«МЕН АЙТЫС — ТАРТЫСТЫҢ АДАМЫ ЕМЕСПІН»
Бүгінгі сұхбаттың иесі — Оңтүстік Қазақстан облысының жұртшылығына белгілі, «Қазпочта» АҚ ОҚОФ директоры, ОҚО мәслихатының 4-ші шақырылымының депутаты Асан Заманхан мырза. Ол кісі Оңтүстіктегі пошта саласын 10 жылдан бері абыроймен басқарып келеді. Елбасымыздың Алғыс хатымен марапатталған, Бәйдібек, Сарыағаш, Түркістан аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Асекең, бізбен әңгімесінде өзінің өмірбаяндық жолымен қатар, қызметі және депутат болып тұрған кезде атқарған жұмыстары, сондай-ақ, бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелер төңірегінде ой өрбітті.
― Асан Заманхан мырза, бұрын өзіңізді баспасөз беттерінен жиі көруші едік. Қазір мерзімді газет-журналдардан мүлдем көрінбей кеттіңіз. Біреулердің пайымынша, сіз өткен сайлауда кейбіреулердің әділетсіздігінен депутаттыққа өте алмай қалыпсыз, оған 100 пайыздық мүмкіндігініз болса да. Бәлкім осы құбылыс сіздің тым тұйықталып, «көлеңкеде» қалуыңызға ықпал етті ме?
― Өткен сайлауда менің үміткерлігіме кімдердің қарсы шығып, құйтырқы әрекеттерге барғаны жөнінде «Уақыт» газеті жазған болатын. Енді оны қайталай берудің қажеті жоқ шығар. Өмір болған соң, бәрі болады. Дегенмен, депутат кезімде біраз жұмыстарды бітірдім, кейінгі уақыттардың еншісіне қалдырған басқа да жоспарларым бар еді. Екінші мәрте депутаттыққа ұмтылғаным, осы жоспарларды іске асырсам деген ниетімнен туындаған. Алайда… Қазақта «нәсіп болмаған» деген сөз бар ғой, сол айтпақшы, екінші мәрте маған депутат болу бұйырмапты. Негізінен, мен айтыс-тартыстың адамы емеспін. Егер әрбір жан өзіне-өзі есеп беріп, істеген әрекетіне шолу жасап отырса, біздің қоғам әлдеқашан ілгері жылжыған болар еді. Алайда «бес саусақ бірдей емес», біреуі білмей қателеседі, біреу біліп тұрып қателікке бой ұрады. Енді бірі бар, түймедейді, түйедей етуге құштар. Немесе, бірді бірге айдап салып, солардың айтыс-тартысынан рахат табатын. Мен болайын, өзге болсын біреудің мінін көріп тұрып, оған ескертпеу де күнә. Жақсы болуымыз үшін жақсы қасиетімізбен, жақсы мінезіміз қалыптасуы шарт. Ал бүгінгі біздердің жаңбыр жаумай су болып жүруміздің барлығы пендешілік. Мәңгілік ешкім де, ештеңе де жоқ. Адамға шақтап берілген қысқа ғұмырымыз да соңымызда кейінгі ұрпақ айта жүрер жақсы істеріміз қалып жатса, сол ғанибет. Айтыс-тартыс еш уақытта абырой әпермесі анық. Сол үшін де, алдағы уақыттарда мүмкіншілік туып жатса, тағы бір рет үміткерлікке түсетін шығармын.
Мұным «Жеңілген күреске тоймайдының» кері емес, күшім барда титтей де болса елге пайдамды тигізсем деймін.
Ал «баспасөзде неге көрінбей кеттіңіз?» деген сұрағыңызға келсек, мен өз басым жеке жарнаманы жақтырмайтын адаммын. Бұрындары газеттер мен туралы көп жазса, атқарған қызметтерімді көрсеткендері болар. Бұл күндері өзіме қатысы жоқ, болатын-болмайтын жерлерде көріне бергім келмейді. Мұным жұмыс істемей отырмын дегенім емес. Өз қызметімнің тірліктері де шаш-етектен. Ал қызметімді мен ешкімге міндет етпеймін, мына нарсені тындырып жатырмын деп, жөн-жосықсыз газет немесе теледидарларға сұхбат, мақала бере бермеймін. Бәлкім, осы пікірлерімнің барлығы әлгі сіз айтқан сұраққа жауап болып табылатын шығар.
