ТАҒЫ БІР МЕКЕМЕГЕ ІШКІ ТАЛДАУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

4344
0

Қоғам үшін кеселді мәселенің бірі – сыбайлас жемқорлық. Бүгінде бұл түйткіл елдің дамуына ауқымды кедергілерін келтіріп жатыр. Осы орайда, елімізде сыбайлас жемқорлықпен күрес шаралары қарқынды жүргізіліп келе жатыр. Пара беру, жеке бастың қамы үшін пара алу сынды өзекті мәселемен күреске бүгінгі күнде әкімдіктер де үлес қосып келеді. Мәселен, Түркістан қаласында ағымдағы жылдың 5 сәуірі мен 21 мамыр аралығында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілетін ішкі талдау жүргізу бойынша арнайы кесте бекітілген болатын. Аталған кестеге сәйкес, қалалық әкімдікке қарасты бөлімдерде талдау жұмыстары атқарылды. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз.

Осындай талдау жүргізілген бөлімдердің бірі – Түркістан қаласы әкімдігінің «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесі. Оны бөлім басшысының 2024 жылғы 19 наурызындағы «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу туралы» бұйрығына сәйкес, жұмыс құрамы жүргізді. Құрамына бөлім басшысының орынбасары Е.Қалдыбаев, бас маман Г.Касымова кірді. Жұмыстар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы №12 бұйрығымен бекітілген «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің» үлгілік қағидаларына сәйкес жүргізді. Талдау жүргізілген бағыттарға төмендегілер жатады. Олар — бөлімнің қала құрылысы және геоақпараттық жүйелер, сәулеттік жоспарлау секторларының қызметін қозғайтын нормативтік құқықтық актілерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және бөлімнің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау.

Талдау қорытындыларына келсек, бөлімнің штаттық құрылымында барлығы 23 қызметкер бар. Оның ішінде 10 мемлекеттік қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар жұмысты сапалы жүргізу және қызмет көрсету сапасын жоғарылату мақсатында 13 қызметкер келісімшарт негізінде жұмысқа қабылданған. Мұны ішінара тарқатсақ, 10 мемлекеттік қызметкердің ішінде 1 бөлім басшысы, 1 бөлім басшысының орынбасары, 2 сектор меңгерушісі, 6 бас маман бар. Келісімшарт негізінде құрылған жұмыс орындары бойынша 12 қызметкер жұмыс істеп жатыр. 1 орын бос тұр. Бөлімнің іс номенклатурасына сәйкес, 2 сала бойынша бұйрықтарды тіркеу көзделген. Олар — жеке құрам бойынша бұйрықтар және негізгі қызмет бойынша бұйрықтар. Бөлімде 2023-2024 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын түсіндіру, сыбайлас жемқорлықты болдырмау жөнінде 6 жиналыс өткізіліп, хаттамалары толтырылған. Сонымен қатар, бөлім қызметкерлерімен бұқаралық ақпарат құралдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбында 2 мақала жарияланған. Бөлімнің мемлекеттік қызметшілері мен келісімшарт негізінде жұмыс істейтін қызметкерлер мен олардың ерлі-зайыптыларының кірістер мен мүліктер туралы декларацияны уақытылы тапсыру туралы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, бақылау жүзеге асырылуда. 2023 жылдың қорытындысымен барлық мемлекеттік қызметшілер белгіленген мерзімде декларация тапсырған. Бөлімдегі мемлекеттік қызметшілер Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің «Ақпараттық серфисі» базасы бойынша тексеруден өткен, сотталғандар жоқ және айыппұл салынбаған. Мекеменің ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бағыты бойынша қызметкерлердің басшысымен мүдделер шиеленісі, теріс түсінік деректері анықталған жоқ.

Қала құрылысы және геоақпараттық жүйелер секторына келсек, мемлекеттік сатып алу талаптарын қатаң сақтап, заң аясында барша жұмыстар атқырып келе жатыр деуге негіз бар. Сектор қызметкерлерімен 2021-2023 және 2024 жылдың өткен кезеңінде жосықсыз қатысушы деп тану туралы мемлекеттік сатып алу жұмыстары бойынша «Анкара» ЖК сотқа берілген. Жалпы бөлім жұмысын барынша ашық әрі әділ жүргізіп келеді. Ішкі талдау жүргізілген мерзімде, нақтырағы, 2023-2024 жылдары мемлекеттік қызмет түрлері бойынша заңбұзушылықтар мен арыз-шағымдар тіркелмеген. Қызметкерлерге қойылар талап та қатаң. Мәселен, 2023-2024 жылдар аралығында мемлекеттік қызмет көрсету барысында «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу» қызметінің орындау мерзімін бұзғаны үшін жауапты маман Н.Айнабековке тәртіптік жаза қолданылған. Өзге деректер анықталып отырған жоқ.

Бөлімде жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштер заң талаптарына сай мерзімінде қаралып, орындалып жатыр деп нық сеніммен айтуға болады. Бөлімнің істер номенклатурасы 2024 жылы бекітілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да қалтқысыз орындалып келе жатыр. Нақтырағы, 2023-2024 жылы бөлім басшысымен азаматтарды жеке қабылдау кестесі бекітілген. Нәтижесінде 10 азамат жеке қабылдауда болған, атқарылған жұмыстар бойынша нәтижелер тыңдау хаттамасын түзе отырып, жауап хаттар өтініш иесіне тұрақты жолданған. Бөлімге жеке және заңды тұлғалардан 2023 жылы — 334, 2024 жылы — 62 өтініш келіп түскен. Осының негізінде жұмыстардың атқарылып жатқанын айрықша айта кеткен жөн.

Жоғарыда анықталғандарды қорыта келе ішкі талдау қорытындысымен Түркістан қаласы әкімдігінің «Сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлеріне жұмыс тобымен бірқатар ұсыныстар айтылды. Тарқатсақ, бөлім қызметкерлері арасында бөлім басшысының қатысуымен ҚР «Еңбек кодексі», ҚР-ның «Әкімшілік рәсімдік-процестік кодесі», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңдарының және Қағидаларының қағидаттары бойынша құқықтық оқытуларды тереңдетіп оқып-үйренуді ұйымдастырған жөн. Талдау анықтамасында көрсетілген барлық кемшіліктер мен заңсыздықтарды жойып, осы анықтаманы алған күннен 10 календарлық күн мерзімінде атқарылған жұмыстар туралы ақпаратты қала әкімдігінің ресми сайтында жариялау және жарияланбаған жағдайда бөлім басшысы дербес жауаптылықта болатындығы ескертілді. Сонымен қатар талдау жүргізу барысында іс қағаздарын рәсімдеу мәселелері бойынша әдістемелік көмек көрсетілді.

Жоғарыда атап өткеніміздей, «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы №12 бұйрығымен жүзеге асырылады. Ішкі талдау жүргізу арқылы мемлекеттік органдар мен ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері өз қызметіндегі нормативтік құқықтық актілердегі, сонымен қатар, ұйымдық-басқарушылық қызметтерінде кездесетін жемқорлық тәуекелдерін анықтауға мүмкіндіктері бар. Анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою немесе азайту арқылы ішкі талдау жүргізген субъект өзінің қызметіндегі әкімшілік кедергілер мен орын алуы мүмкін сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтардың алдын ала алады. Қазіргі кезге дейін кей мекемелер аталған ішкі талдау жұмыстарын сапасыз орындап, нәтижесінде сол мекеме қызметкерлері сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтарға бой алдырып жатады. Сондықтан, ішкі талдаудың басты мақсаты — сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және берілген өкілеттіктердің тәуекелдерін барынша азайту.