СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІ БОЙЫНША ІШКІ ТАЛДАУ ЖҮРГІЗІЛДІ

4435
0

Сыбайлас жемқорлық қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі саналады. Яғни мұндай құқықбұзушылық фактілерінің қоғамға тигізер зардабы орасан. Жеке бастың қамы үшін әлеуметтің мүддесін әрі ысырып қою деректері, өкінішке қарай, әлі де жиі кездесіп жатады. Сондықтан елімізде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, мұндай кеселді мәселелердің алдын алу бойынша бірқатар маңызды шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Бұл тұрғыдан келгенде Түркістан қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…

Бұған дейін, нақтырағы, ағымдағы жылдың 18 сәуірінде Түркістан қаласы әкімдігі «Ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу туралы» туралы бұйрығы шыққан болатын. Осы орайда, құрамына бөлім басшысы Ж.Тулепбергенов, бөлімнің сектор меңгерушісі М.Абуова, бас мамандар М.Серікбаев, М.Бейсембаева (бас маман — есепші), Б.Құрбан және Ә.Нұрман кіретін жұмыс тобы биылдың 5 сәуірі мен 21 мамыр аралығында бөлімнің 2023 жыл — 2024 жылдың мамыр айы аралығындағы қызметіне ішкі талдау жүргізді. Жұмыстар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл  агенттігі Төрағасының  2016 жылғы 19 қазандағы бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына сәйкес жүзеге асқан. Яғни жоғарыда аты аталған қағидалардың 8-тармағы негізінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдауда екі бағытқа басымдық берілген. Оның біріншісі — бөлімшенің қызметін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау болса, екіншісі — бөлімшенің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

Талдау нәтижесінде келісідей мәліметтер белгілі болған. Тарқатар болсақ, бөлімдегі жалпы қызметкерлер саны – 8. Оның ішінде Түркістан қаласы әкімдігінің қаулысы негізінде 6 штат бірлігі бекітілген. Оның ішінде 1 бөлім басшысы, 1 сектор меңгерушісі, 1 бас маман-есепші, 3 бас маман бар. Ал 1 хатшы мен 1 автокөлік жүргізушісі келісімшарт негізінде қызмет атқарады. Бөлім қызметі ҚР Конституциясына және өзге де заңдарына, ҚР Президенті мен Үкіметінің тиісті актілеріне, сонымен қатар өзге де нормативтік құқықтық актілерге, Түркістан қаласы әкімдігінің қаулысымен бекітілген бөлім ережесіне сәйкес жүргізілуде. Құрылтайшысы Түркістан қаласының әкімдігі саналатын Ішкі саясат бөлімі қалалық жастар саясаты мен ішкі саясат салаларына басшылық етеді. Қазіргі уақытта «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі атауымен ведомствосы бар. Тарихына келсек, Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 7 шілдесіндегі «Мемлекеттік жастар саясаты туралы Заңына» сәйкес, Түркістан қаласы әкімдігінің  2011 жылғы 12 тамызындағы №798 қаулысына сәйкес, Түркістан қаласы ішкі саясат бөлімінің «Жастар орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылған. Жастар орталығының негізгі мақсаты — жастар мен жастар ұйымдарын қолдау және дамыту үшін қызметтер көрсету, жастар бастамаларын ақпараттық-әдістемелік, консультациялық сүйемелдеу мен қолдау, жастар арасындағы  ахуалға мониторинг пен талдауды жүзеге асыру. Мекеме атауы 2015 жылы Түркістан қаласы әкімдігінің қаулысы негізінде Түркістан қаласы ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып өзгерген.

Бөлімге жеке және заңды тұлғалардан түскен жолданымдар, арыздар, шағымдар, өтініштер, сұрау салу мен хабарламалар ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің заң талаптарына сәйкес қаралады. Өткен жылы барлығы жеке тұлғадан 9 өтініш келіп түскен. Оның ішінде қайта бағытталған хаттардың саны — 1, мерзімі бұзылып қаралған хаттар саны – жоқ. Ағымдағы жылы жеке тұлғалардан — 3, заңды тұлғадан — 2 өтініш келіп түскен, қайта бағытталған хаттардың саны — 1, мерзімі бұзылып қаралған хаттар саны – жоқ. Халықпен байланысты нығайту әрі бөлім қызметінің сапасын арттыру мақсатында жеке және заңды тұлғалардан келген өтініштер объективтi, жан-жақты мәліметтердің анықтылығына, толықтығына және уақытылы ұсынылуына, қажет болған жағдайда олардың қатысуымен қарауды және автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде орындалуын қамтамасыз ету жауапкершілігін жүктеу туралы бөлімнің  бұйрығы қабылданып, таныстырылған. Қала берді, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қолға алынған шаралар да аз емес. Тарқата баяндасақ, бөлім басшысы әр аптаның сәрсенбі күні сағат 15:00-17:00 аралығында азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдайды. Түркістан облысы әкімі мен облыс әкім орынбасарларының және қала әкімінің хаттамалық тапсырмаларына мерзімінде мәліметтер беріліп, бөлімге тиісті тармақтары орындалған, бақылаудан алынған.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – Ішкі саясат бөлімі жұмысының басым бағыттарының бірі саналады. Сондықтан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, құқықбұзушылыққа қарсы қоғамдық мәдениетті, құқықтық сауатты арттыру бойынша материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарына жариялау бойынша арнайы медиа-жоспар бекітілген. Жоспарға сәйкес, сыбайлас жемқорлықты болдырмау және құқықтық сауатты арттыру туралы мақалалар жыл басынан бері баспасөз беттерінде 25 рет жарияланса, әлеуметтік желілерде 50-ден аса материал жарық көрген. Бөлім басшы мен қызметкерлерінің бұқаралық ақпарат құралдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбында 2 мақаласы жарық көргенін де айта кеткеніміз жөн. Бұдан бөлек, бөлімде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және алдын-алу туралы іс-шара жоспары бекітіліп, құқықтық оқулар өткізіледі.

Сонымен қатар Ішкі саясат бөліміндегі мемлекеттік қызметшілер мен келісімшарт негізінде жұмыс істейтін мамандар мен олардың ерлі-зайыптылары кірістер мен мүліктер туралы декларацияны өз уақытында тапсыру бойынша түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізіліп, бақылауға алынып келеді. Нәтижесінде өткен жылы барша қызметкерлер тиісті талаптар негізінде декларация тапсырған. Бұл ғана емес, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау, заңсыздықтың алдын алу бағытында да ауқымды жұмыстар қолға алынып, жүйелі түрде жүзеге асып келе жатыр.

Ішкі саясат бөліміне жүргізілген ішкі талдау нәтижесінде жұмыс тобы мынадай жұмыстарға басымдық беруді ұсыныс ретінде берді. Олар — бөлім қызметкерлері арасында бөлім басшысының қатысуымен ҚР Еңбек кодексінің, Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңдарының және Қағидаларының қағидаттары бойынша құқықтық оқытуларды тереңдетіп оқып-үйренуді ұйымдастырып, жұмыстарды жандандыру және талдау анықтамасын сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау субъектісінің бірінші басшысына таныстыру, кемшіліктерді жою шараларын атқару және болашақта болдырмау.