ЕРІКТІЛЕР ПОЛИЦИЯНЫҢ БІР КҮНДІК ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

270
0

Қоғам қауіпсіз болуы үшін құқық қорғау қызметкерлері қалтқысыз қызмет етуі керек. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Соңғы жылдар ішінде саланы реформалау жұмыстары қарқынды жүргізілді. Осының арқасында жұмыс сапасы артты десек, артық айтқанымыз емес. Қазіргі таңда құқық қорғау қызметкерлерінің қоғам арасындағы беделін биіктете түсу бағытында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жетерлік. Оның ішінде жастарға кеңінен насихатталып жатыр. Мұның өзі заң қызметкерлерінің әлеумет арасындағы абыройының асқақтауына септін болары анық. Осы орайда, Шымкент қаласында біз сөз еткен бағыттағы бастамалар сәтті жүзеге асып келе жатыр. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында кеңінен тарқатпақпыз…

Бұған дейін шымкенттік жастар түрлі сала мамандарының қызметімен жақыннан танысқан болатын. Оның ішінде зауыттар мен фабрикаларға табан тіреп, техникалық мамандардың жұмыстарын өз көзімен көрді. Енді жуырда Шымкентте 100-ге жуық белсенді жас «Полициядағы бір күн» іс-шарасы аясында тәртіп сақшыларының жұмысымен танысты. Бұл шара «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы РҚБ-нің қалалық филиалымен ұйымдастырылды. Іс-шара барысында жастар патрульдік полицейлердің қызметіне қатысып, жедел басқару орталығында және полиция департаментінің мұражайында болды. Олар киберқауіпсіздік туралы ақпарат алып, құқық қорғау органдарының жұмысын тереңірек түсінді. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл шара жастардың полиция қызметіне деген сенімін арттырып, құқықтық сауаттылықтарын көтеруге бағытталған. Сондай-ақ, жастар заңсыз әрекеттер үшін жауапкершіліктерімен танысып, құқық қорғау органдарымен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік алды. Жалпы цифрлық әлемде желідегі қауіпсіздік бірінші орында тұрады. Киберқауіпсіздік дегеніміз – компьютерлік жүйелерді, деректерді, бағдарламалық жасақтарды және адамдарды киберқауіптер мен киберқылмыстардан қорғауға бағытталған технологиялар, үдерістер мен тәжірибелердің жиынтығы. Біздің елде басқа мемлекеттер секілді киберқауіпсіздік саласында түрлі деңгейде көптеген іс-шара іске асырылып жатыр. Ұлттық киберқауіпсіздік стратегиясы қылмыстың алдын алып, азаматтардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар орта­лық мониторинг әрі талдау жүргізеді, мемлекеттік органдармен және маңызды ақпараттық инфрақұрылыммен бірігіп қызмет атқарады. Әлеуметтік желіде ақпараттық науқандар ұйымдастырып, халықты желі алаяқтарының арбауына түсіп қалмауға шақырады. Дегенмен қулығына құрық бойламайтын алаяқтар талай адамды алдап, сан соқтырып кетіп жатыр. Ұлттық статистика бюросының  биылғы қыркүйек айындағы дерегі бо­йын­ша елорда тұрғындарына интернет-алаяқтардың кесірінен келтірілген залал мөлшері 2 млрд 600 млн теңгеден асып кеткен. 3 600-ден астам алаяқтық фактісі тіркелген. Ал бұл көрсеткіш республика аумағында 13 700 фактіден асады. Алаяқтардың арбауына түскендердің бәрі бірдей құқық қорғау органдарына жүгіне бермейтінін ескерсек, бұл цифрлар әлдеқайда көп болуы да ықтимал. Сондықтан бұл саланың маңызы айрықша.

Жалпы елімізде ауқымды реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Саяси жаңғырудың нәтижесінде азаматтарымыздың өз ойы мен пікірін ашық айтып, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласуына жол ашылды. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан терең өзгерістер жасалып жатыр. Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз. Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, біз соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік. Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді. Дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды» деп атап өткен болатын. Осы орайда, аталған бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта жалғасатынын айта кеткеніміз абзал.