«ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУ ҮШІН ӘКІМ БОЛУ ШАРТ ЕМЕС»

474
0
Мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Ибадулла ҮМБЕТАЕВ:

Мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Ибадулла ҮМБЕТАЕВ:

Жетісай қаласы. 1993 жылдың сәуір айы. Әкімшіліктің үлкен мәжіліс залы. Осында аудан активініңі кезекті жиыны өтіп жатты. Оған мектеп директорлары да шақырылған еді. Осы жолдардың авторы директордың міндетін атқарушы дәрежесінде қатысып отырған болатын. «Коммунизм жолы» колхозынан келген әріптесіміз әкімге ресми тілде сұрау қойды. Ол жауапты мемлекеттік тілде алды. Қанағаттанбай сұрауын қайта қойды, тағы қазақ тілінде жауап естіді, үшінші ретте де осылай болды. Мектеп директоры астамшылықпен залдан шығып кетті. Оның көп ұзамай өз еркімен қызметтен босап, тарихи отаны, Германияға кеткенін көз көрді.Бұл көріністі әркім әртүрлі бағалай жатар, ал біз аудандық билік басына ұлттық рухымызды қастерлей алатын жігерлі жас азаматтың келгеніне қуандық.
Бұл күнде ол – қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, а.ш.ғ. докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР ҰҒА құрметті академигі, ҚР аграрлық ғылым саласы бойынша А.Бараев атындағы сыйлықтың лауреаты, Мақтарал ауданының құрметті азаматы. Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, «Қазақ мақтасының марқасқа майталманы» Ибадулла Үмбетаевтан сұхбат алудың сәті түсті. АЛҒАШҚЫ БАСПАЛДАҚ – ҒЫЛЫМҒА БЕТ БҰРУ

– Ыбеке, сіз ғылым әлемінде ғалымсыз, өндірісте басшысыз, саясатта әкімсіз, алдымен ғылымға қалай бет бұрдыңыз?
– Осы ауданда қазіргі «Достық» каналының жағасында «Үлгілі» ауылында туып өстік. 1972 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын бітірдім.
Ғалым-агроном деген дипломды арқалап елге келдім. Шаруашылықтардың ешқайсысында кез-келген дәрежедегі агрономдық бос орын болмай шықты. Институтты бір жыл бұрын бітірген бір досымнан естіп, тәжірибе станциясына келдім. Мені қатардағы лаборант етіп қабылдады. Шынын айту керек, Қазақ ауылшаруашылығы институтында мақта тереңдетіліп оқытылмайтын еді. Сондықтан, мұндағы жұмыс менің екінші тынысымды ашқандай болды. Ізденіске мүмкіндіктер табыла кетті, себебі, бұл мекеме Бүкілодақтың мақта шаруашылығы ҒЗИ ОҚО мақта шаруашылығы тәжірибе станциясы болатын. Көп ұзамай ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі болдым. Диқандарға арнап, агрокеңестер жазып, оларымды жергілікті газеттерде жариялай бастадым. Алғашқыда ғылым әлеміне осылай қадам бастым.

КЕЛЕСІ БАСПАЛДАҚ – ӨНДІРІСКЕ АТТАНУ

– Енді өндіріске қалай өткеніңіз туралы айтсаңыз.
– Бірде институт жасаған мақта өнімін арттыруға арналған зерттеулер бойынша облыс аудандарынан пікір жинадық. Жетісай ауданына келгенімде аудан ауылшаруашылығы басқармасының бастығы З.Ахметов қызметке шақырды. Зайырбек аға, бәрін өзі келістірді. Сөйтіп, 1979 жылы Жетісай аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бас агрономы лауазымын иелендім. Кейін сол кездегі лексикон бойынша партияда шыңдалдым, яғни Жетісай аудандық партия комитетінің ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болдым. Осы жерден Ленин атындағы совхозға директор болып бардым. Шаруашылық ауданда артта қалған қиын учаске еді. Бара сала алдымен жердің мелиорациялық жағдайын жақсартуға күш салдым. Өзге инновациялық агротехнологияларды енгізе бастадым. Осылай облысқа белгілі кадр ретінде танылдым да, 1987 жылы Келес аудандық агроөнеркәсіптік бірлестігінің төрағасы қызметіне ауыстырылдым. Ол кезде өзге егістік түрлерімен қатар мақта стратегиялық техникалық дақыл ретінде ауданда жетекші орын алады екен. Зерттеп қарасам, гектар өнімділігі төмен, мақта піскен шақта оған жапырағын түсіретін дефляция жүргізілмейтін болып шықты. Дереу осы әдісті өндіріске енгіздім. Осының нәтижесінде ауданның тарихында болмаған өнім алдық. 1987-1989 жылдары осында болдым. Келес ауданы Сарыағашқа қосылып кетті де, мені облысқа шақырды.

