АЛАШТЫҢ АРДА ҰЛЫ – ХАЙРЕТДИН

550
0

Алаштану

Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайы ең алғаш 2002 жылы Президент Н.Назарбаевтің тапсырмасымен ашылғанымен, оның толыққанды жұмыс істегені тек былтыр, бұрынғы Карлаг басқармасы бас әкімшілік ғимаратына реставрация жасалып, мұражай үйі толықтай сонда көшірілгеннен кейін ғана жүрді деп айтсақ, шындықтан алшақ кетпейміз. Әлбетте, оның алғашқы директоры Марина Клышникованың мұражайдың ашылуына, қалыпты жұмыс істеп тұруына үлкен еңбек сіңіргенін ескермей кету әділетсіздік. Дегенмен, айталық, әбден тозығы жетіп, ұсқыны кеткен құрқылтайдың ұясындай ғана қоржынтамның (бұрынғы Карлаг емханасы) аядай-аядан 3-4 бөлмесі мұражай үйі болуға мүлде лайық емес-ті. Оның үстіне мұнда экспонаттар қоры тым жұтаң еді. Соның 70-75 пайызы қосалқы қор (зат емес, құжат емес, тек көшірме). Осы азғантай дүниенің өзін сақтайтын орын болмады.

Мен 2009 жылы мұражайға келгенде Алашорда тарихына, қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларына қатысты деректерді іздестіріп, ештеңе таппай аңтарылдым. Тек қайсар ғалым Қайым Мұхамедханның мұрасын зерттеуші қызы Динаның өзі әкеп тапсырған әкесінің Карлагта отырған кездерінен дерек болатын бірталай мұрағаттары ғана бар болып шықты. Алашордаға қатысты одан басқа мәлімет там-тұм, саусақпен санарлық: бірнеше газет қиындысы, құжат, фотосурет көшірмесі. Бітті! Өңгесі, қордағы құжат-қағаздың бәрі «ұлы ұлт» пен депортацияланған халықтардың тарихына қатысты. Келгенбайлардың Қазақстанды қалай «ұшпаққа» жеткізгені туралы дерекнама-әфсана. Осыған қарап, «Құдай-ау, қазақ құдды кеңес өкіметінен қасірет шекпеген бе дерсің?!» Сонда 1921-23 жылдағы аштықтан 1,5 миллион, 1931-33 жылдағы аштықтан 2,3 миллион барлығы (3,8 млн) адам қырылып, 1915 жылы 6 миллионға жеткен қазақтың 60 пайызы жоқ болып, 1,2 миллионы атамекеннен жер аумаған сияқты. Бұдан басқа 120 мың қандастың Сталин лагерлеріне қамалып, 25 мыңының атылып кетуін қайда қоярсыз? Осы сауалды мұражай директорына айттым. Ниеті түзулігінен шығар, ол кісі «Алаш Ордаға, жалпы қазақ интеллегенциясына қатысты материалдарды өзің жинасаң қайтеді?» деп өзіме қолқа салды. Ол кісіні түсінуге болады, айналдырған 3-4 қызметкері бар, олар өзге ұлт өкілдері, қазақ тарихынан хабары аз, Алаш Орданың атын еміс-еміс естігендері болмаса, жарытып айтатыны жоқ. Оның үстіне 2009 жылы қызметтік іссапарға бар-жоғы 33 мың теңге ғана жұмсалыпты. Бұл ақшамен Мәскеудің, Санкт-Петербордың мұрағаттарын араламақ тұрмақ, Омбының шекарасына жетпей жығыларсың. Негізгі материалдарды сатып алуға, экспонаттарды реставрациялауға көк тиын бөлінбеген. Мұндай жағдайда мұражай экспонаттарын, ғылыми-деректі мағлұматтарды жинау да мүмкін емес.
