ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ТАҚЫРЫБЫ КЕҢІНЕН ТАЛҚЫЛАНДЫ

108
0

Қоғам өмірі тыныш болуы үшін заң талаптары қалтқысыз орындалуы керек. Бұл тұрғыдан келгенде, өкінішке қарай, елімізде мәселелер көп. Мәселен, тұрмыстық зорлық-зомбылық белең алып келеді. Мұндай отбасылардағы балалар жасық, өз ойын айтуға қысылатын болып қалады. Ал әйелдер тоқпақталып, таяқтың астында қалып жатса, құқықтық мемлекет құру арман күйінде қала бермек. Сондықтан да елімізде аталған бағыттағы бастамаларды жүзеге асыру ісі қарқын алып келеді. Күні бүгінге дейін ел деңгейінде бірқатар бастамалар көтерілді. Тіпті, Парламент мінберінен де көтеріліп, заң талаптары қатаңдатылды. Дегенмен мұның баршасы жеткіліксіз. Қоғам арасында құқықтық сауатты арттыру шаралары жиі жүргізілуі керек. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Қалада тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары белсенді жүргізіледі. Бұл ғана емес, ауқымды шаралар да ұйымдастырылып келе жатыр. Жуырда осындай шаралардың бірі өткен еді. Бүгінгі материалымызда сол шара турасында тарқата баяндамақпыз…

