ҚАЛА ӘКІМІ БОЗАРЫҚ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫНА БАРДЫ

295
0

«Экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз екені анық. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Ол үшін, ең алдымен, салық саясаты тұрақты болуға тиіс. Сонда бизнес те сапалы дамуға ынталы болады және жауапкершілікпен жұмыс істейді». 2 қыркүйек күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осылай деген болатын. Жалпы инвестициялық жайлы орта қалыптастыру мен шетелден қаржы тарту мәселесі бұған дейін де басты назарда болатын. Оның ішінде Шымкент қаласында соңғы жылдар ішінде атқарылған жұмыстардың қатары қалың. Бүгінде үшінші мегаполиске қаржы құюды қалайтын кәсіпкерлер саны артып келеді. Әрине, мұның артында еселі еңбегімен елдің дамуына еңбек сіңіріп келе жатқан қалалық әкімдіктің тұрғаны айдан анық. Қала басшысы Ғабит Сыздықбеков қазіргі уақытта атқарылып жатқан жұмыстарды қатаң бақылап, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатыр.

Қалың оқырманның жадында болса, осы  жылдың  тамыз айында Шымкентте Орталық Азиядағы ең ірі қызанақ өсіруге арналған жылыжай кешенінің құрылысын бастау туралы шешім қабылданған болатын. Осы орайла, бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков “Бозарық” индустриялық аймағында болып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Қазіргі таңда инвестор жер жұмыстарын жүргізіп жатыр, кезең-кезеңімен бетон құю мен болат конструкцияларын монтаждауға кіріседі. Барлық құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылы аяқталады. Ауқымды инвестициялық жобаның құны 650 млн АҚШ долларын құрайды, ал жалпы ауданы 650 гектар. Жобаның бірінші кезеңі іске қосылғаннан кейін 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады, толықтай аяқталған соң 5 мың жұмыс орны құрылады. Жылыжайдың жылдық жалпы өндірістік қуаттылығы 155 мың тонна қызанақ болады деп күтілуде. Қала әкімі жұмыс барысымен танысып болған соң, жобаны жылдам жүзеге асыру мақсатында инфрақұрылым қуатын арттыру үшін жауапты тұлғаларға толық қолдау көрсетуді тапсырды. Айта кету керек, жуырда қаладағы «Жұлдыз» индустриалды аймағында ірі инвестициялық жобаның бірінші кезеңі – керамикалық плиталар шығаратын зауыт іске қосылды. Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «WAN SHENG CERAMIC» шетелдік компаниясының құрылтайшылары қатысты. Қала әкімі өз сөзінде ауқымды зауыт Орталық Азиядағы құрылыс индустриясындағы ең ірі жобалардың біріне айналатынын атап өтті. Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында бұл жоба барлық кезеңдерде жан-жақты қолдауға ие болды. Зауыттың ашылуы ішкі нарықты отандық құрылыс материалдарымен, яғни керамикалық плиталармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте «WAN SHENG CERAMIC» ЖШС құрылтайшысы Ху Цзяньго жобаны жүзеге асыруда көрсеткен көмегі мен белсенді қолдауы үшін қала әкімдігіне алғысын білдірді. Оның айтуынша, компания заманауи технологияларды енгізумен қатар, қызметкерлерді дамытуға арналған түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Айта кету керек, инвестициялық жобаның құны 25,5 млрд теңге, ал оның жалпы аумағы 32 гектарды құрайды. Кәсіпорында 350 жұмыс орны ашылды. Зауыттың құрылысы өткен жылы басталып, мұнда заманауи технологиялық қондырғылар орнатылған, өндіріс барынша қауіпсіз әрі экологиялық таза болады. Бірінші кезеңді іске қосу аясында кәсіпорын жыл сайын 12,7 млн шаршы метр өнім шығаруды көздеп отыр. Екінші кезең іске қосылғаннан кейін өндірістік қуаттылық екі есеге — 25,4 млн шаршы метрге дейін артады, тағы 350-ден астам қосымша жұмыс орны ашылады. Бұл жобаны жүзеге асыру құрылыс саласын дамытуға ғана емес, заманауи өндірісті енгізуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға да септігін тигізеді.

Жалпы бүгінде Шымкент қаласында инвестиция тарту ісіне айрықша мән беріліп келеді. Қала әкімі де көптеген щетелдің бизнес өкілдерімен кездесіп, қалаға қаржы құюдың мүмкіндіктерін таныстырып келеді. Мәселен, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков биыл Франция консулы Фабрис Невемен кездесті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты, соның ішінде білім, медицина, мәдениет, туризм салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Қала басшысы мәртебелі мейманның сапары Франциямен экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді.Өз сөзінде «Шымкент – Қазақстанның үшінші мегаполисі және экономикалық дамыған қалалардың бірі, Ұлы Жібек жолының дәл ортасында орналасқан. Біздің басты мақсаттарымыздың бірі — қаламызды өмір сүруге ғана емес, бизнес жүргізуге де қолайлы заманауи мегаполиске айналдыру. Инвестицияларды тарту маңызды бағыттардың бірі, біз француз серіктестерімен бірлесіп жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Бүгінде мемлекет инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасауда, инвестицияны қолдау шараларын жетілдіруде. Мен француз компанияларын бірлескен жобаларға инвестиция салуға шақырамын» деді Ғабит Сыздықбеков. Өз кезегінде Фабрис Неве Қазақстан экономикасының жетістіктерін, сондай-ақ екі мемлекет арасындағы тауар айналымының айтарлықтай артқанын жоғары бағалады. Консул қаладағы ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ықпал етуге дайын екенін білдірді.