― Мұныңыз түсінікті болды. Естуімізше, сіз бұрын да, қазір де игілікті істердің басында жүретін адамсыз. Осыдан екі-үш жыл бұрын Бәйдібек ауданында қатты бораннан зардап шеккен тұрғындардың мұқтажын, сонымен бірге Сарыағаш ауданындағы елдімекендерде су тасқыны болғанда қирап қалған үй иелеріне жеке азамат ретінде қол ұшын создыңыз. Облысымызда табиғаттың тосын мінезі биыл да Созақ пен Сарыағаш жұртын әбігерге салды. Мұндайда сіздің қол қусырып отырмайтыныңыз белгілі. Халықтың азаматы ретінде қабырғаңыз қайысатын болар?
― Қайбір жылы Сарыағашта орын алған табиғи апат кезінде (бұл апат су тасқынынан келген), азамат ретінде қолымнан келгенше қаржылай жәрдем көрсеткенмім. Бірақ, «істеген жақсылығыңды жария етпе» деген қағидаға сүйенер болсақ, әрі өзімнің де көңілім ондайды қаламағандықтан, сол кезде пәлен қаржы бердім деп айтпаймын. Сондай демеушілік жәрдемді биыл да табиғи апаттарға тап болған өңірлердің жұртына көрсеттім. Табиғат апатынан жапа шеккендерге көмек қолын созуды ОҚО әкімінің орынбасары Тұяқбаев та сұранған еді. Мен онсыз да апат аймағына барып, қиындыққа ұшырағандарға көмек көрсетемін деп ойлап жүргенмін. Бардым, жағдайға қанықтым, елдің күйзелісіне жаным ауырды.
― Дегенмен оқырмандар біле жүрсін, зардап шекендерге өз тарапыңыздан қанша қаржы жұмсадыңыз?
― Жарайды, айтайын. Бәрібір белгілі болады ғой. Табиғи апаттан зардап шеккендерге арналып ашылған қорға 500 мың теңге аудардым.
― Бүгінгі жүргізушілерге айтылар сын көп. Мәселен, жүргізушілердің мәдениетіне қандай баға бересіз? Олар жол тәртібін сақтай біле ме? Айталық, Шымкенттің негізгі көшелерінде соңғы кездері неге «көлік тығыны» көбейіп кетті? Өз мекемеңіздің алдындағы Қазыбек би көшесінің екі қапталын ала автокөліктер бей-берекет тұрады. Осындай көріністер басқа көшелерде де қайталанады. Осылардың барлығы көлік қана емес, жүргіншілердің де жол қозғалысына кері әсерін тигізіп жатады. Есіңізде болса, облыста Ө.Шөкеев әкім болып тұрған кезде көшелерде әжептеуір тәртіп орнап қалып еді.
― Оныңыз рас. Біздегі көптеген жүргізушілер мәдениеттен жұрдай. Кез келген жерде тоқтай қалады. Жүргінші өткелдеріне қарамайды. Тар көшелерде бірін-бірі басып озады. Бір ғана Қазыбек би көшесінде ғана емес, көлік тығыны Байтұрсынов, Төле би, Әйтеке би тағы басқа да көшелерде жиі орын алатыны анық. Әсіресе, «Қырғы» базардың маңындағы ығы-жығы көліктер мен жаяу жүргіншілердің қозғалысы қай кезде де, өте қауіпті жағдайда екенін көріп те, сезіп те жүрміз. Үлкен көшенің бойларындағы жол жиегіне тақалып салынған дүкендер мен мейрамханалардың, тойханалардың алдынан қараңғылық түсе өту мүмкін емес. Бұл ғана емес, бағдаршамға бағынбайтындарға не дерсің? Бұған кімді кінәлаймыз? Көше тәртібін қадағалайтын МАИ қызметкерлерін бе, әлде тығынды қолдан жасайтын жүргізушілерді ме? Қалай десек те, бұны тиісті орындар ретке келтіріп, жөнге салу керек. Әлбетте, мұндай тәртіптің орнауына бірінші кезекте облыс басшысы мұрындық болуы тиіс. Одан қалса, басқа да тиісті адамдар бар. Олар бәрі көшеде жүргенде осы жәйттерді көздерімен көріп те жүр. Біз бірінші кезекте көзге ұрып тұрған олқылықтарды жоюымыз керек. Соған сай әрекеттенген жөн. Мен әкім де, тәртіпті қадағалаушы да, депутат та емеспін. Сонда да болса, елдің азаматы ретінде бұл келеңсіздік мені бей-жай қалдыра қоймасы анық.
