ЖАТ ҚЫЛЫҚ, ТЕРІС ӘРЕКЕТПЕН КҮРЕС КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСПЕУІ КЕРЕК

4409
0

Қазіргі таңда қоғам алдында кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау, құқықтық сауаттылықты арттыру, заңсыз іс-әрекеттер жасаудан қорғау, жас ұрпаққа заңға бағынушы азамат ретінде құқықтық тәлім-тәрбие беру сынды жауапты міндеттер тұр. Өз кезегінде, аталған бағытта жүзеге асып жатқан шаралар да аз емес. Әсіресе, қоғамның өзекті түйткіліне айналған құмар ойындары, темекіге тәуелділік, ащы суға әуестік сынды күрмеуі қатты мәселелермен күрес бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келе жатыр. Бүгінгі тақырыбымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз.

Жасыратыны жоқ, бүгінгі күні қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Осы орайда, Түркістан қалалық білім бөліміне қарасты Ғани Мұратбаев атындағы №5 жалпы білім беретін мектебінде кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын зорлық-зомбылықтың, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын-алу, топтық төбелесті болдырмау, суицид, лудомания, нашақорлық, темекі, алкогольға тәуелділік, ерте жүктіліктің алдын алу мақсатында профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жиынға директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Оразқұлова Жәмила, Жүзжасарова Гүлмира, мектеп психологі Шамухамедова Феруза, Түркістан қаласы «Игілік ата» мешітінің имамы Талғат Сәкенұлы, Түркістан ҚПБ ЖПҚ ЮПТ-ның УПИ полиция аға лейтенанты Сансызбаев Аян Батырханұлы қатысып, 8-9 сынып оқушыларына түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Мектеп психологі Шамухамедова Ферузаның пікірінше, темекі шегетіндерді жиі көреміз. Десе де сол шылымға тәуелділер оның зияны турасында кеңінен біле бермейді. Темекі шегу барысында оның жартысы жанып кетеді, жұтылатын түтіннің құрамында никотин, көміртек тұтығы, синил қышқылының бөліктері және басқа да сол сияқты химиялық заттар бар. Оның ішінде ең улысы – никотин, оның уы ағзаға еніп, әуелі тітіркендіреді, одан соң жүйке жүйесіне әсер етеді, қан тамырлары тарылып, сілемейлі қабаты зақымданады. Егер де никотин көп мөлшерде ағзаға енсе, дене тырысып өліп кетуі мүмкін. Никотин ағзаға бірден емес, шамалап енеді, сондықтан да, шылым шегуші қатты уланбайды. Ол біртіндеп болады. Ас қорыту жүйесінің, жүрек-қан тамыры аурулары, қатерлі ісіктер болуы мүмкін. Неғұрлым шылымның сапасы төмен болған сайын, соғұрлым оның құрамында никотин көп болады. Темекінің түтінінде өте улы зат — никотин бар. Шылым шеккенде адам ауамен бірге темекінің де түтінін де жұтады. Бұл түтіннің ішінде улы газ, шаң, күйе болады. Шылымның күніне 20-сын тартқан адам 90 милиграмм никотин жұтады. Темекі — заңды түрде қолдануға болатын есірткі түрі. Темекі жапырағында танин, желім, шайыр, крахмал және алколоидер бар өсімдік. Темекі түтінінде 30-дан астам улы заттар бар. Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Жасыратыны жоқ, бүгінде мектеп жасындағы балалар шылым шегуге әуес келеді. Оның бастапқыда дәмін татса, кейінірек, ермекке шегеді. Міне, осылайша уақыт өте келе тәуелді болып шыға келеді. Сондықтан ата-аналар мен ұстаздар мұндай теріс әдетті бойға жинамауға кеңес беріп, бұл әрекеттен аулақ болуға шақырғаны жөн.

Бұдан кейін сөз алған «Игілік ата» мешітінің имамы Талғат Сәкенұлы алкогольді сусындардың асыл дінімізде теріс әдет саналатынын тілге тиек етті. Дін өкілі өз сөзінде «Адам жас кезде албырттықпен, қызығушылықпен түрлі іс-әрекеттерге барып жатады. Адамның табиғаты сол не нәрсеге тыйым салса, соған қарай ұмтылады. Сол сияқты арақ пен есірткінің зиянын қаншалықты айтсаң да соған ұмтылып тұрады. Дегенмен де оның алдын алу, күресу мүлде тоқтамауы тиіс. Діни тұрғыдан болсын, медициналық тұрғыдан болсын оның зияны өте үлкен. Ислам дінінде адам денсаулығына зиян тигізетін, өмірге, айналаға, ортаға жалпы қоғамға қауіп төндіретін нәрселерді пайдалану — харам болып саналады. Бұл туралы Құран Кәрімнің «Маида» сүресінің 90-91-ші аяттарында «Ей, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұтқа табыну, оқпен бал ашу, бәсекелесу — шайтанның арбауынан болатын дүниелер. Бақытты болам десеңдер бұлардан аулақ болыңдар. Шайтан сіздердің араларыңызды жауластыру, өзара өштестіру үшін арақ пен құмар ойындарын қолданады. Осы арқылы намаз оқуларыңа бөгет жасап, тәңірлеріңді естеріңнен шығаруға тырысады. Құмар ойнау мен арақтан сонда да безбейсіңдер ме…» делінген. Бұл аяттарда Алла Тағала құмар ойнау мен адамның ақыл-ойын тұмандататын есірткі, ішімдіктерді пайдалануға тиым салып, олардың харам екендігін және шайтанның лас істерінен екенін ашық айтып, ескертіп отыр» дей келе, ішімдікке әуестік жастардың болашағына балта шабатынын түсіндірді. Яғни арақ-шарап адамды тәуелді етумен қоймай, уақыт өте келе ұсақ бұзақылыққа баруына ықпал етуі мүмкін. Ал мектеп жылдарында қызығушылықпен бір дәмін татқан баланың одан алыстай қоюы екіталай. Ал елімізде алкогольға тәуелділер саны көп. Олардың көпшілігі отбасынан безіп, далада қалған. Сондықтан да мешіт имамы теріс әрекеттерден аулақ болу керегін бас сөз етті.

Сонымен қатар директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Оразқұлова Жәмила балалар арасында болатын әлімжеттік, күш көрсету, ақша жинау сынды жат қылықтардан бойды аулақ ұстау керек екенін тілге тиек етті. Бұдан бөлек, оңы мен солы қалыптаспаған балалардың темекі мен араққа әуестігінің ақыры орны толмас өкінішке ұрындыру мүмкін екенін ескертті. Өз сөзінде «Балалар, яғни сіздер – біздің болашағымызсыздар. Сіздер бүгін жат қылық пен теріс әрекетке әуес болсаңыздар, ертеңгі қоғам кері кетеді. Сондықтан салауатты өмір салтын ұстанып, бүгін айтылған кеңестерді естен шығармаңыздар. Араларыңызда темекі мен алкогольді тұтынатындар болса, дереу бізге хабар беріңіздер. Солай ғана біз болашағымызды жарқын ете аламыз» деп атап өтті директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Жиын соңында жастар көкейін тескен сауалдарын қойып, сала мамандарынан нақты да тұшымды жауаптарын алды.