Айтылған сөз — атылған оқ

Бұл оқиға 2011 жылы болған еді. Сайрам ауданының журналистері мерекемізді тойлап жатқанбыз. Бізді құттықтауға аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары келді. Мерекенің салтанатты ашылуында құттықтау сөз сөйледі. Дауысын ырғақты бастап, құлпырта сөйлеп келе жатқан әкімнің орынбасары сөз арасында: «С.Сейфуллин айтқандай, «Газет — халықтың көзі һәм құлағы» — дегенде көпшілік арасынан мырс-мырс күліп, жарылуға шақ қалғандар аз болмады. Кейбірі:«білмеген соң айтпай-ақ қойғаны дұрыс еді» деп кейіп жатты. Не десе де «Айтылған сөз — атылған оқ». Адамның сөз саптауы, мәдениеті оның білім, біліктілігінің айнасы екенін қазақтан артық кім біліпті. Сондықтан да «Өнер алды қызыл тіл» демейді ме?!
Жақында өзімнің сүйікті газетім «Уақыттан» облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Г.Тағаеваның берген сұхбатын оқыдым. Тым жақсы екен. Әсіресе, сауал қоюшыдан жауап берушінің жауаптары өткір әрі ойлы, нақты. Ойланып қалдым. Шынында Гүлмира Тағаева әпкеміз осындай адам ба? Елдің айтуынша, ол кісі облыстық көлемдегі басшылық орындарда бұрын жұмыс жасамаған, яғни тыңнан келіп қосылған жаңа кадр екен. Өзі айтқандай, «жүрегі нәзік журналистер қауымымен» тіл табысып, олардың тұрмыстық жағдайын түзетуіне жәрдемін беретін болса, онда біздің облыстағы БАҚ-тың төбесі көкке жеткендей болар еді. Байқап қарасаңыз, облыста БАҚ жетерлік. Қалтасын қампитқан, марапат пен мадаққа белшесінен батқан газеттің сауатсыз бас редакторлары туралы айтпай-ақ қояйын. Өйткені биліктің басқан ізін аңдып, халықтың емес қара басының қамын күйттеп, билікті оң жамбасына алған соң, баюды мақсат еткен, тек құлқынның құлы болған олардың жағдайы сөз етуге тұрарлық мәселе емес. Негізгі мәселе, қолына қалам ұстап, сөз киесін ұрттап жүрген сол газеттердегі қарапайым журналистер жағдайы. «Қойшы көбейсе, кой арам қатар» емес пе, қазіргі таңда сөз ұғар да, ұқпас та, тіпті атын дұрыс жаза алмаса да, менеджерлік қабілеті барлар өзін кеудесін қағып, «журналистпін» деп таныстырады. Мұны айтып отырғандағы себебім, облыстан шығатын әр басылымды қатаң қадағалап, бақылайтын «сырт көз сыншының болмауы», билікті есіктегі құлға бергенмен бірдей етіп жібергені жаныма қатты батады. Билік қорқытқанын сыйлаған соң, есер де естінің басына шығып жатыр.

Ж.ДӘРМЕН,
Шымкент қаласының тұрғыны.