Шымкент қаласында «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» тақырыбында кездесу өтті. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы ұйымдастырған жиынға елімізге белгілі қоғам қайраткерлері, психологтар мен қалалық полиция департаментінің өкілдері қатысты. 200-ге жуық адам қатысқан алқалы отырыста жан-жақты ұсыныстар мен тәлімі мол әңгімелер айтылды. Іс-шара келушілердің Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасын аралаудан басталды. Талай жылдық тарихты сөйлеткен кітапхана бөлімдерінің әрқайсысы ғасырлардан сыр шертеді. Жастардың ең көп жиналатын орындарының бірі кітапхана. Сондықтан, маңызы мол іс-шара дәл осы ғимараттар өтті. Жиында қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін жан-жақты талқылап, оның қоғамдағы теріс салдарын азайту, алдын алу және жою бойынша пікір алмасты. Ләйлә Сұлтанқызы жастармен ашық сұхбат құрып, қоғамдағы зорлық-зомбылықсыз мәдениетті дамытудағы әр адамның рөліне назар аударды. «Қазіргі нарықта әрбір қыз сұлулықты қалайды. Дегенмен, сұлулық ол – білім, әдеп, дұрыс қалыптасқан тұлғада болады. Ал, нәзіктік пен қарапайымдылық барлық уақытта трендте. Отбасындағы зорлық-зомбылық қоғам үшін қалыпты болуы мүмкін. Бірақ әйелдің болашақтағы болмысы үшін, өмірі үшін үлкен қауіп тудырады. сондықтан, екі жақты келісімге келу арқылы барлық түсініспеушіліктің алдын алуға болады» -дейді тележүргізуші, қоғам қайраткері Ләйлә Сұлтанқызы. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңның күшіне енгеніне 4 айдан астам уақыт болды. Отбасының берекесін алып, жұбайы мен бала-шағасына қол көтергендерге жаза қатаңдатылған. Ел ішінде ең көп талқыланған заң аясында біршама жобалар да қолға алынған. Мәселен, «Шаңырақ» жастар мен жас отбасыларды қолдау ортылығының басшысы Сабира Байзақова бүгінге дейін 20 кездесу ұйымдастырылғанын айтты. «Кездесулердің басым бөлігі, Оңтүстік өңірлерінде болады. Әртүрлі тақырыптар қамтылады. Жиынға келушілер өз қалауларымен психологтардың көмегіне тегін жүгінуіне мүмкіндік алған. Кейбір қыз-келіншектер алғашқы сеанстардан оң нәтиже берсе, енді бірі жарты жылдық уақытты талап етеді. «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасын жүргізу нәтижесінде халық арасында сауалнама жүргіздік. Тек жыныстық, физикалық күш көрсетуден бөлек материалдық қысымда бар екені анықталды» -дейді Сабира Байзақова. Жиын барысында Ләйлә Сұлтанқызы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жыл сайын бөлінетін «Аңсаған сәби» бағдарламасына әлі де қатысуға болатынын айтты. Тәлімі мол кездесу жастардың санасына зорлық-зомбылықсыз өмір салтын қалыптастырудың маңыздылығы және қоғамда белсенді азаматтық ұстанымның болуы керек деген тұжырыммен аяқталды. Айта кетейік, тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы еліміз үшін таңсық емес. Бұған дейін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысының тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару керек. Статистика көңіл көншітпейді. Соңғы екі жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 фактісі және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген. Осындай құқық бұзушылықтар бойынша 37 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жағдайды түзеу үшін алдын алу шараларын кешенді түрде жүргізу қажет. Бұл жерде учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқарады. Уақтылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Яғни біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті. Қоғам сіздерден отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-әрекет күтеді. Бұл мәселе әділетті мемлекет құру үшін өте маңызды. Көптеген әлеуметтік кеселдің түп тамыры, соның ішінде қылмыс көбіне тұрмысы нашар отбасылардан бастау алады. Мұндай отбасылардағы зорлық-зомбылықтар балалардың сана-сезіміне және психикасына кері әсерін тигізеді. Сондықтан құқық қорғау органдары адамдардың құндылықтар жүйесі мен мінез-құлық моделін өзгертуде шешуші рөл атқара алады және атқаруы қажет» деп атап өткен еді. Бүгінде ел президентінің тапсырмасы аясында өңірлерде ауқымды шаралар қолға алынып келеді. Айта кету керек, биыл сәуір айында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді. Осылайша, бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылық ретінде сараланып келсе, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Жазаларға 80-ден 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу жатады. Жәбірленушіні азаптағаны үшін 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін – 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Педофилді өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру,  кәмелетке толмаған 16 жасқа толмаған балаларды жыныстық қудалау үшін 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу қарастырылған. Кәмелетке толмағанды заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін – 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал кәмелетке толмаған баланы ұрлау – 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру шарасы қолданылады. Бұл заң жобасының қалыптасуына Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекемесі де өз үлесін қосты. 2023 жылдың қараша айында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мәселелері бойынша халықаралық конференция өткізді, оның барысында мемлекеттік органдармен, сарапшылармен, ҮЕҰ және дағдарыс орталықтарының өкілдерімен бірлесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға ықпал ететін негізгі факторлар талқыланды. Нәтижесінде заңнамалық түзетулер пакеті қалыптастырылып, Қазақстан Республикасы Парламентіне жолданды. «Бұл заң отбасылық ортада зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған. Бұл қауіпсіз және әділ қоғам құру жолындағы маңызды қадам. Біздің кеңсе осы заңды әзірлеуге белсенді түрде қатысты: заңда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесінің барлық аспектілері және ұсыныстары ескерілуін қамтамасыз ету үшін жан-жақты талдау жүргізілді, деректер жиналды, сарапшылармен және қоғам өкілдерімен кеңестер өткізілді», — деп атап өтті Артур Ластаев. Оның сөзінше, жеңіл зиян келтіруді қылмыстық жауапкершілікке тарту, барлық уәкілетті органдар мен ұйымдарда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы арыздарды қарау нәтижелерін және қабылданған процессуалдық шешімдерді көрсететін интеграцияланған деректер базасын құру, қылмыстық қудалау нысандарын қайта қарау бойынша шаралар ұсынылды. Оларды жеке айыптау істері санатынан алып тастай отырып, отбасылық-тұрмыстық сала және басқа да көптеген заңнамалық түзетулер қараллы.