Ұлт тарихына қатысты зерттеулерге қызығушылығым бұрын да ептеп бар еді. Енді, осындай жағдайдан кейін оған біржолата ден қоюға тіптен тура келді. Айтпақшы, Қарағандыда саяси қуғын-сүргін құрбандарының қоғамдық ұйымы бар екен, соның ұлты орыс басшысына жолығып едім (есімін ұмыттым-авт.) «бізде тек Карлаг тарихына, депортацияланған халықтарға қатысты деректер бар, алашордашылар туралы мәлімет жоқ» деп шығарып салды. Сөйтіп облыстық мұрағатқа, Қарқаралының аудандық мұрағатына барып жүріп қазақ интеллигенциясына, Алашордашыларға қатысты материалдарды жинақтауға кірістім. Шыны керек, атақ-дақпырты ТМД-дағы жақын көршілерді былай қойғанда, Еуропа асып сонау Америкаға дейін жетіп жатқан «Долинка кентінің саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау» мұражайында қазақ тарихының атүсті қаралуы, Алаш ұлдарының есімі аталмай қалуы мені қатты қынжылтты. Осы қыжылмен мұражайдан Алаш Ордаға арналған залды ашуды өзім бастап қолға алдым. Тек, кейіннен, 2010 жылы мұражай үйі жөнделіп-жаңартылған Карлаг басқармасының бас ғимаратына көшіріліп, жұмысқа кіріскенде, Алаш арыстарына арналған зал облыстық тарихи-өлкетану мұражайының бұрынғы директоры Күләнда Темірғалиқызының, белгілі журналист-зерттеуші Екатерина Кузнецованың, облыстық мәдениет басқармасы мамандарының Мәскеудің, Санкт-Петербордың мұрағаттарынан әкелген материалдарымен толықты. Оған еліміздегі Алаштанушы ғалымдардың, Карлаг туралы алғашқылардың бірі болып толымды зерттеу кітабын жазған тар.ғ. д Дүйсетай Шаймұхановтың, әке жолын жалғастырушы тар.ғ.к, профессор Сәуле Шаймұханованың, тар.ғ.к Света Елеуханованың, т.б еңбектері пайдаланылды.
«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау» мұражайы орналасқан Долинка кенті Қарағандының Шахтинск қаласына қарасты әкімшілік-аймақтық бөлікке енеді. Сол себепті қалалық «Шахтинский вестник» газетінде айына бір рет «Алаштану» айдарын аштым. Осы айдар арқылы бүгінге дейін арыстарға қатысты барлық естелік, зерттеу материалдарын беріп келе жатырмын. Алаштанушы ғалымдар кешірер, көп жағдайда олардың мақалаларын шағын газеттің көлеміне қарай ықшамдап, қысқартып жариялаудан басқа амалымыз болмады. Сонда көздегеніміздегі басты мақсат – жұртшылықты Алашпен қайта таныстыру, қайта қауыштыру, ұлт ардагерлерінің еңбектеріне деген қызығушылықтарын ояту. Оқырман қауымның жаңа айдарды жылы қабылдағаны қуантты.

