ҰЛТ ПАТРИОТТАРЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ МІНДЕТТЕР
«Ұлт тағдыры» қоғамдық бірлестігінің жанындағы «Пікір-сайыс» клубының кезекті отырысы «Жастардың ұлттық патриоттығын қалыптастырудағы ұстаздардың үлесі» тақырыбында өткізілді.Пікір-сайыс клубын «Ұлт тағдыры» ҚБ ОҚО филиалы төрағасының орынбасары Жарқынбек Сейтінбетұлы жүргізіп отырды. «Ұлт патриоттары деп кімдерді айта аламыз?» Ұлт патриоттарын қалыптастыруда мұғалімдердің үлесі бар ма? Бар болса қандай?», — деген сұрақтар төңірегінде пікір өрбіді. Бүгінгі ұрпақ: «Қазақстан жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орында, мұндай қоры жөнінен 7-ші орында Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі бар деп мақтан тұтамыз. Осынша қазба байлықтарға толы мол жерді жан-жағынан төнген жаулардан қорғап, ұрпағына мұраға қалдырған хан, билеріміз, батыр бабаларымыздың жолы – қазақтың тарихы. Кешегі ұлт мұраты үшін жандарын қиған Алаш арыстарын ұмытуға болады ма? Осы ата-баба ерліктерін, даналықтарын мақтан тұтып, жастарымыз тарихын жете білулері керек. Сонда еліне, ұлтына деген патриоттық сезімдері, сүйіспеншілігі артып, жігерлері берік, нағыз қазақтың жастарын көреміз. «Алдағы мыңдаған жылда ұрпақтарымыз тілін, ата салтын, жұртын сақтап қала алады ма?» деген сұрақ бәрімізді мазалауы тиіс. Міне, осы жерде жастарымыздың ұлттық патриоттығын қалыптастыру өте маңызды екенінде талас болмауы керек. Ең маңыздысы, жастарымызды көрсеқызарлыққа, көзбояушылыққа, жалған ұрандарға бой алдырудан аулақ ұстауымыз қажет деген ойдамын. Болашағымыз – жастар деп жиі айтамыз. Иә, дұрыс. Бірақ жастар қандай болуы керек? Меніңше, ұлтының патриоты, азаматы деген атқа лайықты болу үшін жастарымыз жан-жақты білімді, ішкі дүниесі рухани бай, ойлары азат, өз ой-пікірлерін ашық айтып, қоғамның әділ дамуына белсене араласқанда ғана айтамыз. Бар шығар, бірақ әзірше жастар арасынан ұлтының патриоты, азаматы деген атқа лайықтыларын сирек кездестіреміз. Неге патриот жастар аз? Оған не себеп? Рас, кеңестік, коммунистік партия басқарған дәуірде халықты қорқытып, үркітіп ұстады. Партия кемшілігін, сын айтсаң халық жауы атанатынсың. Әзір тәуелсіз, демократиялық елміз. Сөз, пікір айту бостандығы бар. Жастарымызды қақпалай беру дұрыс емес. Қазақтың: «Күшігінде таланған ит қасқыр алып жарытпайды» дегеніндей, еркіндікте өскен жастарымыз ғана ұлтының патриоты, азаматы бола алады.
Жиында «Ұлт патриоты деп қандай жастарымызды айтамыз?», «Жастардың патриоттығын қалыптастыруда мұғалімдердің үлесі қандай?» деген сұрақтарға жауап алғандай болдық.
ҰСТАЗДАРҒА ҮЛКЕН ДАЙЫНДЫҚ, ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЛЕДІ
Мұғалім Ғ.Ахатаева: «Ұлтымызды, тілімізді, ата салт-дәстүрін, елдігімізді сақтап қалу үшін ұлт патриоттарын қалыптастыру қажет деп есептеймін. Ұлтының патриоты, азаматы болу үшін жастарымыз, ұлтының өткен тарихын, ұлттық қасиеттерін, дәстүрін, елін сақтап қалудағы ата-бабаларының ерліктерін білулері парыз. Сынып жеткшілері, мұғалімдер бала бойына, ұлтының өткен тарихын күнделікті сіңіру арқылы жастарымыздың ұлттық патриоттығын қалыптастыра алады. Ата-аналар да балаларын ел тарихын білуіне көмек беріп, бақылауда ұстауы керек. Қысқасы, өткен тарихын білмегендер, ұлтының ұлы зиялылары рухынан нәр алмағандар, ұлтының патриоты болуы мүмкін емес деген ойдамын. Осыған орай, жастардың ұлттық патриоттығын қалыптастыруда, мұғалімдердің рөлі зор екенін де ескерткім келеді», — деді.
Мұғалімдер, Б.Бикен, Қ.Қожанова Ғ.Ахатаеваның пікірін қолдап, жастардың ұлттық патриоттығын арттыруда мектептің, ұстаздардың жауапкершілігі жоғары екендігіне келісті. Ол үшін мұғалімдерге, үлкен дайындық, жауапкершілік жүктелетінін де атап өтті.
Мұғалімдермен өткен кездесуде байқалғаны, ұлт мүддесіне қатысты ұстаздарымызға да ақпарат жетіспейтін сияқты. Қазақ ұлтының болашағын өз ұстаздар қауымы ұмытпаса екен дейміз.
Ибрахим КҮЗЕНБАЙҰЛЫ.