АТА-АНАЛАР ҚАТЫСУЫМЕН ӨТКЕН ЖИЫНДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ

4565
0

Міне, оқу жылы да аяқталып қалды. Енді елімізде мыңдаған оқушы жазғы демалысқа шығады. Демек алдағы уақытта ата-аналарға артылар жүк ауыр болмақ. Өйткені демалыс уақытында ұл-қызының қауіпсіздігі, түрлі мәселелерге ұрынбауына тікелей ата-ана жауапты болмақ. Осы тұста, ата-аналар оқушыларды қандай қауіптер күтіп тұруы мүмкін екенін біле ме деген заңды сауал туындайды? Әрине, баршаның білмесі анық. Сондықтан білім ордаларында арнайы жиындар өткізіліп, балалардың қауіпсіздігі турасында кеңінен ақпарат берілуде. Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты тарқата баяндамақпыз…

Жуырда Түркістан қаласы білім бөліміне қарасты Хамза атындағы №2 жалпы білім беретін мектебінде «Бала қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс» тақырыбында 2023-2024 жылдың қорытынды есебі берілген мектепішілік жалпы ата-аналар жиналысы өтті. Онда мектептің ата-аналар комитетінің төрағасы Азиз Бабаханұлы Байқозиев күн тәртібіндегі мәселелермен ата-аналарды таныстырып, жиналысты жүргізіп отырды. Бірінші мәселе бойынша директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Дилрабо Зайнитдинова 2023-2024 оқу жылының білім сапасының қорытындысы бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, биылғы мектеп бітіруші түлектерден  5 оқушы «Алтын белгі», 10 оқушы «Үздік» аттестатқа  үміткер. Өз сөзінде педагог оқу саласындағы жетістіктерді, атап айтқанда, қалалық, облыстық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздарын, ғылыми жоба байқауының жеңімпаздарын, Республикалық лингвистикалық олимпиаданың қалалық  және облыстық кезеңнің жеңімпаздарын, сонымен қатар спорт саласында жетістікке жеткен шәкірттер туралы да баяндап өтті. Екінші мәселе бойынша 2023-2024 оқу жылында жүргізілген тәрбие жұмыстары мен жетістіктері туралы директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Зулфия Гафурова мәлімдеме жасады. Сыныптан тыс өткізіліп жатқан мәдени іс-шаралар мен қалалық түрлі байқаулар оқушылардың өнерге деген құлшынысын арттырып, таланттарын шыңдап, мектепті жетістіктерге жетелеп, әрдайым биіктерден көрінуіне айқара жол ашып келе жатқанын айта келе, білім ордасының қалалық  мектеп оқушылары арасында өткен дәстүрлі  өнер фестивалінде «Үздіксіз жеңімпаз» марапатын иеленгенін мәлімдеді. Сондай-ақ биылғы оқу жылында қатысқан байқауларға тоқталып, жүлделі орындарын атап айтты. 2024-2025 оқу жылындағы мектеп формасының үлгісімен таныстырды. Ал директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Абдухан Мамедов «Бала өмірінің қауіпсіздігін сақтау — басты міндетіміз» тақырыбында слайд арқылы ата-аналарға жолда жүру ережесі, техника қауіпсізді, өрт қауіпсіздігі мен су қауіпсіздігі туралы түсіндірме жұмысын жүргізді. Жазғы лагерді ұйымдастыру  туралы мәлімет берілді.

Түркістан ҚПБ-ның ЖПҚ ЮПТ УПИ полиция майоры, мектеп инспекторы Қуаныш Алибаевич Қойлыбеков  ата-аналарға жазғы демалыс кезінде балалардың өмір қауіпсіздігін сақтауды, құқық бұзушылыққа жол бермеуді, оларды қадағалаусыз-қараусыз қалдырмауды, кешкі уақытта 22:00-ден таңғы сағат 6:00-ге дейін көшеде, кафеде, компьютер ойындарына, түнгі клубтарға, дискотекаға жібермеуді қатаң ескертті. Сонымен қатар қазіргі уақытта балалар арасында кең етек алып келе жатқан алкоголь мен темекіге әуестік сынды мәселелердің барын айтты. Өз сөзінде «Алкоголь мен темекінің балаларға зияны шаш-етектен. Алғашқысы балалардың бұзақылық жасауына, алаяқтыққа баруына, сонымен қатар құқық бұзуына себепші болуы мүмкін. Сондықтан жазғы демалыс уақытында балаларыңыздың неге әуестенетінін, интернеттен нені көретінін, неге ақша жұмсайтынын бақылап отыруға кеңес беремін. Қазіргі уақытта балалардың көретін контентін бақылайтын түрлі қосымшалар бар. Соларды пайдаланыңыздар. Зиянды әдеттерге әуес болмасын. Бұл – жастардың болашағына балта шабады» деп атап өтті.

Жиналыс соңында мектеп директоры Дильбар Абдуразаққызы Дийметова «Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген Бауыржан Момышұлының сөзін тілге тиек ете отырып, ата-аналарға жаңа оқу жылында балаларын бірыңғай мектеп формасында жіберуді, ұл балалардың шаш үлгілерін талапқа сай қысқарту, қыз балалардың шашын әр түрлі түске боямауын, қысқа ашық-шашық киімдерді кигізбеуін өтінді. Сондай-ақ жоғары сынып оқушылары өз беттерінше саяхат ұйымдастырып, автобус, автокөліктер жалдап, таулы жерлерге серуендеуге баруына қатаң тыйым салынғанын түсіндіріп өтті. Жиналыс барысында «Мектеп жетістіктері», «Жазғы демалыс кезінде балалардың өмір қауіпсіздігі» тақырыбындағы бейнероликтер көрсетілді. Жиналыстың қорытынды бөлімінде  ата-аналар атынан  Сапарова  Мақсуда сөз алып, жыл бойы атқарылған жұмыстарға  оң бағасын беріп, мектеп ұжымына  алғыстарын жеткізді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта темекі мен алкогольді сусындарға әуес балалар көбейіп барады. Денсаулыққа зиянды факторлар – алкоголизм мен шылым шегу туралы көп айтылды және айтылып та жүр. Алкоголь мен никотин «мәдени» улар деп аталады. Дәл осы «мәдени» улар еңбек ұжымдарында, отбасыларда көптеген қиыншылықтар мен қасірет әкеледі. Зиянды әдеттердің салдарынан өмір сүру ұзақтығы қысқарып, халықтың өлім-жітім көрсеткіші артып, ауру ұрпақ дүниеге келеді. Зиянды әдеттермен күресудің басты «қаруы» – ақпарат беру. Әрбір адам олардың адам ағзасына келтіретін зияны туралы білуі керек. Сондықтан да жыл басынан бері мектеп оқушыларының қатысуымен түрлі түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келе жатыр. Күні бүгінге дейін Түркістан қаласындағы көптеген білім ордалары мен орта арнаулы оқу орындарында жоғарыда атап өткен ақпараттық-насихаттық топтың қатысуымен жиналыстар өткізілді. Онда жас ұрпақты құрдымға тартатын күрделі мәселелердің алдын алу жолдары кеңінен түсіндірілді.