ЖАСТАР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСУГЕ ҮЛЕС ҚОСЫП КЕЛЕДІ

196
0

Сыбайлас жемқорлық – бұл қоғамда және мемлекеттік органдарда лауазымды тұлғалардың қызмет бабын жеке мүдделері үшін заңсыз пайдалануы, нәтижесінде қоғамға, мемлекетке зиян келтіру әрекеті. Бұл құбылыс мемлекеттік басқару жүйесінің әділдігі мен тиімділігіне, әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіне кері әсер етеді және халықтың сенімін төмендетеді. Сыбайлас жемқорлықтың негізгі түрлеріне парақорлық, қызмет бабын асыра пайдалану, қызметтік ақпаратты заңсыз пайдалану, құжаттарды жалған жасау, жеке мүдделерге сай шешім қабылдау жатады. Мұның салдары ретінде кедейлік, теңсіздік, құқық бұзушылықтардың артуы, ел экономикасының дамуына кедергі болуы мүмкін. Жемқорлықты жою жолында мемлекеттер әртүрлі тәсілдерді қолданады, оның ішінде жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру, тәртіптік және қылмыстық жазалар арқылы лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту, қоғамдық бақылау мен ашықтықты қамтамасыз ету (әсіресе мемлекеттік қызмет көрсету саласында), азаматтық қоғамның белсенділігін арттыру, халықтың құқықтық сауаттылығын жоғарылату бар.