Хайретдин Болғанбай кім болған?

Қалалық газетте аталмыш айдарды жүргізе бастағаныма көп болмаған, бір күні маған Шахтинск қаласы әкімінің орынбасары Достық Тұяқұлы Кәмелов деген азамат жолықты. Ол кісі «Алаштануды» үзбей оқып тұратынын, өзінің туған нағашысы белгілі Алашордашы Хайретдин Болғанбай екенін айтты. Нағашы атасы туралы әңгімелей келіп, шешесі Гүлнар әжейдің (Хайретдиннің қызы) бала күнінде анасы Рахимамен бірге Сібірге жер аударылған әкесін іздеп Архангельске барғандарын, сосын олардың отбасылары Сыктывкарға (Коми АССР-і) көшкенін, ол жақтағы тұрмыс тауқыметі туралы бірталай естеліктердің шетін шығарды. Кейін Досекең екеуміз тағы кездесіп, кең отырып әңгімелестік.
…Сонымен Алаш арысы Хайретдин Әбішұлы (Әбдірахман) Болғанбай халқына қай қызметімен құрметті? Хайретдин – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Әлімхан Ермекұлы, Халел мен Жаһанша Досмұхамедов, т.б бірге барша қазақ туғандарды Атамекен жерінде бір мұхтарияттың (автономия) ішінде біріктіру үшін басын бәйгеге тіккен ұлт арыстарының бірі. Олардың бірінің атын атап, екіншісінің есімін ескермей кету – білместік. Дегенмен, мойындауымыз керек, Хайретдин туралы көп естелік айтыла бермейді.
Х.Болғанбай ұлттық журналистика мен баспасөздің іргетасын қалауға атсалысқан, оның елге-жерге деген жан толғантарлық мақалалары «Қазақ» (1913-1918ж), «Сарыарқа» (1917-1919ж) газеттерінде жиі жарияланып тұрған. Бірқауым уақыт «Бірлік туының» редакторы болған, осы газетті бас болып шығарысқандардың бірі. Ол ағарту ісіне де өлшеусіз үлес қосқан. Қызылжарда, Ақмолада, Ташкентте оқу-білім жұмыстарын ұйымдастырған. Өмірінің соңында, Сібірден жер аударылып келген соң, Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының Қапланбек кеңшарында мал дәрігерлер техникумында жағрафиядан сабақ берді.Ал, Хайретдиннің саяси-қайраткерлік күрескерлігі өз алдына бір төбе. Оған бөлекше тоқталмасқа болмайды. Алаш партиясының басына әлдеқандай қара бұлт төнгенде Хайретдин Мұстафа Шоқаймен, башқұрт Зәки Уәлиди Тоғанмен бірге исі түркі жамағатына ортақ Түркістан автономиясын құруға белсене кірісті. Бәзбіреулер Түркістан үкіметі қазақты екі бөлді, Алаш үкіметінен бөлек саясат жүргізді деп қателеседі. Шынтуайтына келгенде, бұл Советтерге қарсы барша мұсылман қауымының күшін біріктіріп күресудің бір амалы еді. Өйткені, Мұстафа Шоқайдың бір мезетте Алаш Орданың да, Түркістан автономиясының да мүшесі болуы, екі тарапта да басшылық қызметте жүруі осыны аңғартса керек. Ал, Хайретдин «Алашорданың» Ақмола комитетінің төрағасы болған. Сондай-ақ, тарихи деректердің барлығында дерлік алашордашылар мен түркістандықтардың өте тығыз қарым-қатынаста болғанын көреміз. Белгілі Алаштанушы Дихан Қамзабекұлы өз еңбектерінің бірінде бүй дейді: «II жалпықазақ сиезінде (Орынбор, 1917 ж,5-13 желтоқсан) Алаш автономиясын тездетіп жариялау-жарияламау мәселесі дауысқа салынды. Көпшілік (Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Х.Ғаббасұлы, М.Мақұл, Х.Болғанбай, т,б) жағдайға қарап, кейін жариялауды жақтады. Азшылық (Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұхамедұлы, У.Танашұлы, Ғ.Жүндібайұлы, Ғ.Қараш, т.б) тездетіп жарияламасақ, Түркістан автономиясына кірейік деді.М.Шоқай, Ә.Кенесары, А.Шегір қалыс қалды. Нәтижесінде Түркістан қазағын қосып алып, автономия жариялауға 1 ай мерзім берілді…Бірақ жағдай ауыр еді. Көзделген бір айда қосылу жайы сол күйінде өзгеріссіз қалды.Түркістан автономиясы амалсыздан жұмысын тоқтатты. II сиезінде қаулысы күшінде қалып, енді ресми қағаздарда «Алаш автономиясы» деп жазылатын болды. Тіпті осындай мөртабаны да мұрағаттардағы құжаттарда сақталған» («Тәуелсіздік және Алаш мұраты». Егемен Қазақстан газеті, 13 қыркүйек 2011 жыл). Хайретдин Алаш идеясы мен Түркістан бірлігін бөлек қарамады. «Алаш автономиясы» атты мақаласында: « Алаш автономиясы – неше миллион Алаш ұранды қазақ-қырғыз халқының ұлұғ арманы. Алаш аман болса, мұның көгеріп жарыққа шығуына күмән жоқ. Осы күні бостандық, теңдікке ұмтылған барлық жұрттарға қарсы шауып жатқан мынау қара күштің ғұмыры көктемдегі қысқа түндей шоп-шолақ. Алаштың бұл ұлұғ тілеуі болса, көктегі күн сөнбестей ұзақ», деп жазды («Бірлік туы» газеті, 1918 жыл, 7 наурыз). Түркістан автономиясы 1918 жылдың 11 ақпанында бәлшебектердің күшімен аяусыз талқандалып, қырғынға ұшырап тарап кеткен еді. Сонымен бірге біртұтас ұлттық автономия құрамыз деген Алаш идеясы да көздеген мұратына жетпей қалды.

Хайретдин қалай «табылды?»

