ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖАНДАНДЫРДЫ

292
0

Жылу маусымы жақындап келе жатыр. Осындайда өңірлердегі жылу қазандықтарының жай-күйі жіті тексеріліп, жылу құбырларының сапасы сараптала бастайды. Бұл ғана емес, алты ай жаз бойы жылу қосылмаған тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтау туралы анықтамалықтар мен хабарландырулар таратылады. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Күні бүгінде дейін тиісті сал басшылары тарапынан біз сөз еткен қауіпсіздікке байланысты бірқатар бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асты. Осы орайда, жуырда Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Жылыту маусымындағы қауіпсіздік шаралары туралы» тақырыбында  баспасөз конференциясы өткен болатын. Міне, осы маңызды кездесу барысында Шымкент қаласы ТЖД бастығының орынбасары, aзаматтық қорғаныс полковнигі Еркін Отарғалымұлы мен Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Абдинуров Малик Құттымбетұлы салада қолға алынып жатқан шараларды тарқата баяндап берді. Сол себепті бүгінгі материалымызда осы тақырыпты кеңірек тарқатпақпыз…

Баспасөз брифингі барысында мәлім болған деректерге сүйенсек, 2024 жылғы 16 тамызда Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімовтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша қалалық комиссияның отырысы өтті. Іс-шара барысында маңызды мәселелер талқыланып, тиісті органдарға тапсырмалар берілді. 2024 жылғы 1 қазаннан бастап елімізде жылыту маусымы басталды. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін 4 өрттен топтық адам өлімі тіркеліп, 17 адам, оның ішінде 6 бала қайтыс болды. Атап айтқанда, 2024 жылғы 11 қазанда Қостанай облысы Жітіқара қаласында 5 бала қайтыс болған қайғылы оқиға орын алды. Бұл отбасы әлеуметтік осал топтар тізімінде тұрған. Осы оқиғалардың алдын алу және тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында келесі шаралар жүзеге асырылды. Атап айтар болсақ, әлеуметтік желілерде 138 ақпараттық материал, бұқаралық ақпарат құралдарында 34 жарияланым шықты. Қала аумағында 150 рет дауыс зорайтқыштар арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 3812 қатты отынмен жылытылатын тұрғын үй араланып, 7 мыңнан астам адамды қамтитын түсіндіру жұмыстары өткізілді. 1500 оқушыны қамтитын 42 интерактивті сабақ ұйымдастырылды. Әлеуметтік жағдайы төмен 2222 отбасыға үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп, 8714 адамға жадынама парақшалары таратылды. 334 отбасы қайта араланып, 89 үйге газанықтағыш құрылғылар орнатылды. Сондай-ақ 80 үйдің түтін мұржалары тазартылған. Жеке кәсіпкерлермен және әкімдіктермен меморандум арқылы 125 газанықтағыш құрылғылар сатып алынған. 2024 жылы Шымкент қаласында жылыту маусымының басталуына байланысты «Өрт қауіпсіздігі айлығы» акциясы өткізілуде. Бұл шара аясында тұрғындарға өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қауіпті жағдайлардың алдын алу мақсатында кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Акция барысында әлеуметтік осал топтағы отбасылар, табиғи газға қосылмаған жатақханалар, және қатты отынмен жылытылатын тұрғын үйлер араланып, олардың қауіпсіздік жағдайы тексерілді.  Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға жылыту маусымы кезінде өрт қауіп-қатерлерінен қорғану үшін келесі ұсыныстарды орындауды ұсынады. Біріншісі — түтін құбырлары мен пештерді күйеден тазалау. Жылыту маусымы басталар алдында және жылу беру маусымы кезінде түтін мұржаларын кемінде үш айда бір рет тазалаңыз. Екіншісі — электр сымдарын тексеру. Тозған немесе уақытша схема бойынша жүргізілген электр сымдарын ауыстырып, олардың жағдайын бақылаңыз. Үшіншісі — электр желілерін жүктемеу. Үйді жылыту үшін стандартқа сай емес электр құралдарын қолданбаңыз және электр желісін шамадан тыс жүктемеңіз. Төртіншісі — пештерді дұрыс пайдалану. Пешті қатты қыздырмаңыз, үстінде жанғыш материалдарды кептірмеңіз. Алтыншысы — ауланы тазарту. Аулаңызды жанғыш қоқыстардан тазалаңыз және күлді жинау үшін қауіпсіз орын әзірлеңіз. Жетіншісі — балаларды қараусыз қалдырмау. Балаларды ересектердің бақылауынсыз қалдырмай, қауіпсіздік шараларын түсіндіріңіз. Бұл шаралар тұрғындарға жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін сақтауға және ықтимал қауіпті жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.

Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының Газ техникалық инспекция бөлімі мен «Шымкент қаласының Газ техникалық қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі газ қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кең ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Бұл шаралар қала тұрғындарын газбен улану қаупінен қорғауға және газ жабдықтарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттілігін түсіндіруге бағытталған. 2024 жылдың басынан бері басқарма тарапынан 44 көшпелі жиын және 39 кездесу, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып,  әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында 58 мақала, пост және брифинг жарияланып, 67 800 дана жадынама таратылған. Сонымен қатар, газдан улану оқиғаларына сүйене отырып, қала бойынша қызыл және тәуекел аймақтар анықталып, алгоритм бойынша арнайы жұмыстар жүргізілуде. Сондай ақ, қалада газ техникалық инспекция бөлімі газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарын бұзған 89 тұлғаны жауапкершілікке тартты. Жалпы айыппұл сомасы 332 АЕК немесе 1 225 744 теңге. Қазақстан Республикасының «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңының 19-бабы бойынша, газ жабдықтарының иелері олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Бұл талаптар сақталмаған жағдайда әкімшілік шаралар көзделген. Шымкент қаласының Газ техникалық инспекциясы тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді. Айта кету керек, ҚР энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында энергетикалық кәсіпорындардың алдағы жылыту маусымына дайындығы туралы баяндады. Оның айтуынша, энергетикалық кәсіпорындарды алдағы жылыту маусымына дайындау тиісті деңгейде ұйымдастырылды. «Жүйелік оператордың жөндеу кестесіне сәйкес, электр станцияларында 2024 жылы 10 энергоблокта, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланды. 5 энергоблокта, 30 қазандықта, 26 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. 4 энергоблокта, 24 қазандықта және 18 турбинадағы жөндеу жұмыстары әртүрлі кезеңдерде жүргізіліп жатыр» деді вице-министр. Электр желілері бойынша 2024 жылы 20,8 мың км электр беру желілерінде 422 кіші станцияда, 4 054 тарату пункті мен трансформаторлық кіші станцияларда күрделі жөндеу жоспарланған.  18,6 мың км электр беру желілері мен 351 кіші станция мен 3 851 тарату пункті мен трансформаторлық кіші станцияларға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Энергия көздерінің отын қоймаларында 4,7 млн тонна көмір және 89 мың тонна мазут жинақталған. «Энергетика, Көлік министрліктерінің және «Қазақстан Темір Жолы ҰК» АҚ-ның келісілген жұмысының арқасында көмір мен мазутты жинақтау ұйымдастырылған түрде жүргізілуде. Проблемалық мәселелер анықталған кезде өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп жедел шешуге тырысамыз» деді Сұңғат Есімханов. Алдағы жылыту кезеңінде электр жүктемесінің болжамды максимумы шамамен 17,4 ГВт құрайды, бұл өткен жылғы деңгейден 5 пайызға артық. Барлық электр станциялары жүктемені жабуға қатысады. Күзгі-қысқы кезеңнің тұрақты өтуі үшін энергетикалық кәсіпорындар мыналарды орындады — негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу қамтамасыз етілді, отынның жинақталуы ұйымдастырылды, қызметкерлермен апатқа қарсы және өртке қарсы жаттығулар өткізілді, ықтимал технологиялық бұзушылықтарды жою үшін жабдықтардың, ТМҚ, құралдар мен арнайы техниканың қажетті қоры қамтамасыз етілді. Сұңғат Есімханов жалпы энергетикалық кәсіпорындарды алдағы жылыту маусымына дайындау ұйымдастырылғанын және соңғы сатысында тұрғанын, сондай-ақ жылыту маусымына дайындық барысы Энергетика министрлігінің бақылауында екенін атап өтті.