ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ БАҚ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

83
0

Осы аптада Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Жиынға телеарналар мен мерзімді басылымдардың бас редакторлары, журналистер және әлеуметтік желі белсенділері қатысты.

Жалпы қоғам тұрақтылығын қамтамасыз ету мен ұлттық идеологияны жүргізуде бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы айрықша. Сондықтан елдің бірлігін бекітіп, ынтымағын нығайтуда аталған сала ерекше рөл атқарады. Осы орайда жиын барысында шаһар басшысы «Мен өз қызметімде объективті, конструктивті пікірлерге ашықпын. Сіздер халық үшін еңбек етіп жүрсіздер. Шығармашылық қызметтеріңіз жоғары бағаға лайық деп білеміз. Бәріміз де — осы елдің азаматы, осы халықтың перзентіміз. Олай болса, баршаңызды еліміздің дамуы, қаламыздың көркеюі жолында жұмыла жұмыс жасауға шақырамын» деді.
Жиынға қатысқан журналистер бірқатар ұсыныстар берді. Атап айтқанда, сала мамандарының біліктілігін арттыру, ашықтықты қамтамасыз ету, ақпарат таратудың тиімді әдістері турасындағы ойларын айтты. Қаладағы өзекті мәселелер де шет қалған жоқ. Өз кезегінде, қала әкімі ашықтықты қамтамасыз ете отырып, мегаполисті көркейтуде бұқаралық ақпарат құралдарымен етене жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

«Уақыт».