балет театрында мерекелік концерт ұйымдастырылды. Мерекелік концертте Тұран ауданының әкімі Боранбай Булатбеков аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады. «Сіздерді мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда Конституциямыздың қабылдануы барлық қазақстандықтар үшін ерекше оқиға болды. Конституция — халықтың бірлігін, қоғамдық және рухани келісімін нығайтып, егемендік пен саяси тұрақтылықтың кепіліне айналды. Ата Заңның қағидаттары мен нормаларын ұстану, конституциялық құндылықтарды қорғау – әрбір қазақстандықтың парызы және міндеті. Баршаңызға игілік пен бақ-береке тілеймін! Отанымыз нығайып, дами берсін! Сіздерге және сіздердің отбасыларыңызға зор денсаулық, мол бақыт тілеймін!», — деді Боранбай Нигметұлы. Сондай-ақ, мерекелік концерт барысында ауданның белсенді азаматтары мен демеушілер арнайы алғыс хатпен марапатталды. Мерекелік шара барысында әсем әуендер шырқалып, бишілер өз өнерлерін көрсетті.