ТҮРКІСТАНДА ТҮЙТКІЛДІ ТҮЙІНДЕР ТАЛҚЫЛАНҒАН ШАРА ӨТТІ
Қазақстан – дамудың даңғыл жолына түскен мемлекет. Тәуелсіз ел ретінде жеткен жетістіктері де аз емес. Сонымен қатар өзінің түйткілді түйіндері де баршылық. Оның қатарына сыбайлас жемқорлық сынды әлеуметтік індетті жатқызуға болады. Бүгінде қазына қаржысын қара бастың қамына жұмсап, елдік мүддені ысырып қойып жатқандар кездесіп жатады. Олармен күрес жұмыстары да қарқын алған. Тіпті, елімізде аталған бағыттағы қылмыстық құқықбұзушылықтарға байланысты арнайы заң жобасы да бар. Осының негізінде соңғы жылдары мемлекеттік қызметшілерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. бұл ғана емес, сананы жаңғырту мақсатында жүзеге асып жатқан жұмыстар баршылық. Осы орайда, жуырда біз сөз еткен тақырып аясында Түркістан қаласында ауқымды шара өтті. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…
Ашып айтсақ, облыс орталығында елімізге белгілі Абайтанушы, сонымен қатар филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелдің қатысуымен облысқа қатысты аудандар мен қалалардың, басқармалардың мемлекеттік қызметшілеріне арналған кездесу өтті. Онда Абайтанушы жиынға қатысушыларға адалдық ұғымы мен сыбайлас жемқорлық түйткілдерінің алдын алу бойынша баяндама жасады. «Мемлекеттік қызметші – қоғам айнасы» тақырыбында ұйымдастырылған ауқымды шараға Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшылық құрамы, облысқа қарасты аудан-қалалар мен барлық басқармалардың және аумақтық департаменттердің басшылық құрамы мен мемлекеттік қызметшілері қатысты. Шара Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің бастамасымен және «Жалын» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асты. Бұл келелі кездесудің мақсаты — мемлекет мүддесі мен ел игілігі жолында қызмет ететін мемлекеттік қызметшілердің бойында әділдік, парасаттылық құндылықтарын берік қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілік мәдениетін нығайту. Жиын барысында сөз алған Омар Жәлелұлы мемлекеттік қызметтің мінберінде ант пен аманатқа адал болудың және Отанға шынайы қызмет етудің, сондай-ақ парасаттылық идеялогиясына бейім болудың маңыздылығын сөз етті. Сонымен қатар қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан дала даналары Абай мен Шәкәрімнің тағылымды ойларын ортаға тастап, таза еңбек пен ақылдың, ар мен намыстың, ой тазалығының мәнін ашып, мағынасын түсіндірді. Екі сағатқа созылған мақсатты кездесудің соңында жиынға қатысушылар сұрақ-жауап алмасып, өз ұсыныс-пікірлерін ашық ортаға салды.
Айта кету керек, елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында көптеген кешенді шаралар атқарылып жатыр. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кейінгі бес жылда мемлекет аграрилерді қолдау үшін екі триллион теңге бөлді. Осы уақыт ішінде аталған салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батуда. Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті, кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек» деп атап өткен болатын. Осы орайда, біз сөз еткен шараның күнгейде өтуінің өзі аса маңызды. Өйткені күнгейдегі жұртшылық ауыл шаруашылығы саласынан нәпақасын тауып отыр. Сондықтан да мұндай кеселді дүниелер орын алмауы керек. Қош делік, маңызды шара мемлекеттік қызметшілердің ойында сілкініс тудырып, тақырыптың қаншалықты өзекті екенін айқындады деген ойдамыз.