ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР БҰЙЫМДАРЫ КӨПТІҢ НАЗАРЫНА ҰСЫНЫЛДЫ

294
0

Бүгінгідей жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтардың ұпайын түгендеудің маңызы айрықша. Өйткені ұлттық болмысы дәл осы құндылықтармен көрініс табады. Ал қазақ халқының түп тарихынан келе жатқан құндылықтардың ұрпақты тәрбиелеудегі маңызы айрықша. Сондықтан қазіргі уақытта жаһанда қазақ мәдениетін, өнерін танымал ету бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. қалың оқырманның жалында болса, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз» деген болатын. Мұның өзі ұлттық құндылықтарды ұлықтай түсу керегін айғақтайды. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Еліміздің үшінші мегаполисінде қазақ өнері мен мәдениетін танымал ете түсу бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Осы орайда, бүгінгі материалымызда біз сөз еткен тақырыпты кеңінен тарқатпақпыз.

Шымкент қаласындағы Көрме орталығында «Халық мұрасы – халық қазынасы» атты қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Бұл шараның негізгі мақсаты – ұлттық қолөнерді дәріптеп, халықпен етене жақын таныстыру, қолөнершілерге өз өнімдерін тікелей тұтынушыға ұсынуға мүмкіндік беру, сондай-ақ өскелең ұрпаққа ұлттық мәдениет пен өнерді насихаттау. Қолөнер – халқымыздың ежелден келе жатқан бай мұрасы. Бұл өнер ата-бабамыздан мирас болып қалған және қазіргі уақытта заман талабына сай дамып келеді. Бүгінде қолөнер көптеген адамдар үшін бос уақытты өткізудің жолы ғана емес, табыс көзіне айналған. Осыны ескере отырып, жыл сайын дәстүрлі түрде қолөнер шеберлерін қолдау мақсатында ұйымдастырылатын бұл көрме үлкен маңызға ие. Іс-шараның ашылуында Көрме орталығының директоры Зухра Әмзеқызы қолөнер жәрмеңкесіне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті. Шара барысында келушілерге теріден, ағаштан, қыштан, киізден, темірден жасалған бұйымдар, зергерлік әшекейлер, ұлттық нақыштағы киімдер мен үй жабдықтары кең ассортиментте ұсынылды. Мұның өзі қазақтың төл өнерінің бұқара арасында кең танымалдыққа ие болуына ықпал етеді. Жалпы қазақ дәстүр мен мәдениетке бай халықтардың қатарына жатады. Тіпті, әрбір дәстүрдің астарында адам баласына бағыт көрсетіп, жөн сілтейтін астарлы ой болады. Мәселен, ұлттық ойындарды алып қарайық. Әрбірі баланы епті, батыл, ержүрек болуға баулиды. Қала берді, салауатты өмір салтын ұстануына да ықпал етеді. Осы орайда, 25 қазан — Республика күніне орай, Шымкент қаласындағы Оқушылар сарайына қарасты аула клубтарының қатысуымен ұлттық ойындар жарысы ұйымдастырылды. Іс-шара «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» тақырыбында өтті. Шараның басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық ойындарын дәріптеу, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, жастар арасында ұлттық рухты оятып, мәдени мұраға деген құрметті арттыру. Жарысқа алты аула клубының балалары қатысты. Олар ұлттық ойындар — «Жаңылма», «Тақия тастамақ», «Дәл басу», «Асық», «Бәйге» және «Жаяу тартыс» бойынша бақ сынасты. Бұл ойындар балалардың ептілігі мен тапқырлығын сынап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіруге ықпал етті. Іс-шараның қорытындысында жеңімпаз топтар анықталып, оларға кубоктар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Бұл ғана емес, Шымкент қаласында этномәдени бірлестіктердің қатысуымен дәстүрлі «Қазақ дастарханы» фестивалі өтті. Фестиваль барысында түрлі этнос өкілдері қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп, ортақ дастархан жайды. Бұрынғы жылдары ұлтымыздың ұмыт бола бастаған тағамдарын дайындаудан сайысқа түскен қатысушылар, биылғы шарада үй жағдайында дайындалған ұлттық тағамдарды қалың көпшілікке ұсынып, қазақтың дастархан мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дәріптеді. Фестивальдің басты мақсаты – этнос өкілдерін қоғамдық бастамаларға ұйыстыру арқылы мемлекет құраушы қазақ халқының төңірегіне топтастыру және ұлтымыздың қонақжайлылық, сыйластық сынды игі дәстүрлерін насихаттау болды.  Шараға Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы, қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты. Фестиваль барысында «Салт-дәстүр және әдет-ғұрып орталығының» мамандары ұлттық дәстүрлер мен тағамдарға қатысты жан-жақты мәліметтер берді. Еске сала кетейік, «Қазақтану» жобасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы қолға алған бұл фестиваль алғаш рет 2015 жылы Шымкентте ұйымдастырылған. Биыл тоғызыншы рет өткізілген шара жыл сайын қалалық ассамблеяның қолдауымен түрлі форматта жалғасын табуда.

Көптің есінде болса, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәдениет саласы өкілдерімен кездескен болатын. Олардың арасында саланың үздіктері мен ардагерлері, ақын-жазушылар, суретшілер, қолөнер шеберлері, кітапхана, театр, музей, мәдениет орталықтарының басшылары бар. Жиында саладағы маңызды мәселелер талқыланып, мегаполистің мәдени өмірін жақсартуға бағытталған ұсыныс-пікірлер талқыланды. Зиялы қауым және мәдениет өкілдері қала әкіміне көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, саланы дамытуда маңызды бастамаларын жеткізді. “Қай кезде де мәдениет – халықтың рухани келбеті, ұлт айнасы. Ұлт руханиятының бір бөлшегі саналатын мәдениет саласының жұмысын жандандыру, туындаған мәселелердің дер кезінде шешімін табу — ортақ міндет. Осы орайда, өздеріңізбен арнайы кездесуді жөн санадым. Алдағы уақытта қала мәдениеті мен өркениетін дамыту бағытындағы жұмыстарды бірге жалғастырамыз” – деді қала әкімі. Мәдениет саласының өкілдері жатақхана, ғимарат, қала мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге озық ойлы жас мамандарды жұмылдыру сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Сондай-ақ қалада “Наурыз айтысын” қайта жандандыру бастамасы айтылды. Қала басшысы жиында көтерілген барлық мәселенің оңтайлы шешілетінін жеткізіп, мегаполис мәдениетін көтеруге атсалысуға шақырды. Айта кету керек, бұған дейін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Жиынға телеарналар мен мерзімді басылымдардың бас редакторлары, журналистер және әлеуметтік желі белсенділері қатысты. Жалпы қоғам тұрақтылығын қамтамасыз ету мен ұлттық идеологияны жүргізуде бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы айрықша. Сондықтан елдің бірлігін бекітіп, ынтымағын нығайтуда аталған сала ерекше рөл атқарады. Осы орайда жиын барысында шаһар басшысы «Мен өз қызметімде объективті, конструктивті пікірлерге ашықпын. Сіздер халық үшін еңбек етіп жүрсіздер. Шығармашылық қызметтеріңіз жоғары бағаға лайық деп білеміз. Бәріміз де — осы елдің азаматы, осы халықтың перзентіміз. Олай болса, баршаңызды еліміздің дамуы, қаламыздың көркеюі жолында жұмыла жұмыс жасауға шақырамын» деді.