ӨРЛЕУ БАСПАЛДАҒЫ – ШЫМҚАЛАДА ШЫҢДАЛУ

– Бұл сіздің аудандарда тәжірибе жинақтап, кемелденген кезіңіз, дегенмен үлкен облыс орталығына барғанда жүрексінген жоқсыз ба?
– Облыстың агроөнеркәсіптік комитеті төрағасының бақша, жеміс өнімдерін өндіру, халықты осы өнімдермен қамтамасыз ету ісімен айналысатын орынбасары болдым. Сол кезде Шымкент қаласында 74 көкөніс сататын дүкендер бар екен. Сол дүкендерді жалға алдық, сөйтіп өздеріне рұқсат бердік. 30 фургон машина бөлуді өтіндім. 20 фургон «Москвич» машинасы бөлінді. Мен Ташкентке барып, осы іспен айналысатындармен өзім келісіп қайттым. Олар дүкендеріне әлгі көліктермен көкөніс өнімдерін таси бастады. Қала ассортиментінде жоқ көкөністер дүкендерде толып кетті. Қаладағы әрбір бағдаршам түбіне түрлі көкөніс өнімдерін үйіп тастадық. Өзгерісті қала халқы да, сол кездегі билік те сезіне бастады. Обкомның бірінші хатшысы К.Қ.Төлебеков өзіне шақырды. Мен ол кісіге қаланы аралап көруді ұсындым. Ол сол күні сағат 16.00-ден бастап қаладағы сауда нүктелерін өз көзімен көріп шығып, маған дән риза болды. Менің бұл ісім – ол кезде дәлелденбеген, танылмаған нағыз нарықтық қатынас еді. Содан мені Мәскеуге 2 айлық оқуға жіберді, қоғамдық ғылымдар академиясында оқып жүргенімде бір айдан соң облыстан маған қоңырау түсіп, тез шақырды. Бөген (қазіргі Ордабасы) аудандық атқару комитетінің төрағалығына ұсынған еді, тез арада ұшып келдім, сөйтіп 1990 жылы Бөген ау.ат.ком. төрағасы болып шыға келдім.
Бұл Кеңес Одағынан экономикалық саяси тұрғылардан іргесі шайқалып тұрған шақ еді. Бөгенде бір жыл істедім. Менің Бөгенге дейін облыста істеген орным бір жыл бойы бос тұрды. Облыстық агроөнеркәсіптік комитеті төрағасының бірінші орынбасары лауазымына ұсынылдым. Г.Н.Васильев кететін болды. Бұл орында бұрын ешқашан қазақ істемеген екен. Мені сессияда бекітті. Бір жыл істедім. Үлкен облыстың бүкіл агрокешенін материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету, оны бөлу, ұйымдастыру сияқты үлкен тетік менің қолымда болды.