Қазақстанда да сыбайлас жемқорлықпен күреске үлкен мән беріледі. Мысалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылған және елімізде жемқорлыққа қарсы заңдар қабылданған. Бұл шаралар арқылы қоғамдағы жемқорлық деңгейін азайту, азаматтардың сенімін арттыру көзделеді. Сыбайлас жемқорлық мәселесі жастардың қоғамға деген көзқарасына, олардың болашағына және жалпы мемлекеттің дамуына тікелей әсер етеді. Жастар қоғамның белсенді және ең мобильді бөлігі болғандықтан, олардың сыбайлас жемқорлыққа көзқарасы мен оған қарсы тұруға дайын болуы мемлекет үшін өте маңызды. Өйткені аталған әлеуметтік кесел жастарға үлкен тұрғыда әсер етеді. Атап айтсақ, кейбір білім беру мекемелерінде пара беру, әділетсіз бағалау сияқты құбылыстар кездеседі. Бұл жастардың білім сапасын төмендетеді, ал олардың әділеттілікке деген сенімін жояды. Әділетсіздікке қарсы тұрудың орнына оны қабылдау немесе оған араласу қалыптасуы мүмкін. Жұмысқа орналасу кезінде таныстық немесе пара арқылы қызметке тұру мүмкіндігі сыбайлас жемқорлықтың тағы бір көрінісі. Бұл жағдай жастардың қабілетіне, білім-білігіне қарамастан, жұмысқа орналасуда әділетсіздіктің болуына наразы болуына алып келеді. Жемқорлық әлеуметтік теңсіздікті күшейтеді. Мемлекет тарапынан жастарға бөлінген мүмкіндіктер, гранттар, бағдарламалар жемқорлық әрекеттер нәтижесінде әділ бөлінбейді. Бұл жас буынның мемлекетке, қоғамға деген сенімін төмендетеді.  Жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі рөлі маңызды, өйткені олар жаңа көзқарастар мен идеялар енгізуге, жаңа өзгерістер жасауға қабілетті. Бұл бағытта келесі шараларды жүзеге асыруға болады. Біріншісі — құқықтық білім беру. Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға дайындау. Жас буын өз құқықтарын қорғауды үйренсе, жемқорлыққа қатысуға немесе оны қолдауға азғырылмайды. Екіншісі – адами құндылықтарды насихаттау. Жемқорлыққа қарсы мәдениеттің негізін мектеп пен жоғарғы оқу орындарында қалыптастыру маңызды. Жастардың адалдық, әділдік, жауапкершілік сияқты құндылықтарға мән беруі сыбайлас жемқорлықты төмендетуге үлес қосады. Үшіншісі — азаматтық белсенділік. Жастардың қоғамдық өмірге, азаматтық қозғалыстарға, еріктілер қызметіне қатысуы олардың жемқорлыққа төзімсіздігін қалыптастырады. Жемқорлықтың зияны туралы білімді жастар арасында кең тарату, оларды осы мәселені шешуге белсенді қатыстыру маңызды. Төртіншісі — цифрлық технологиялар. Жастар цифрлық технологияларға жақын, сондықтан цифрлық құралдарды пайдалану арқылы жемқорлықты азайтуға ықпал ете алады. Бұл ашықтықты, әділдікті қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жаңа мүмкіндіктер ашады. Осы орайда, Қазақстанда сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін жастарға арнап түрлі бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, Жастар ресурстық орталықтары, «Адалдық алаңы» жобасы және еріктілер қозғалысы арқылы жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға үлес қосылады. Жалпы алғанда, жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыру – мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуына, әділетті қоғам құруға апаратын маңызды қадам. Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті сұрақтардың бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлықпен күресу еліміздің бүгінгі күнгі күрделі мәселелерінің бірі болып отыр. Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттік құрылымдардың экономика аясында қылмысты құрылымдармен біте қайнасуы, сондай-ақ мемлекеттегі лауазымды адамдардың, қоғамдық және саяси қайраткерлердің сатылғыштығы, парақорлығы.  Өзінің қызметтік мәртебесі мен өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де бейқызметтік мүдделер үшін пайдалану жолымен жеке игіліктерді алу әрекетінен көрініс табады. Осы орайда, Түркістан қаласында жоғарыда аталған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру  мақсатында ақпараттық үнпарақтар таратылып адам көп шоғырланған жерлерге ілінді. Шараға Түркістан қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйытқы болды. Айта кету керек, Қазақстанда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында түрлі заңнамалық, институционалдық және қоғамдық шаралар қабылдануда. Бұл шаралар сыбайлас жемқорлықты төмендетіп, мемлекеттік қызмет көрсетулердің ашықтығын қамтамасыз етуге, халықтың сенімін арттыруға бағытталған. Атап айтсақ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданған, ол жемқорлыққа қарсы күрестің құқықтық негізін құрайды. Бұл заңда мемлекеттік қызметкерлердің жемқорлыққа қарсы міндеттері, жауапкершілігі және шаралары нақты көрсетілген. Мемлекеттік қызметшілерге арналған Әдеп кодексі қабылданып, олардың қызметтік мінез-құлықтарына қойылатын талаптар анықталған. Бұл мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік әдебін сақтауын бақылауға мүмкіндік береді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мемлекеттік органдардың қызметін қадағалап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды жүзеге асырады. Ол жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау, тергеу және алдын алу жұмыстарын жүргізеді. «Адалдық алаңы» жобасы мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасыз ету, қызмет көрсетудің сапасын арттыру және азаматтармен байланыс орнатуға бағытталған. Жобаның мақсаты – азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыру. Бұл ғана емес, жемқорлыққа қарсы мониторинг және талдау орталықтары бар. Бұл орталықтар сыбайлас жемқорлық деңгейін бақылап, талдау жасап, алдын алу бойынша ұсынымдар дайындайды. Жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға ойыссақ, білім беру жүйесінде мектептер мен жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін арнайы пәндер, іс-шаралар өткізіледі. Жастарды құқықтық сауаттандыру үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру мақсатында түрлі семинарлар, тренингтер, форумдар өткізіледі. Қазақстан жемқорлыққа қарсы күресте халықаралық ұйымдармен, мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD), Transparency International сияқты ұйымдармен ынтымақтастық орнатқан. Бұл ұйымдармен тәжірибе алмасу және халықаралық стандарттарды енгізу Қазақстандағы жемқорлықпен күрес шараларын нығайтады.