Д.ҚОНАЕВ АТЫНДАҒЫ ЖАЛПЫ ОРТА МЕКТЕПТІҢ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТТІ

82
0

Шымкент қаласында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев атындағы жаңа мектептің тұсауы кесілді. Жаңа білім нысанының салтанатты ашылу рәсіміне қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева, Қонаев атындағы халықаралық қордың вице-президенті Шатырхан Керімбеков, ардагерлер, белсенді азаматтар қатысты.
Нұрсәт шағынауданында орналасқан жекеменшік мектептің құрылысы былтыр наурыз айында басталып, желтоқсан айында аяқталды. Мектеп кәсіпкер Низамхан Сулаймановтың демеушілігімен салынған.
Қала мәслихатының төрағасы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың еліміздің тарихында алар орны ерекше екенін атап өтіп, осы мектепте білім алатын шәкірттер елге, ұлтқа қызмет ете беруіне тілектестігін жеткізді.
– Мінекей, мектептің тарихы бүгіннен басталып жатыр. Ұлағатты ұстаздардың талапты шәкірттерге білім беруіне барлық жағдай жасалып отыр. Шымкент қаласының білім саласында жетістіктер көп. Оқушылар республикада ғана емес, халықаралық Олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып жүр. Осында оқитын шәкірттердің жолы ашық болсын. Еліміздің саналы, елін, жерін сүйетін патриот болып, білімнің биік шыңына шыға беріңіздер, – деді қала мәслихатының төрағасы.
Заманауи және типтік үлгідегі 3500 орынға лайықталған білім нысанында балалар бір ауысымда білім алып, қалған бос уақыттарында пәндік, спорттық және өнер үйірмелеріне қатысуына қажетті жағдай жасалған. Жалпы 21 үйірме жұмыс істейді. Сонымен қатар, 1-6 сынып оқушылары үш мезгіл тегін тамақпен қамтылған.
Іс-шара барысында көпшілік жаңа мектептің кабинеттерін аралап, мүмкіндіктерімен танысты.