ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЕСЕБІНДЕ ТҰРҒАН АЗАМАТТАРҒА АРНАЛҒАН БОС ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

61
0
«Еңбек күні» мерекесі қарсаңында Шымкент қаласы «Еңбек мобильділігі» орталығының Абай аудандық «Мансап» орталығында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
Іс-шараға қаладағы 10 жұмыс беруші мекеме қатысып, ізденушілерге өндіріс және құрылыс салаларынан техникалық және жүргізуші, дәнекерлеуші-механик, электрик сынды 100-ден астам бос жұмыс орындарына шақырды. Қалалық «Еңбек мобильділігі» орталығының мамандары қосымша «Enbek.kz» сайтында тіркелген 1000-ға жуық жұмыс орнын ұсынды. Пробациялық бақылауда жүрген азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу және жұмыс орнымен қамтып, әлеуметтік қолдау көрсеу аса маңызды. Сала мамандары бұл тұрғыда жұмыс орындарына жолдама беріп, қажет болған жағдайда жұмыс беруші мекемелермен қайта тілдесу ұйымдастыруды көздейді. 80-ге жуық ізденуші қатысқан шара нәтижесі бойынша 32 адамға жұмыс орындарына жолдама берілді. Қалғандары бойынша жұмыс беруші мекемелермен қосымша тілдесу жүргізілу жоспарлануда. Айта кету керек, жуырда Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен пробация есебінде тұрған жастарға «Пробация» әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету орталығында жеке психологиялық қабылдау өтті. Психологиялық көмек көрсетудің мақсаты — пробация қызметінің есебінде тұратын жастармен қоғамдық өмірге қатысу белсенділігі мен өзара қарым-қатынас мәдениетін арттыру, мінез-құлықтың әлеуметтік жағымды дағдыларын қалыптастыру. Психологиялық кеңесте бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларға логикалық ойлау қабілетін, шығармашылық ізденісін, ой-қиялын арттыру, жаңа қоғамдағы адамгершілік, патриотизм сезімдерін дамыту бағытында жеке-жеке сұхбат жүргізілді. Сонымен қатар, көптеген психологиялық жаттығулар жасалып, сауалдарына жауап берілді. Шымкентте мүгедектігі бар және пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарға жұмыс орындарына квота белгілеу тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Нәтижесінде 50 ұйымға 227 жұмыс орны бекітіліп, қазіргі таңда, 25 мекемеге 54 мүгедектігі бар адам жұмысқа орналасты.