НАШАҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕС ШАРАЛАРЫ ҚАРҚЫН АЛМАҚ

113
0

Өскелең ұрпақ – еліміздің ертеңі. Олардың бүгінгі қарым-қабілеті мен іскерлігіне, қарым-қабілетіне қарап-ақ ертеңгі елдің даму бағытын бағдарлауға болады. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде мәселе жетерлік. Қазіргі уақытта жастар арасында нашақорлық, ащы суға әуестік, лудомания сынды әлеуметтік кеселдер кең тарап отыр. Оларды заң тұрғысынан ауыздықтауға тырысқанымызбен, түбегейлі жоя алмай келе жатқанымыз да ақиқат. Дегенмен қолға алынып жатқан шаралар аз емес. Қазіргі уақытта жастардың құқықтық сауатын арттыру бағытында бірқатар шаралар атқарылып келеді. Бұл ғана емес, мектептерде құқық қорғау органы қызметкерлерінің қатысуымен арнайы кездесулер ұйымдастырылып жатыр. Мұның баршасы кеселді дүниенің алдын алуға бағытталғаны анық.

Қалың оқырманның жадында болса, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын. Мен былтырғы Құрылтайда балалар мен жастардың денсаулығына, яғни тұтас ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан «вейптердің» таралуына тосқауыл қою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айттым. Қазір Парламентте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Бұл қадам бүгінде сәнге айналған осы бір қауіпті кеселдің таралуын едәуір шектеп, бетін қайтаратынына сенімдімін» деп атап өткен болатын. Осының негізінде еліміздің барлық өңірінде бірқатар шаралар атқарылып келеді. Бүгінгі материалымызда Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстар турасында тарқата баяндамақпыз. Жалпы Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарына есірткінің таралуына қарсы күресті күшейту жөнінде тапсырма берді. Осыған байланысты Шымкент қаласының прокуратурасы нашақорлық жарнамаларымен күресу үшін аудан әкімдіктері жанындағы коммуналдық мекемелердің (Абай, Қаратау, Әл-Фараби, Еңбекші, Тұран) мыңнан астам қызметкерлерін жұмылдырды. Бұдан кейін коммуналдық мекемелер қаланың тазалығын қамтамасыз ету және сақтаумен қатар, қоғамдық орындарда есірткіні сату және тарату сайттарының жарнамалары бар суреттерді құқық қорғау органдарына хабарлау арқылы күн сайын жоюға міндетті болады. Бұл бастама есірткіні жарнамалаумен тиімді, мақсатты және тұрақты түрде күресуге мүмкіндік береді. Бүгін жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, ерікті жастардың қатысуымен «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты ауқымды жұмысты бастадық және ол тұрақты түрде іске асырылатын болады. Айта кету керек, бұдан екі жыл бұрын Үкімет Қаулысымен ҚР-ның нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ел. Берекелі қоғам» Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында әзірленді. Кешенді жоспар нашақорлықпен және есірткі бизнесімен тиімді күресу үшін қажетті бірінші кезектегі шараларды ескере отырып, қазіргі нашақорлыққа қатысты ахуалды талдау негізінде әзірленді. Оны дайындау барысында психоактивті заттардың жаңа түрлерінің үлесі артуы, есірткіні өндіру, тасымалдау және тарату әдістерінің өзгеруі, белсенді түрде енгізіліп жатқан қазіргі әлемдік есірткі саясатының ерекшеліктері ескерілді.  Құжат сарапшылар ортасында және түрлі пікірталас алаңдарында кеңінен талқыланды. Оның негізгі мақсаттарының бірі – қоғамның, азаматтық институттардың және барлық мемлекеттік органдардың нашақорлықтың алдын алу бойынша жүргізілетін жұмыстарының сапасын арттыру және жалпы нашақорлар санын азайту бойынша күш-жігерлерін біріктіру. Елімізде синтетикалық заттарды жасырын өндіру жағдайлары жиі анықталып жатыр. Апиынды, оның ішінде Ауғанстаннан «Солтүстік бағыт» деп аталатын транзит арқылы тасымал, каннабис тобының есірткі заттарының айналымы, сондай-ақ «дәріхана» нашақорлығы өзекті проблемалар болып отыр. Қабылданған Жоспар аталған бағыттар бойынша шаралар кешенін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде 2025 жылға қарай есірткі тұтынушылардың санын азайту, есірткіге тәуелділіктен ұзақ мерзімді ремиссиясы бар кәмелетке толмағандар санын 15%-дан 20%-ға дейін арттыру, сондай-ақ есірткі тұтынушыларды 26%-дан 30%-ға дейін медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту жоспарланған. Құжат заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді, заманауи есірткі бизнесінің жаңа сын-қатерлері мен қауіп-қатерлеріне қарсы тұрудың тиімділігін арттыруды, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен кеңейтуді, қазақстандық қоғамда нашақорлық деңгейін төмендетуді көздейді. Нашақорлықтың алдын алу, емдеу, нашақорларды оңалту жүйелерін жетілдіруге, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға баса назар бөлінеді. Есірткіге және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту бойынша шаралар кешені қарастырылған. Бұл жаңа сын-қатерлер мен қауіптердің дереу алдын алуға мүмкіндік береді. Емдеу-сауықтыру орталықтарын жаңғырту және жаңаларын ашу жұмыстары жүргізіледі. Ұшақ пен ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды пайдалана отырып, адам аз жүретін аумақтардағы жасырын есірткі зертханалары мен плантацияларды жою шаралары қабылданды. Жоспар шекаралық өткізу пункттерін дәрілік заттарды, прекурсорларды және дәріхана зертханаларына арналған жабдықтарды анықтауға арналған скринингтік құралмен қамтуды көздейді. Бұдан бөлек, жаңа синтетикалық препараттарды, сондай-ақ азаматтарды медициналық куәландыру аясында алынатын қан үлгілері мен басқа да биоматериалдарды зерттеуді жеделдету үшін сот сараптама органдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылады. Кешенді жоспарда аталған шараларды жүзеге асыру үшін бюджет есебінен 53,1 млрд теңге бөлу қарастырылған.