Контрабандамен күрескен маман құрылысқа келді

366
0
Тұманбек Әлиев

Тұманбек Әлиев

Тұманбек Әлиев тұрғысында «Уақыт» газеті аз қаузаған жоқ. Басқа басылымдар да шама-шарықтарынша оның керемет жылдамдықпен биліктің биік баспалдағына қалай қөтерілгеніне өздерінше тон пішіп, жорамал жасап жатысты. Тон демекші, бір кездері Тұманбек Әлиев «ТОН» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болған. Облысқа Асқар Мырзахметов әкім болып қалай келді, Тұмекеңнің де тасы өрге домалай бастады. Алдымен Жаңаталапқа, сонан кейін Ақсукентке ауыл әкімі болды да, бір күні бәрімізді таң-тамаша қалдырып, Қазығұрт ауданының әкімдігіне бір-ақ көтерілді. Сүйеушісі мықты Сүйінбайұлының ол қарғуы – қарғу ма, облыстық құрылыс басқармасының бастығы болғанын естігенімізде, есімізден танып қалмасақ та, оған жақын болғанымызды несіне жасырайық.

Жаңаталапта жаман жұмыс жүргізген жоқ. Алдымен алқа-салқасы шыққан әкімдік үйін әп-әйдік жөндеуден өткізді. Біз Тұмекеңнің құрылысқа бір табан жақын екенін сонда-ақ білгенбіз. Ал, Ақсукенттегі тірлігінің түсініксіз болғаны сонша, бес жылдан бері 4504 адам әлі күнге қолдарында шешім бола тұра, жерге қолдары жетпей, мыңдаған адамдардың тағдырлары тәлкекке түсті. Сол кездегі ауыл әкімі Тұманбек Әлиев пен ол кеткен соң ауыл әкімінің міндетін атқарған Мұхтар Төледияров екеуі жер кезегіне тұрған 4504 адамға шешімді қандай негізге сүйеніп берді, жер сызбасы үшін 9500 теңгені не себеппен жинатты, бұл жағы бізге беймәлім, Мәлімі, 4504 адамға берілмек болған жерлер 150-ге жуық шаруа қожалықтарының 49 жылға алған жерлері болып, мұның соңы қалай дау-дамайға ұласқанын жақсы білеміз. Сол дау әлі күнге жалғасып келеді, прокуратура, өңіраралық жер инспекциясы берілген шешімдерді заңсыз деп тапты. Құқықтары тапталған тұрғындардың обал-сауаптарынан қорықпаған жандардың қылшықтары қисайған жоқ. Ауыл әкімі аппаратындағы жер инспекторы мен Мұхтар Төледияровтың жеңіл-желпі жаза арқалағандары болмаса. Өзге біреулердің жерін өзгелерге таратып бермек болған жандар нені көкседі, сызба үшін жиылған қаржы кімнің қалтасында кетті? Бұл сауалдарға күндердің күнінде жауап табылары анық.
Қазығұртта да қарық қылғаны шамалы Тұманбек Әлиев облыстың бас құрылысшысы болып тағайындалғанда «әттеген-ай» дестік. «Болт бұрайтын маман қолына қалақ алды» дейтін материалымыз да сол кездері жарияланған. «Мен өз саламның маманымын, пәлен-түген оқу орындарын бітіргенмін» деген Тұмекеңнің жауабын алып, арқа-жарқа болғанымыз бар. Бұл жерде Тұманбек Әлиевтің кінәсі де жоқ шығар, себебі оны қояр да қоймай осы орынтаққа алып келген облыс әкімінің өзі болуы да ықтимал ғой. Онсыз да кез-келген басқармаға ол саланы жетік білмесе де, өзіне ыңғайлы кадрларды тықпыштау Асқар Исабекұлы үшін түк те емес. Оны көріп те, сезіп те жүрміз емес пе? Ал енді көңіліміз көншитін болды. Асқар Мырзахметов көзін шарт жұмып, тағы бір жүріс жасады. Облыстың құрылыс басқармасын енді Тұманбек Әлиев емес, кешегі конртабандамен күрес басқармасының бастығы басқарады. Жылайсыз ба, күлесіз бе, өзіңіз білесіз. Жылан жылы есігімізден жорғалап кірісімен облыс әкімі Тұманбек Әлиевті орнынан босатып, орнына Еркебұлан Әбілханұлы Дауылбаевты тағайындады. Ол 1978 жылы туылған. Мамандығы – экономист, заңгер, кеден ісі. Көріп түрғаныңыздай, құрылысқа үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Еңбек жолын 1993 жылы ОҚО бойынша Бас кедендік басқармасы кеден шекарасын қорғау бөлімінің инспекторлығынан бастаған Еркебұлан Дауылбаев 2002-2009 жылдары ОҚО бойынша Бас кедендік басқармасы Әкімшілік құқық бұзушылықпен және контрабандаға қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы, кедендік бақылау департаменті кеден ісі саласындағы қылмыстармен және құқық бұзушылықтармен күрес бөлімінің бас маманы, контрабандаға қарсы күрес басқармасының әкімшілік құқық бұзушылықтармен күрес бөлімінің бастығы, контрабандаға қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары, 2010-2012 жылдары ОҚО мемлекеттік сәулет құрылыс-бақылау басқармасы лицензиялау бөлімінің бастығы, ОҚО құрылыс басқармасы бастығының орынбасары, 2012 жылғы сәуір айынан бастап ОҚО бойынша кедендік бақылау департаменті контрабандамен күрес басқармасының бастығы болып еңбек етіпті.
«Тауық сойса да, қасап сойсын» деген-ді біз емес, ертеректе аталарымыз айтып кетсе керек. Онсыз да бетімен кеткен білім басқармасына экономист Елшиеваны апарып бір ұтылған Асқар Исабекұлы болт бұрайтын маманның қолына қалақ ұстатып, екі ұтылды. Басшы құтаймай қойған кәсіпкерлікті дамыту басқармасына бесінші басшы барды. Тұманбек Әлиев басқа жұмысқа ауысуына байланысты «майшелпек» басқармадан неге кетті, кім кетірді? Бұл Сүйінбайұлының өзі мен «сүйенішіне» ғана аян. Әйтсе де Әлиев ғайыптан-тайып, денсаулық сақтау басқармасын басқаруға барып жатса, оған да таңқалмаймыз. Шымкентте бәрі де мүмкін. Кадрларды қолғапша ауыстыру бойынша Асқар Мырзахметовтың аты-жөні тарихта қалары анық. Еңбегінің бағасын да кейінгі ұрпақ берері сөзсіз.