КЕМЕЛДЕНУ БАСПАЛДАҒЫ САЯСАТТА СЫНАЛУ

– Тәуелсіздігіміздің таңын аудан әкімі дәрежесінде қарсы алдыңыз. Осынау қиын жылдарда ел үшін атқарған еңбектеріңіз туралы…
– 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақ елінің жаңа дәуірі, Тәуелсіздік өмірі басталып кетті. 1992 жылы 18 ақпан күні облыстың сол кездегі әкімшілік басшысы, яғни бүгінгі тілмен әкімі, М.Ф.Үркімбаевтың таңдауы маған түсті. Осы күні Жетісай ауданының тұңғыш әкімі болып тағайындалдым.
Бұл жылдар ел үшін аса қиын болғанын жұрттың бәрі біледі. Кеңес дәуірінде әбден қалыптасып қалған социалистік жүйе экономикада да, әлеуметтік салада да қирап, орнына жаңа бағыттағы нарықтық жүйе қалыптаса алмай жатқан шақ еді. Ең қиыны – жұрттың көпшілігі нарықтық қатынасқа өтуге таным тұрғысынан да, экономикалық тұрғыдан да дайын емес еді. Осындай қиын жағдайда жерді жекешелендіру ісі Республикада бірінші болып Жетісай ауданында толық аяқталды.
Жетісай қаласына кіреберістегі қазіргі «Достық» каналы үстіндегі көпір ескі, кішкентай әрі тар еді. Осы көпірді заманға лайық етіп қайта салдық. Осы жерден бастау алатын М.Әуезов көшесі кеңейтіліп, үлкен даңғылға айналды, оның бастауына ұлттық нақышпен өрнектелген қақпа орнатылды. Бұл көріністер қаламыздың ажарын аша түсті.
Бұл іске сол кезде әлі де жұмыс істеп тұрған жылжымалы механикаландырылған колонналар (ПМК), құрылыс зауыты, түрлі цехтардың мүмкіндіктері пайдаланылды. Енді ғана пайда бола бастаған бизнес өкілдері де атсалысты.
Елбасымыз Алматыға барлық дәрежедегі әкімдерді жинап, олармен тұңғыш рет құрылтай өткізді. Осы жиында сөз алып, Сырдария өзенінен көпір салу мәселесін көтердім. Оның қазіргі орнын дәл атадым. Сөйтіп, Өзбекстан Республикасына жол тәуелділігінен құтқарудың бірден-бір жолы осы екенін тілге тиек етіп, Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтан көмектесуін өтіндім. Бұл жоба өмірде іске асқанын бәріміз білеміз, менің бұл жерде айтпағым, кейін көпірді салдыру идеясының авторы көбейіп кеткендігі еді.
1997 жылы Мақтарал, Жетісай, Киров аудандары біріктіріліп, Мақтарал ауданына айналды. Осы кезде мен ауданның су шаруашылығын басқардым. 1997 жылы желтоқсан айында облысты басқаруға Х.Абдуллаев келді. Ол Мақтарал ауданына мені қайтадан әкім етіп тағайындады. Облыс билігіне 1998 жылы тамыз айында Б.Сапарбаев келді.
Мен ол кісіге: «Сізге рахмет. Елге қызмет ету үшін әкім болу шарт емес», — дедім де ұсынысты бірден қабылдадым.

