СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИЕТ ДАМЫМАЙ, МӘСЕЛЕНІ ЖОЮ МҮМКІН ЕМЕС

9
0

Сыбайлас жемқорлық – қоғам үшін кеселді түйткіл, өзекті мәселе. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта Қазақстандағы маңызды мәселелердің қатарына дәл осы сыбайлас жемқорлық кіреді. Соңғы жылдар ішінде саладағы серпінді жұмыстардың арқасында бірқатар ауыр қылмыстардың беті ашылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Жалпы сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуын тұралататын әлеуметтік кесел. Өйткені дәл осы қылмыстық құқық бұзушылық көптеген кеселді түйіндерге себеп болады. Яғни діттелген қаржы өз орнына жетпейді. Талай жылдан бері көтеріліп, күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселелер сол қалпында қалады. Осының кесірінен қоғамның, халықтың мемлекетке деген сенімі азаяды. Ал сенім сетінегеннен кейін елдің ішінде берекетсіздік орын алады. Міне, осындайда жат пиғыл, жаман ойлы топтар өз мүддесі үшін халықты пайдалануға көшеді. Сондықтан да бұл кеселді түбірімен жоюдың маңызы да, міндеті де айрықша. Осы орайда, бүгінгі материалымызда Түркістан қаласында аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстар турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз…

Соңғы уақытта еліміздің рухани астанасы атанған Түркістан қаласында сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін жою, қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алу, жемқорлыққа қарсы халық бойындағы мәдениетті арттыру бойынша кешенді шаралар атқарылып келе жатыр. Өкінішке қарай, дәл осы қылмыс түрі қоғамның мәселесін шешіп, елдің дамуына септін болатын көптеген бастамалардың жүзеге асуына тосқауыл болып отыр. Бірқатар тың бастамалардың іске асуына тұсау болуда. Жалпы кез келген саланың даму қарқынын бәсеңдететін бірден-бір мәселе – сыбайлас жемқорлық. Сондықтан мұны қоғам дерті деп тектен-текке айтпайды. Аталған қылмыс түріне бару – болашаққа балта шауып, Отанға опасыздық жасаумен тең. Өйткені жең ұшымен жалғасқан жемқорлық бар жерде ұлттық қауіпсіздікке де үлкен қатер төніп тұрары сөзсіз. Сондықтан Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі – осы індетпен халық болып күресу. Жемқорлық сынды жымысқы әрекетке бару ең алдымен адами фактор, яғни әр азаматтың таным-түсінігіне, рухани кемелділігі мен ой-өрісі, сана-сезіміне тікелей байланысты болғандықтан жемқорлықпен күресте негізгі тетік – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру екені анық. Бұл – дамыған елдердің тәжірибесінде оң бағаланған, нәтижелі әдістің бірі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стретегияның негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл адамның саналы және адамгершілікпен сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қабілетін айтады. Тұлғаның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті дегеніміз, ол сол тұлғаның қоғам қауіпсіздігіне және игілігіне сыбайлас жемқорлықтың зияны туралы білімін қамтитын қасиеті. Ол индивидтің жай ғана сыбайлас жемқорлықты төзбеуі ғана емес, сонымен қатар оны жоюға, онымен күресуге талпынуы болып табылады. Яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет дегеніміз ол жемқорлыққа қарсы белсенді азаматтық позиция. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет тұлғада құқықтық шеңберде іс-әрекет етуі үшін белгілі бір біліктіліктердің болуын талап етеді, олар: жемқорлықты әлеуметтік зұлым ретінде тани білуі, сыбайлас жемқорлықпен күрес негіздерін және оның қоғам өмірінің кез келген саласында деңгейін төмендету үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалана білуі. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» туралы Заңында «Сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық (қызметтік) өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк (мүліктік емес) игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу» деген ақпарат берілген. Осы орайда мемлекеттік көрсетілетін қызметтер алуда мемлекеттік қызметшілер мен жеке және заңды тұлғалардың тікелей байланысын азайту мақсатында соңғы жылдары электронды қызмет көрсету форматы кеңінен өріс алды. «Ашық әкімдік», «Адалдық алаңы» сынды жобалардың да көздегені – сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдерін жойып, халыққа адал қызмет көрсету. Электронды мемлекеттік қызмет форматы арқылы халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапалы, тиімді, әрі қолжетімді болды. Ғаламтор жүйесі арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызмет сыбайлас жемқорлық бағытындағы заң бұзушылықтардың көлемін біршама азайтатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сыбайлас жемқорлық дегеніміз – үлкен мөлшерде енетін ауру және одан емделіп шығу ұзаққа созылады. Оған қарсы күшті дәрі қолданбаса, жемқорлықтан арылу мүмкін емес. Сондықтан біз барлық қажетті шараларды жалғастырамыз!» деп атап өткен болатын.

Жалпы алғанда, қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көрністерінің азаюы байқалады. Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі-парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Яғни пара беру де, пара алу да пайдалы болмайтындай, үлкен қылмыс ретінде саналатындай жағдай, қоғамдық сана қалыптасуы қажет. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді, заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайды. Парақорлықтың алдын алу, жолын кесу, ашу және тергеу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі таңда әлеуметтік аурудың алдын алу және әшкерелеу үрдісі жылдан жылға өсе түсуде. Парақорлықпен елімізде көбіне-көп қолында билігі бар, шешім шығаруға, бөліп бергізуге өкілеті жететін қызметкерлерінің айналысып отырғанын көресетіп берді. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңын сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігінің шегінде өздерінің кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге міндетті деп көрестілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана – бұл адамдардың сыбайлас жемқорлыққа әлеуметтік зұлымдық ретіндегі қатынасын білдіретін ұғымдар, теориялар, түсініктер мен сезімдердің, көзқарастар мен эмоциялардың жиынтығы. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана адамгершілік және адамгершілікке жат қылықты, құқықтық және құқықтық емес, заңды және заңсыздықтың шегін көрсетіп береді. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез- құлықты қамтамасыз ету үшін моральдық-адамгершілік, идеологиялық, құқықтық шараларды талап етеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл жаппай сана және оның жекелеген элементтері емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – сыбайлас жемқорлықты қабылдамау негізінде жататын осы жүйемен тіпті сәйкес келмейтін құндылықтар жүйесі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – адамгершілік пен азғындық (орынды және орынсыз, мейірімділік пен зұлымдық, пайдалы және пайдасыз), құқықтық және құқықтық емес, ақылды және ақымақтық, тамаша және бейберекет призмасы арқылы адами қатынастар әлеміне көзқарас. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет адамның жоғары моральдық, құқықтық, саяси және басқа мәдениеттер негізінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұра білу қабілетін білдіреді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қазіргі уақытта шынайы қажетті құбылыс мәртебесін иеленеді, оны әлеуметтендіру процесінде қоғамның барлық әрекетке қабілетті мүшелері игеруі тиіс.