ШЫМКЕНТТЕГІ ЖАҢА ӘУЕЖАЙ ТЕРМИНАЛ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ БІРІНШІ КЕЗЕҢІ ТОЛЫҚ АЯҚТАЛДЫ
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа халықаралық әуежай терминалының құрылыс жұмыстарымен танысты. Қазіргі уақытта жолаушылар терминалы құрылысының 1-кезеңі аяқталды.
Атап айтқанда, терминал шатырын монтаждау жұмыстарымен бірге сыртқы қасбетін жабдықтау құрылыстары толық жүргізілді.
Сонымен қатар, жаңа әуежайға инфрақұрылым жүйелерін тарту жұмыстары да кестеге сәйкес іске асты. Терминалдың жалпы аумағы 35 мың шаршы метрді құрайды. Әуежай жұмыстарының 2-кезеңі жоба бойынша 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қала әкімі терминал құрылысының жұмысын сапалы әрі өз мерзімінде аяқтауды тапсырды. Айта кету керек, халық санының жылдан-жылға артуы мен қалаға келетін туристердің көбеюі теміржол вокзалының жұмыс жүктемесін арттырып қана қоймай, сервистік қызметті жақсартуды талап етуде. Қаланың даму жоспарына сәйкес, Теміржол вокзалының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары қазір қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда теміржол вокзалы 2- қабатының құрылыс жұмыстары 80 пайызға, бірінші қабаты 30 пайызға орындалды. Реконструкциялау жобасына сәйкес, теміржол вокзалының аумағы 2249,33 шаршы метрге ұлғаяды. Ғимараттың жолаушы өткізу қабілеті қазір тәулігіне 2 мың адамды құрайды. Қайта құрудан кейін вокзал тәулігіне 6 мың адамға дейін қамти алады. Сондай-ақ жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай екі күту залы қарастырылған. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалады. Құрылыс жұмыстары 5 кезең бойынша жүргізіледі. Қазір монтаждау жұмыстары жалғасып, нысанда жылу, жарық жүйелері тартылуда. Сондай-ақ, өрт сөндіру дабылдары, интернет жүйесі және бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары атқарылуда. Ал бірінші қабатта құрылысшылар колонналарды күшейту жұмыстарын жүргізуде. Вокзал ғимараты республикалық маңызы бар қаланың ерекшелігіне сай қайта құрылып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.