№1 КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНДА “COMPACT SIGMA” АППАРАТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

26
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қашанда халық денсаулығын жақсарту, медицина саласын дамытуға қатысты нақты міндет жүктеп,оны орындауға қатысты тапсырма беруде. Қоғамды құрушы-халық десек, олардың денсаулығы, иммуниеті мықты болуы үшін медицина саласына барынша қолдау көрсетілетінін Мемлекет басшысының стратегиялық жоспарынан ұғындық. Бүгінде біздің медицинаға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр деп нық сеніммен айта аламыз. Соңғы жылдары емдеу мекемелеріне жаңа медициналық құрылғылар, жедел жәрдем көліктері беріліп, азаматтарды медициналық қамтуда оң өзгерістер беруде. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау ісі ілгерілеп келе жатқан өңірлердің қатарына Шымкент қаласы да кіреді. Соңғы жылдары үшінші мегаполисте бірқатар медициналық нысандар күрделі жөндеуден өтті. Саладағы қызмет сапасын арттыруда мемлекеттік-жекешелік әріптестікке де айрықша мән беріліп келе жатыр. Осының арқасында шаһарда күрделі оталар сәтті жасалуда. Бұрындары қала тұрғындары күрделі отаны жасату үшін алды Астана мен Алматыға ағылса, кейбірі шетелге аттанатын. Дегенмен қазіргі уақытта жергілікті медициналық нысандарға сенім білдіріп жатыр. Осының өзі саладағы серпілісті айғақтаса керек. Бүгінде денсаулық сақтау мекемелерін соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамту ісі қарқын алып келеді. Осы орайда, бүгінгі материалымызда аталған тақырыпты кеңірек тарқатуды жөн санап отырмыз.

Бұған дейін Шымкент қаласындағы денсаулық сақтау мекемелеріне заманауи медициналық аппараттардың беріліп жатқаны турасында жазған едік. Қала берді, қаладағы дәрігерлердің шетелде білім алып, тәжірибесін ұштауының арқасында бірқатар ауыр оталар да сәтті жасалуда. Мұның өзі қолға алынып жатқан шаралардың нәтиже беріп жатқанын айғақтайды. Осы орайда, жуырда Шымкенттегі №1 клиникалық ауруханасындағы литотриптер «Compact Sigma» аппараты күрделі жөндеуден өтіп, толық қуаттылықта іске қосылды. Аталған медициналық құрылғының көмегімен дәрігерлер бүйректегі,  зәр шығару жүйесіндегі кіші тастарды операциясыз алып тастайды. Аппаратты іске қосуға қала әкімдігі  тарапынан қолдау көрсетіліп,  нәтижесінде медициналық техниканы жөндеу үшін «Қайырымды қала» қорынан қаржы бөлініп, құрылғының қосалқы бөлшектері сатып алынды.  Литотриптер «Compact Sigma» аппаратының көмегімен мамандар Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуді бастады. Ем-шара тастарды жарықшақтарға бөлу үшін дыбыстық немесе соққылық толқындарды қолдануға негізделген. Бұл жарықшақтар ағзадан несеп арқылы шығарылады. Емдеу дистанциялық соққылық-толқындық әдіспен жүргізіледі. Мұндай қажеттілікке шамамен жылына 880-920 науқас жүгінеді, босанған әйелдерге және мүмкіндігі шектеулі науқастарға да көмек беріледі. Жалпы Шымкентте былтыр міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде 1300-ден астам адамға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілді. Яғни, ми қан тамырларының күрделі бұзылыстары мен жүрек ауруларын емдеуде күрделі ота жасауға қолжетімділік артып отыр. Сондай-ақ Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында бүйрек, бауыр трансплантациясы мен алғаш рет жүрек трансплантациясы жүзеге асырылуда. Мегаполистегі № 2 қалалық аурухананың дәрігерлері 72 жастағы пациентке күрделі ота жасап, инсульттың алдын алды. Науқастың миына қан жеткізетін ұйқы артериялары бітеліп, халі мүшкіл болған. Білікті дәрігерлер құрамы дереу шешім қабылдап, оған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен құны 6 млн 200 мың теңге тұратын жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетті. Бүгінде қалада жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерін ұсынатын 10 медициналық мекеме қызмет көрсетуде. Биыл бұл мекемелер тарапынан 1500-ге жуық адамға көмек көрсету жоспарланып отыр.

Шымкент қаласы бойынша амбулаторлық деңгейде 12 мемлекеттік емхана  және 31 жеке меншік медициналық орталықтар қызмет атқарады. Бекітілген халық тіркелімі порталында 12 мемлекеттік емханаға 567,7 мың халық тіркелсе, 31 жекеменшік емханаға 565 мың азамат тіркелген. 2022 жылы жаңа 4 медициналық ұйым («№14 Емдеу орталығы» ЖШС, «Дария-Медикус» ЖШС, «Sabi Med» ЖШС, «Turlan Medical» ЖШС) ашылып, 50 мың халыққа (Құрсай, Қазығұрт, Бадам – 1, Бадам – 2, Шанырақ, Абдуллабад, Турдабад, Тұрлан мөлтек аудандар) қызмет көрсетуді бастады. Стационарлық деңгейде 15 мемлекеттік аурухана 3533 төсек орында және 25 жекеменшік аурухана 788 төсек орында қызмет көрсетуде. Қалада 376 жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсетілуде. №2 ауруханада бауыр циррозы бойынша бірегей ота жасалды, 1 сәуірден бастап аурухананың базасында амбулаторлық коронароангиография және стендттеу қызметі көрсетілуде. Онкологиялық орталықтың базасында ПЭТ сәулелік терапия орталығының қызметі ашылды. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жыл басынан 1 млрд. теңгеге 7 медициналық құрал сатып алынды. 2 денсаулық сақтау ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде (№1 қалалық емхана (балалар бөлімшесі), №2 оңалту орталығы (негізгі ғимарат). Ана мен бала өлімін төмендету бойынша кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелер ағынын тиімді бөлу мақсатында перинаталдық көмекті аймақтандыру жүйесі қайта қаралды. Практикалық және ұйымдастыру-әдістемелік көмек көрсету бойынша мамандардың жұмыс тобы құрылды (Босандыру, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында). Қала емханаларында отбасын жоспарлау және баланы дамыту кабинеттерінің саны 2021 жылғы 21-ден 2022 жылы 41-ға дейін ұлғайтылды. Нәрестелер өлімін төмендету мақсатында Санкт-Петербург, Беларусь және Литваның жетекші мамандарын тарта отырып, 240 маман оқытылды.