ҚызПУ ТҮЛЕКТЕРІ ТҮРКІСТАНДА БАС ҚОСТЫ
Зиялы ұстаздар қауымын марапаттау рәсімі өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық», — деп ұстаздардың біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөлу керектігін айтқан еді. Осы орайда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті және оқу ордасындағы «Қыздар көшбасшылығы мен кәсіпкерлік орталығы» университеттің 80 жылдық мерейтойы аясында Түркістан қаласында «Ұстазға тағзым» тақырыбымен іс-шара ұйымдастырды.
Бұл бастама университет ұжымы мен түлектер арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Университет өкілдерінің сөзіне сүйенсек, кездесу өткізудегі басты мақсат –әр кезеңде университет түлектері атанған зиялы ұстаздармен кездесу арқылы болашақ мамандарды қанаттандыру. Сәйкесінше, облыстық «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасында өткен жүздесуде оқу ордасының дамуына үлес қосып, еңбегі еленген тұлғалар және бүгінгі күнге дейін ұстаздардың қарашаңырағына айналған мекенді өркендету жолында тер төккен түлектердің жетістіктері сөз болды. Мұндағы мақсат білім алып жүрген жастарға «ұстаз» деген ұлы сөздің маңызын ұғындыру, өз мамандықтарына деген қызығушылық пен жауапкершілікті сезіндіру, университеттің дамуына мол үлес қосқан ұстаздар мен ғалымдарды еске алып, олардың өмір жолы мен ғылыми-педагогикалық қызметтерін насихаттау. Сонымен бірге, ұлттық ғылым-білімнің өткені мен бүгінгісін, болашағын талқылап, жас ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми әлеуетін көтеру.
«Ұстазға тағзым» атты кездесу барысында университеттің аға оқытушылары мен білім және ғылым саласында қызмет етіп жүрген түлектеріне сөз берілді. Іс-шараны университет ректоры Қанай Гүлмира ашып берді. Спикерлер қатарында болған физика және математика факультетінің 1994 жылғытүлегі Қалдарова Болғанай жастардың экологиялық санасын қалыптастырудағы мұғалімдердің рөліне тоқталса, филология факультетінің 1973 жылғы түлегі Әділханова Айнагүл педагогика ғылымының даму перспективаларын сөз етті. Кульбаева Райхан есімді ұстаз жаратылыстану факультетінің 1961 жылғы түлегі болған анасы жайлы айтса, доцент, жаратылыстану институтының директоры Байташева Гаухар «Педагогтардың мансап жолдары мен мүмкіндіктері» бойынша баяндама жасады. Сонымен қатар, зиялы ұстаздар қауымын марапаттау рәсімі өтті. Жалпы аталған іс-шара білім мен ғылымның дамуына үлес қосқан ұлы ұстаздарды еске алып, олардың ізін жалғастыру үшін тамаша мүмкіндіктер сыйламақ. Дайындаған: Б.Мейірханұлы.