ҚАЛЫПТАСУ БАСПАЛДАҒЫ – ҒЫЛЫМҒА ҚАЙТА ОРАЛУ

– Сонымен Сіз бір кездерде қызметті лаборант болып бастаған тәжірибе станциясын енді басқаруға келдіңіз. Осында жеткен табыстарыңызды баяндап берсеңіз.
– Осында келгенімде Қазақ елінің мақта бойынша мемлекеттік сорты жоқ болатын. Осы жылдарда мақтаның 12 сортын жасадық. Оның алтауы өндіріске енді, төртеуі инновациялық патент алды. Екеуі мемлекеттік сынақтан өтуде. Осылардың алғашқы оны еліміздің мақта егістігінің 110 мың гектарын қамтып, 80 пайызды құрап отыр. Бақша дақылдарының, көп жылдың азықтық өсімдіктердің жаңа сорттарын өндіріске енгіздік. 2011 жылы «Егемен Қазақстан» газеті менен сұхбат алып, оны «Ақ алтын – Оңтүстікке бақ алтын» тақырыбымен жариялады. Сол айтқандай, БАҚ беттерінде біздің еңбегіміз туралы көптеген мақалалар, диқандарға арналған кеңестер, ғылыми еңбектер т.б. көптеп үзбей жарияланып келеді. Атап айтсақ, «Мақтарал», «Оңтүстік Қазақстан», «Южный Казахстан», «Нарық әлемі», «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Дала мен Қала», «Алаш айнасы», «Айқын», «7 сыр», «Рейтинг», «Жетісай жаңалықтары», «Халық кеңесі» газеттері мен «Агрожаршы», «Агроәлем» журналдарында тілшілердің, ғылымдардың, басшылардың, диқандардың көптеген еңбектері жарық көрді. Ескі дағдыма басып өзім де бұл іске шама-шарқынша араласып келемін.
ОҚО дүниежүзінде мақта өндіретін мемлекеттер арасында ең солтүстік нүктеге орналасқан ел. Мақтаның толыққанды өсіп — жетілуіне ыстық жетпейді. Осы нүктеге Қарақалпақстан, Қытайдың Шығыс Ұйғыр автономиялы облыстары да енеді. Бұл жерлерде орта талшықты 4,5 типтегі мақта өндіріледі.
Еркін экономикалық аймақтағы мақта тоқитын кәсіпорын басшылары қазақтың өндіретін мақтасының сапасы нашар деп айтып жүр. Бұл пікір дұрыс емес, шындығында орта талшықты мақтадан киім-кешек өндіру әлемде жетекші орынға ие. Жіңішке талшықты мақтаны біз өндіретін мақтаға қосса, аса сапалы өнім шығаруға болады. Жіңішке талшықты мақта әлемнің көп жерінде өспейді, себебі ыстықты аса көп мөлшерде талап ететіндіктен, пісіп үлгермейді. Біз дүниежүзілік мақта консультативті комитетінен сұрағанымызда 2011 жылы қазақтың 700 тонна ғана мақтасын алдырыпты. Дүниежүзінде егілетін мақтаның 68-70 пайызы біздердегідей орта талшықты мақта, сондықтан біздің мақтаны нашар деуге негіз жоқ. Олардың мұндай пікір таратуында, өздерінің жеке мүдделері жатқан сияқты. Біздің, мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты қоңыр түсті мақта сортын шығарды. Бұл өндіріске аса қолайлы шикізат болмақ. Себебі, оны бояудың қажеті болмайды. Б.Сапарбаев мақта саласына аса көп көңіл бөлді. Тиімді тұқым сорттарын шығаруға көп көмек етті. 2006 жылы шығарған сортымызға ол кісінің атын бердік. Яғни, Бердібек есімінің алғашқы «Бер» буынын алып, оған қазақтың сыйлау мәнін білдіретін «еке» жұрнағын қостық, сонымен қатар «Береке» сөзі халқымызда молшылық ұғымын білдіретін жақсы сөз ғой. «Береке — оғ» атаулы мақта тұқымы дүниеге осылай келді.
Мақта мәселесі бойынша Бразилияға екеуміз бірге барып қайтқанымыз бар. Сонда ағынан жарылып, Сізді әкімдіктен босатқанымның қате болғанын тура екі айдан кейін түсіндім. «Сізден кешірім сұрамаймын, бірақ қатені мойындау да үлкен мәселе ғой», — деді. Мен оған өкінбейтінімді, мен жасаған сорттардан алынған өнім 1 центнерге артса, халыққа 75,80 мың теңге пайда әкелуінің өзі маған бақыт екенін жеткіздім.
Институтта жоғары білімді 32 маман еңбек етеді. Оның үшеуі а.ш.ғ. докторы, бесеуі а.ш.ғ. кандидаттары. Ғылыми қызметкерлердің басым бөлігі осы салада 15-20 жылдан астам тәжірибесі барлар. Ғалымдар корпусының сапалық құрамын онан әрі жетілдіре түсетін боламыз, сөйтіп мұнан да биік белестерді бағындыруды мақсат етіп отырмыз.

ТІЛЕУІ ТҮЙІНДЕМЕСІ

Ибадулла Үмбетаев бұл күнде алпыстың асқарынан өтіп, ақ алтынды аймақтың ардақты азаматының бірі болып отыр. Сұхбат барысында атап өткеніміздей, ғылымда – ғалым, шаруашылықта – басшы, саясатта – әкім бола білген азамат бар өмірінде халқына адал қызмет ете білді. Оның басшылығымен өмірге келген қауын, қарбыз, жоңышқа, мақта тұқымдарының игілігін бүгінде халқы көріп отыр. Мысалы, биыл қауынның экспортқа шығатын сортынан диқандар көп пайда тапты. Ибадулла есімі мақталы өңірде ғана емес, облыс, республика жұртына танымал. Жақында ҚР Индустрия және жаңа технология Министрлігі тарапынан «Технологиялық даму жөніндегі Ұлттық агенттігі» АҚ бірге республикалық өнертапқыштардың «Рационализатор.kz» байқауы өтті. Осы байқаудың жеңімпазы атанып, бас жүлдені жеңіп алуының өзі қандай десеңізші!
2012 жылдың 28 қыркүйек күні Еуропадан (Оксфорд, Ұлыбритания) қуанышты хабар келді. Еуропалық бизнес ассамблеясының Сократ комитеті Ибадулла Үмбетаевқа ғылыми зерттеулер саласындағы Халықаралық «Ғылымда аты бар» құрметті атағын беріпті. Бұл атақ иегерлері көрнекті ғалымдардың ресми тізіміне енгізіледі және номинациялардың белсенді брендтерін жарнамалық немесе басқа да кез келген мақсаттарда пайдалану құқығы беріледі екен.
Иә, ондай мақсаттарды Ыбекең, халық пайдасы үшін пайдаланатына кәміл сендік. Ғылымда аты бар кісінің осылай етуі өмір заңдылығы болса керек.

Сұхбаттасқан Сайлау ҚҰЛЖАНОВ.