ТҮРКИЯЛЫҚ ИНВЕСТОРМЕН КЕЛІССӨЗ ӨТТІ

Түркістан облысында халықаралық әріптестік аясында тағы бір ауқымды инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков пен Түркиядан келген инвестор арасындағы іскерлік кездесу осының нақты айғағы болды. Кездесу барысында тараптар өңірдегі өндіріс саласының әлеуетін саралап, Түркістанда салынатын жаңа фармацевтикалық зауыттың құрылысы мен мүмкіндіктері туралы жан-жақты пікір алмасты.
Кездесуде Талғат Қозбеков Түркістан қаласының рухани, мәдени және экономикалық маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста инвесторлар үшін барынша қолайлы ахуал қалыптасқан. Бұл мақсатта «Шағын өнеркәсіптік парктер» жобасы іске қосылып, инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген дайын өндіріс алаңдары ұсынылуда. «Бүгінгі кездесу – Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластық қатынастың берік негізде екенін тағы бір мәрте көрсетті. Біз Түркістанда шетелдік инвесторларға барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз. Бірлескен жобамыздың құрылысын тезірек аяқтап, нәтижесін бірге көрейік», – деді облыс әкімінің орынбасары. Жоспарға сәйкес, түркиялық компания «TURAN» арнайы экономикалық аймағы аумағында биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендер шығаратын жаңа фармацевтикалық зауыт салуды қолға алады. Бұл кәсіпорын – тек Түркістан өңірі үшін ғана емес, жалпы еліміздің фармацевтика саласына серпін беретін маңызды өндіріс ошағы болмақ.
Айта кетейік, түркиялық кәсіпорын – 100-ден астам дәрілік препарат өндіретін, өнімдерін әлемнің 50-ден астам еліне экспорттайтын халықаралық деңгейдегі компания. Оның нарықтағы беделі мен өндірістік тәжірибесі Қазақстан үшін маңызды серіктес болуға толық негіз қалайды. Бұл инвестициялық жоба Түркістан облысының экономикасына бірқатар артықшылықтар әкелмек. Яғни жаңа жұмыс орындары ашылады (жүздеген адам жұмыспен қамтылады). Отандық фармацевтика саласы жаңа технологиямен толықтырылып, халықаралық стандарттарға сай өнім шығарылады. Экспорттық әлеует артады, Түркістан өңірі медициналық өнімдердің таралу орталығына айналуы мүмкін. Салықтық түсімдер мен жалпы өндірістік белсенділік күшейеді. Сонымен қатар, зауыттың арнайы экономикалық аймақта орналасуы – инвестор үшін тиімділік тудырып, мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер қарастырылады. Соңғы жылдары Түркістан облысы шетелдік және отандық инвесторлар үшін ерекше тартымды өңірге айналды. Инфрақұрылымның жақсаруы, арнайы экономикалық аймақтардың құрылуы және әкімшілік кедергілердің азаюы бизнес үшін қолайлы орта қалыптастырды. Облыс басшылығының шетелдік ірі компаниялармен тікелей байланыс орнатуы – өңірдің халықаралық деңгейдегі экономикалық серіктестікке мүдделі екенін көрсетеді. Тек өткен жылдың өзінде өңірге тартылған инвестиция көлемі бірнеше есеге артқаны байқалады.
Түркістан облысында түркиялық инвесторлардың қатысуымен жүзеге асатын жаңа фармацевтикалық зауыт – өңірлік даму стратегиясының нақты жемісі. Бұл жоба Қазақстан мен Түркия арасындағы тарихи, мәдени және экономикалық байланыстарды нығайтып қана қоймай, Түркістанды халықаралық өндірістік орталыққа айналдыру жолындағы маңызды қадам болмақ. Алдағы уақытта бұл бастаманың сәтті жүзеге асуы – өзге шетелдік инвесторлар үшін де ынталандырушы факторға айналатыны сөзсіз.