Бір қызығы, Хайретдиннің артында ұрпақтары қалғанын Алаштанушы ғалымдар көпке дейін біле қоймаған. Оның тұңғышы мал дәрігерлер ғылымдарының кандидаты Ерік ұзақ уақыт Орталық комитетте ауыл шаруашылық бөлімінде істесе, қызы Гүлнәр Астананың дәл іргесіндегі Қорғалжын ауданы Сабынды ауылында көп жылдар мектеп директоры болған, Серігі ерте шетінеген, кенжелері Мұрат Ауыл шаруашылық министрлігінде жауапты қызмет атқарған. Өкінішке орай қазір осы асыл текті тұяқтан тек Мұраттың ғана көзі тірі, зейнетте, Астанада тұрады. Гүлнәр апамыз Елордадағы С.Сейфуллин атн. мұражайда Х.Болғанбайды еске алу шарасы өтіп жатқан кезде Дихан Хамзабекұлын өзі іздеп барып алғаш жолығысқан, танысқан. Хайретдиннің мұрасын жинақтау ісі сол кезден бастап қарқын алса керек. Өйткені, осы кездесуден кейін, Диханның қамқорлығымен, Гүлнәр Хайретдинқызы мұрағаттардан әкесінің мұраларын жинақтаған және 2005 жылы өз қаржысына «Парасат әлемі» баспасынан «Хайретдин Болғанбаев. Шығармалары тағылымы» деген атпен кітап шығарған. Екінші кітап Д.Қамзабекұлының құрастырумен «Иман күші» атпен «Арыс» баспасынан 2009 жылы жарық көрді. Аталған кітаптарда Алаш арысының шығармалары мен ол туралы естеліктер, зерттеу материалдары енгізілген. Әрине, Х.Болғанбайдың жеке тұлғасы мен еңбегі осымен толыққанды зерттеліп болды деп айтуға әлі ерте. Оның өмірбаянында әзірге көпшіліке беймәлім ақтаңдақ беттері бар. Сондай-ақ кей ғалымдардың ол туралы зерттеулерінде қайшылықтар да кездеседі.
Қазаққа қадірлі ұлжанды азамат,белгілі Алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың СССР Халық комиссарлары Советі жанындағы ОГПУ-дың 1930 жылы 4 сәуірдегі тергеу қаулысына(«он төрттің ісі»), соның негізінде 1988 жылы Қазақ ССР Жоғары Сотының алқа мәжілісінің Алаш арыстарын ақтау туралы шешіміне сүйене отырып жазған еңбегінде (Бес арыс.Алматы: Жалын, 1993,173 бет): «…1921 жылы Орынбор қаласында контрреволюциялық ұйым құрып, Орта Азиядағы пантюркистік ұйымның бастығы Валидовпен байланыс жасағаны үшін; Далаға барып қарулы көтерліс ұйымдастыру туралы жиналыс өткізгені және далаға сіңіп кетуге дайындалғаны үшін; 1927 жылы ВКП(б) Қазақ өлкелік комитетінің секретары Голощекинге қастандық әрекет жасауға тырысқаны үшін…» тоғыз адам – А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Есполұлы, Ғ.Бірімжанұлы, Х.Ғаббасұлы, Ж.Аймауытұлы, Д.Әділұлы, Х.Болғанбай, А-С Юсупұлы ату жазасына кесіліп, алдыңғы төртеудің ісі қайта қаралып, он жылға бас еркінен айыруға ауыстырылып, соңғы бесеудің атылып кеткені айтылады. (Аталған тоғыздан басқа тағы бес адам – М.Жұмабайұлы, Е.Омарұлы, Д.Битілеуұлы, А.Байтасұлы, К.Жәленұлы әрқайсы 5-10 жылға концлагерлерге айдалған-авт.) Көріп отырсыздар, атылғандардың тізімінде Хайретдин Болғанбайдың да есімі жүр. Бірақ, Гүлнәр апайдың жоғарыда аты аталған кітапта әкесінің алғаш ұсталғанда тірі қалғанын, бірақ жер аударылғанын айтады: «Әкем екі рет репрессияға ұшырады:1930 және 1937 жылы. Бірінші рет этаппен Қиыр Сібірге жер аударды, екінші ретінде атылды» дейді. Гүлнәр Болғанбайқызы осы естелігінде шешесі Рахима, аға-інісі Ерік пен Серік, өзі, шешесінің немере інісі Нүкіш бесеуі 1930 жылы жазда Архангельскіде айдауда жүрген әкесін іздеп барып қайта табысқандарын, сол жақта ауырып Серіктің қайтыс болғанын, 1932 жылы інісі Мұраттың дүниеге келгенін, сосын 1934 жылы көктемде Хайретдиннің «айыпталу» мерзімі бітіп, елге оралғандарын айтады. Әлбетте, біз бұл жерде Гүлнәр апайдың, болмаса белгілі ғалым Тұрсын Жұртбайдың келтірген деректерінің қайсыбірінің дұрыс-бұрыстығын кесіп айта алмаймыз, оған хақымыз да жоқ. Дегенмен, осы оқиғаларды көзімен көрген Гүлнәр Хайретдинқызының әкесі туралы естелікті бұрмалап отыр деуге еш негіз жоқ. Сондай-ақ, кейінгі зерттеушілер де Х.Болғанбай 1930 жыл емес, 1937 жылы атылған деген пікірді ұстанады.

