КӘРІСТЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНА АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ

306
0

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Бүгінде бір шаңырақ астында ондаған ұлт пен ұлыс тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Өз кезегінде, мемлекетімізде ұлттардың бірлігін насихаттау мен қоғамға кеңінен таныту мақсатында бірқатар бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келе жатыр. Бұл ғана емес, Қазақстанда ғұмыр кешетін барлық ұлт пен ұлыстың мәдениетін сақтауға, дәстүрін дәріптеуге барынша көңіл бөлініп келе жатыр. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан да тың жобалар жүзеге асып жатыр. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Осы орайда, бүгінгі материалымызда аталған тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…

Ашып айтсақ, Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігінің ұлттық салт-дәстүрі, мәдениетті, тілін сақтауға және дамытуға ықпал ететін Шымкент қаласындағы корейлер қауымдастығының 35 жылдығына арналған мерекелік концерті өтті. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғ.Махан, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы-қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі А.Әмзеева ҚХА төрағасының орынбасары, Қазақстан кәрістері қауымдастығының төрағасы Ю.Шин, Корей Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігінің қызметкерлері кәрістер қауымдастығына 35 жыл толуына орай құттықтауын жеткізді. Шара барысында бірлестіктің дамуына зор үлес қосқан корей қоғамының ардагерлері мен белсенді мүшелеріне алғыс хаттар мен марапаттар тапсырылды. Сондай-ақ, жиында Шымкенттегі корейлер қауымдастығының бастамасымен жасалған кітаптың тұсаукесері болды. Ол жинақта корей қауымының тарихына, 1937 жылы корейлердің Қазақстанға жер аударылуына және олардың жергілікті қоғамдастыққа қосылуына ерекше назар аударылған. Жалпы Шымкент қаласында өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрін дамытуға қатысты бірқатар тың бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келе жатыр. Оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қалалық филиалы тарапынан да жүзеге асып жатқан жұмыстар аз емес. Соңғы уақытта аталған қоғамдық қауысдастық тарапынан әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар жобалар жүзеге асып келеді. Мұның баршасы қоғамның бірлігін сақтап, бұқараның ынтымағын арттыра түсуге ықпал етуде.

Айта кету керек, ұлттар арасындағы татулықты сақтау мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз бірлігімізді күн сайын нығайтып отыруымыз қажет. Яғни, татулық пен келісім халқымыздың өмір салтына айналуға тиіс. Әйтпесе, елдікті сақтап қалуымыз өте қиын болады. Жақсы тілек айту – халқымыздың қанына сіңген қасиет. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп бекер айтылмаған. Мен барша отандасымызды еліміздің береке-бірлігін бағалай білуге шақырамын. Шын мәнінде, ел бірлігін нығайту үшін қызмет ету – ең жауапты әрі сауапты іс. Әрбір азамат өз болашағын Қазақстанмен тығыз байланыстыруы керек. Сонда ғана халқымыз біртұтас ел болып тұра алады. Ешкімді ұлтына, тіліне, дініне қарап кемсітуге болмайды. Қоғамда мұндай ұстанымға сай бөлектенуге жол берілмейді. Әрқайсымыз Қазақстан атты қара шаңырақтың перзентіміз. Бәріміз бір бауырлас азаматтармыз» де атап өткен болатын. Осының өзі Қазақстан үшін ұлттар мен этностар арасындағы бірліктің қаншалықты маңызды екенін айғақтайды.