ТҰРҒЫНДАР АЙТҚАН ТҮЙТКІЛДЕР ШЕШІЛУДЕ

93
0

Үшінші мегаполистің әкімі Мұрат Әйтенов әр айдың сәрсенбісі күні азаматтарды біріңғай қабылдауды жүйелі түрде өткізіп келе жатыр. Қабылдауда көтерілетін негізгі мәселелер – тұрғын үй, жер телімін заңдастыру,  жұмысқа орналасу, білім алу, медициналық көмек сынды түйткілдер.

Айта кету керек, көтерілген мәселелерге заң шеңберінде, тиісті сала мамандарының талқылауымен, жан-жақты шешім жолдары қаралады. Хаттамаға енгізілгендердің кейбірі шешімін бірден тауып жатса, кейбірі ұзақ мерзімді қажет етуде. Оның ішінде тұрғын үй кезегі, жер телімін заңдастыру секілді мәселелердің тек заң аясында және кезегімен шешілетіні тұрғындарға кеңінен түсіндіріліп жатыр. Соңғы қабылдауға келген 200-ден астам тұрғынның 130-на жуығын қабылдаған шаһар басшысы, осындай жүзбе-жүз  кездесулер ашықтық пен шынайылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, өкілетті орган жұмыстарын халық көзімен бағалауға мүмкіндік беріп жатқанын атап өтті. Қабылдауда қала әкімінің орынбасарлары, өңірлік департамент басшылары мен салалық басқарма басшылары да болды. Мұндай жиындар өз нәтижесін беріп те келе жатыр. Күні бүгінге дейін өткен бірнеше кездесу барысында жүздеген қала тұрғыны көкейін тескен сауалдарға жауап алған. Бұдан бөлек, қала әкімі әр ауданның тұрғындарымен кездесіп, үшінші мегаполисте атқарылған және қолға алынатын шаруалардың есебін беріп келеді. Сұрақ-жауап форматында өтетін жиынға да басқарма басшылары мен қала әкімінің орынбасарлары, сонымен қатар халық қалаулылары қатысуда. Айта кету керек, қала әкімінің бірыңғай жеке қабылдауында қоғамдық емес, жеке басқа қатысты мәселелер қаралатындықтан, мұнда БАҚ өкілдері шақырылмауда. Дегенмен жеке мәселенің талқылану барысынан бөлек, жалпы фото және видео түсірілімін жасауға болатынын да ескерте кету керек.