ҚАЛА ӘКІМІ БАДАМ ӨЗЕНІНІҢ ЖАҒАЛАУЫН БЕКІТУ ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

25
0

Шымкент қаласын дамыту шаралары белсенді түрде жалғасып келеді. Жасыратыны жоқ, бүгінде үшінші мегаполистің тұрғындары жыл өткен сайын артып келеді. Өйткені қаладағы демографиялық жағдай тұрақты, қала берді, көшіп келушілердің де саны көбейіп жатыр. Мұның баршасы қаладағы барлық салаға ауқымды салмақ салады. Сондықтан да мәселелердің күрделенбеуі үшін кешенді шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, шаһар аумағында саябақтар құрылысы қарқын алды. Қаладан өтетін өзен бойларын ретке келтіру мен арыз-атыздарды тазалау жұмыстары да белсенді жүргізіліп жатыр. Ал жүзеге асып жатқан жұмыстарды қала әкімі Ғабит Сыздықбеков үнемі бақылап, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатыр. Мұндай бақылау шаралары алдағы уақытта да жалғаса бермек. Осы орайда, бүгінгі материалымызда шаһар басшысының кезекті құрылыс нысандарын аралауы турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз.

Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаладағы кейбір нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Шаһар басшысы алдымен  Еңбекші ауданы, «Маятас» тұрғын алабында Бадам өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарын көрді. Жағалаудың екі жағынан бекітілетін аумақтың ұзындығы 18 шақырым. Бұл аудандағы жұмыс толық аяқталған. Ал, Абай ауданындағы бөлігі ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, алдыңғы аралау кезінде осы тұрғын алаптың тұрғындары ескі аспалы көпірдің жағдайына шағымданып, өзен арқылы жаңа жаяу жүргінші көпірін салу туралы өтініш білдірген болатын. Бүгінде  қала әкімінің тапсырмасы бойынша, мердігер ұйым әлеуметтік жауапкершілік аясында жаңа көпір, жаяу жүргінші жолдары мен балалар алаңын салып берді. Шаһар басшысы компания өкілдеріне қаланың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтып, қалған жұмыстың сапалы әрі уақытында аяқталуына көңіл бөлуді тапсырды. Бұдан бөлек, әкім Тұран ауданындағы «Металлург» саябағының ағымдағы жағдайын тексерді. Йога алаңының құрылысы барысымен танысты және жергілікті тұрғындармен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады. Азаматтар жаз мезгілінде орындықтар санын көбейту және жаттығу құралдарын жаңарту қажеттігін айтты. Қала басшысы жауапты мамандарға тұрғындардың пікірін ескеріп, тиісті жұмыс жүргізуді және саябақтағы сыртқы жарықтандыру кестесін түзетуді тапсырды. Әкім Абай ауданында Темірлан тас жолы бойындағы бұған дейін қараусыз қалған гүлзарды қалпына келтіру жұмыстарын да тексерді. Жаңартылған қоғамдық орында газон мен ағаштар отырғызылып, суару жүйесі, орындықтар және жарық шамдары орнатылды. Сондай-ақ, «Жиделі» тұрғын алабындағы Диваев және Бекет батыр көшелерінде орналасқан жаңа сквердің құрылысымен танысып, Тәуке хан даңғылы, «Көл» аумағы, Тәшенов және Түркістан көшелері, Орталық саябақ және Шәмші Қалдаяқов атындағы саябақтың жағдайы мен тазалығын да тексерді. Тексеруден кейін  аудан әкімдіктері мен жауапты басқармаларға көше мен аулалардың тазалығын бақылауды күшейтуді тапсырды. Жалпы бүгінде Шымкент қаласында қауіпсіздің мәселесі басты назарда десек, артық айтпаған болар едік. Мәселен, Шымкент қаласының аумағында Шымкент қаласы әкімдігінің теңгеріміндегі «Жасыл Белдеу» және Түркістан облысы әкімдігіне қарасты «Бадам» орман шаруашылықтары орналасқан. Екі орман шаруашылығының жалпы жер көлемі 6 мың 286 га, оның ішінде орманды аймақ 5 мың 053 га, жабылмаған аймақ 1 мың 233 га құрайды. Бұл турады Шымкент қаласы ақпараттық коммуникациялық орталығы алаңында өткен баспасөз мәслихатында Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Аманбек Бейсембаев айтты. Орман қорын қорғау мақсатында осы екі шаруашылықтың балансында, жалпы 22 бірлік бейімделген техника және 186 өрт сөндіру құралдарымен 14 бірлік мотопомпа бар. Биыл өрт қауіпті кезеңінің қарсаңында «Шымкент қаласының аумағында орман және дала өрттерінің туындау және оларды жою тәуекелдерін төмендету жөніндегі іс-шаралар жоспары» түзіліп, бекітілді. Сонымен қатар, жоспарлы іс-шараларды өткізу шеңберінде қалалық Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссиясы екі отырыс өткізіп, тиісті мекемелерге тапсырмалар берді.Барлық мүдделі қызметтерді тарта отырып, шартты орманды-дала өртін сөндіру бойынша 2 өрт-тактикалық оқу-жаттығу, 1 өрт-тактикалық сабақ өткізілді. Ықтимал табиғи өрттерді жер жырту жолымен оқшаулау мақсатында жалпы ұзындығы 1075,3 км. құрайтын минералды жолақтарды құру жұмыстары толық көлемде жүргізілді. Департамент тарапынан орман қоры аумағында және басқа да табиғи және техногенді төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында пилотсыз ұшу аппараттарымен аэровизуалды бақылау жұмыстарын жүргізу практикада қолға алынған. Бұдан бөлек, Департаментте, болуы мүмкін орман дала өрттерін сөндіруге жоғары өтімді 13 бірлік техника және 84 адам жеке құрамы ұдайы дайындыққа келтірілген.