«ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУ ҮШІН САНАМЫЗ ӨЗГЕРУІ КЕРЕК»

34
0

2024 жылғы 2 қыркүйекте ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына Жолдауын жариялады. Осылайша, «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында бірқатар маңызды бағыттарға тоқталып, тиісті тапсырмаларды жүктеді. Бүгінде маңызды құжатта айтылған өзекті міндеттерді талқылау мен Жолдау жүктеген тапсырмаларды тарқатып түсіндіру жұмыстары қарқын алып келеді. Оның ішінде Шымкент қаласында бірқатар кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз.

Жуырда ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Сейітжан қари Есжанұлы атындағы үлкен мешітте қала имамдарымен кездесіп, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мәселелерін талқыға салды. Дін саласындағы мемлекеттік саясат, ұлттық идеология, ұрпақтар сабақтастығы жөнінде еркін форматта әңгімелесті. Басқосуда Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы міндеттер, оны іске асырудың тетіктері айтылды. Мәлік Отарбаев қазіргі жаһандану дәуірінде саналы ұрпақ тәрбиелеу, мемлекеттік саясат, қоғамдық сананы дамыту бағытында өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты. «Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстан, адал азамат қағидасын әрдайым айтып келеді. Әділетті Қазақстанды құру үшін санамыз өзгеруі керек. Қазіргі таңда ұлттық құндылықтарды насихаттап, тарихи сананы жаңғырту, жалпы мемлекетшілдік дәстүрді халыққа жеткізуіміз керек. Сіздер діни ғана емес, ұлттық идеология жолында да қызмет етіп келесіздер. Мемлекет басшысы айтқандай, біз озық ойлы ұлтқа айналуымыз қажет. Бүгінде қоғамдық мәдениетті дамыту, ұлттық бірлік пен ынтымақты сақтау — маңызды міндет» деді Мәлік Нұржанұлы. Сондай-ақ, жиында қоғамдық мәдениетті дамыту, ұрпақтар сабақтастығын жалғау, мемлекетшілдік дәстүрді жалғастыру мәселелері талқыға түсті. Бүгінде шаһарда бүгінде 94 мешіт жұмыс істейді. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізуде тиісті жұмыстар қолға алынғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Жолдауда «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Содан бері біршама жұмыс атқарылды. Вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр. Әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып жұмыла күресу қажет. Халқымыз қашанда кең пейілімен, толеранттылығымен ерекшеленген. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен, осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр. Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес. Әрине, мұндай жайттар ара-тұра кездеседі. Бірақ бұл көбіне жекелеген адамдардың сауатсыздығы мен жауапсыздығынан болып жатады. Құқық қорғау органдары әрдайым заң арқылы мұндай оқиғалардың жолын кеседі» деп атап өткен болатын. Осы орайда, ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті нығайту мақсатында қыруар істің атқарылып жатқаны белгілі. Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да белсенді түрде жалғасын таппақ.