Жігіт жақсысы – нағашыдан

Енді мынаған назар аударыңыз: Гүлнәр әжеміздің әкесі көрнекті қоғам қайраткері, журналист, әдебиетші, Алаштың даңқты азаматы Хайретдин болғанда, шешесі Рахима да текті жердің қызы. Рахима – әз Тәуке ханның ұрпағы, кешегі Ақмола дуанын билеген Құдаймендінің баласы Қоңырқұлжаның ұлы Абылай мен Шоқан Уәлихановтың тете-қарындасы Бәдіғұлдан туған Мәстураның қызы. Әкесі Әкпар (шешесі қазақ Балқымбайдың қызы Тәуірбала) батысында Ресеймен, Шығысында Орталық Азия мемлекеттерімен қызу сауда жүргізген Ақмола өңірінің атақты көпесі Халфин Уәлидің ұлы. Сонда Рахима апамыз әз Тәуке ханның ұрпағы Абылайға жиен болып шығады.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталып Тұяқ Кәмелұлы әскерден аман-есен оралған соң 1946 жылы Гүлнәр Хайретдинқызымен шаңырақ көтереді. Содан жаңадан қосылған екі жас соғыстан кейінгі өмірдің барлық ауыртпалықтарын көтеріп жүріп, жеті бала тәрбилеп өсіреді, екеуі де ұзақ жылдар білім беру саласында қызмет етеді. Әрине, «халық жауының» қызына үйленген Тұяққа өкімет тарапынан, жекелеген «шолақ белсенділерден» түртпек аз болмады.Тіпті, соғыс уағынан кейінгі ел тұрмысының ауыртпашылығына қарамай, Ақмола облысы Қорғалжын ауданындағы Сабынды ауылында өзі бас болып жанталасып жүріп аштырған алғаш мектептің директорлық қызметінен де сол себепті  шығартып жіберуінің өзі, осы зорлық саясаттың кесірі еді. Осындай әділетсіздіктердің кесірінен бе, Тұяқ Кәмеліұлының жүрегі аурушаң болып, өмірден ерте озды.
Гүлнәр шешей де тіршіліктің тауқыметін аз тартпады. Адал жарынан 37 жасында айырылып, балаларының барлық тәлім-тәрбиесін бір өзі көтерген. Қазір олар өмірдің әр саласында қызмет етіп, ел дамуына өз үлестерін қосып жатыр. Әділеттіліктің орнағаны да, кейіннен Сабынды ауылында Тұяқ Кәмелұлының атына көше берілді, Гүлнәр Хайретдинқызы Ленин орденін иеленді, Целиноград облыстық халық кеңесінің депутаты атанды, Қаз.ССР және КСРО-ның еңбек сіңірген ұстазы болды, КСРО-ның 15 сиезіне делегат болып барды, есімі ауылдық мектептің ескерткіш тақтасына жазылды.
Осы мақаланы жазуға себеп болған Достық Тұяқұлы еңбек жолын әке-шешесінің тері сіңіп, құрметі өткен Сабынды ауылында жүк өлшеушіден бастап,экономист, бас экономист қызметтерінен бастап, Қорғалжын, Теңіз аудандарының комсомол комитеттерінде бірқатар жауапты қызметтер атқарған. Кейін Атбасар ауданында партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, ауданның бас экономисті, монополияға қарсы комитеттің бөлім бастығы, 2000-2007 жылдар аралығында Қаржы министрлігінің Салық комитетінде жұмыс атқарған. Бүгінде Қарағанды облысы Шахтинск қаласы әкімінің орынбасары болып еңбек етіп жатыр. Жұбайы Роза Қияшқызы «Коммеск-Өмір» сақтандыру компаниясында бас бухгалтер. Қыздары Әсел «Астана НПЦ-зем»-де маман, ұлдары Бауыржан – заңгер. Күйеубалалары Берік программист, екі жиен сүйіп отыр.

Дәулетқали АСАУОВ,
Қарағанды.