― ОҚО әкімі Асқар Мырзахметов туралы пікіріңіз қандай?
― Жалпы, мен ол кісіні даттаудан аулақпын. Депутат болып, саясатқа араласып жүрген кезімде арамызда біраз түсінбестік орын алған жайы бар. Әрине, оның барлығы қызмет барысында орын ала беретін нәрселер ғой. Шындығына келгенде, Асқар Мырзахметов жібі түзу әкім. Әкім болып істегелі жаман аты шыққан жоқ. Қайта көп іс тындырып, көпшіліктің көңіліне жаға білді. Оның тағы бір жақсы қасиеті, ешкімге кек сақтамайтындығы. Кіммен қалай қарым-қатынас жасаса да, қызметтік тұрғыда араласады. Оның кейбір кешірімшіл мінездерін сырттан сынаушылар түрліше құлпыртады. Кейбіреулер адамның жақсылығын айтудан гөрі, оның кемшілігін теріп жүруге құмар. Бұл орайда Асқар Исабекұлының соңынан тас атып, күңкілдеушілер баршылық. Әйтсе де, оның ілкімді істері мұндай өсек-аяңдарды басып тастары анық.
Ел басқару оңай шаруа емес. Жұмыс барысында кіммен кездеспейді, олардың арасында бәрін түсінетін жақсылармен қатар, игі істің өңін айналдырып, теріске балайтындар да кездеседі. Үлкен қызмет деген, түсінген адамға үлкен оттың ортасында жүру деген сөз. Оттың жылытатын жалыны бар сияқты, оның қатты күйдіріп жіберетін кездері де болады. Үлкен адамның соңынан ерген сөзді осы оттың қызуы мен күйдіретін шоғына теңеуге болады. Бірақ парасатты жан олардың ара-жігін ажырата біледі.
― Сіз депутат болған кезіңізде сайланған округіңіздің аумағында көңіл қуантарлық қандай істерді атқардыңыз? Сөздің реті келіп тұрғанда осыларды рет-ретімен айтып бере аласыз ба? Одан соң, қазіргі депутаттардың тірлігіне көңіліңіз тола ма?
― Жалпы төрт жыл мерзім ішінде Бәйдібек ауданының әр ауылында болып, түрлі жиындарға қатысып, көпшіліктің мұң-мұқтажын тыңдадым. Бәйдібек ауданының, Ақбастау ауылындағы Кеңес өкіметі дәуірінде шешімін таппай жатқан ауыз су мәселесін шешуге қол жеткіздім. Әрине, мұны бірден шешіп тастадым деп айта алмаймын. Бұл мәселені шешу үшін қаншама құзырлы орындардың табалдырығын тоздырдым. Оның шешімін табатын жолдарын қарастырдым. Нәтижесінде ақбастаулықтардың әр үйіне таза су баратын болды. Елбасымыздың «жүз мектеп, жүз аурухана» бағдарламасы бойынша ауданда Шаян ауылындағы жаңа мектепті пайдалануға бердік. Ақтас ауылындағы жарты ғасырлық тарихы бар мектептің тозығы жеткендігі жайлы депутаттық сауал жолдап, соның арқасында Ақтаста жаңа жайлы білім ордасы бой көтерді. Көксерек ауыл округіне қарасты Бірлік елдімекенінде Айнабек Нұржанов атындағы орта мектептің құрылысына облыстық бюджеттен қаржы бөлдірдік, мұның бәрі облыс әкімі Асқар Исабекұлының мұрындық болуының арқасында жүзеге асқанын жасырмаймын. Бұл мектеп пайдалануға былтыр берілді. Сондай-ақ, сол елдімекенде тұрғындардың сұранысы бойынша емхана қажеттігін облыстық мәслихатта көтердім. ОҚО денсаулық сақтау департаментінің бастығы Жұмағали Исмайловтың себепкер болуымен бюджеттен қаржы бөлгіздік.
Қазіргі депутаттардың тірлігіне көңілім толады немесе толмайды деп кесімді пікір айтуға болмайды. Барлығы халықтың аманатан арқалап, депутат болды. Халық – әділ сыншы. Қалаулыларының жұмысына бағаны тек қана халық береді.
― Сіз ең алғаш жұмысыңызды қай саладан бастаған едіңіз?
― Ауданда кооператив кеңшарының экспедиторы болып бастағанмын. 1980 жылы Алматы нұсқаушылық-тексеру мектебінің тыңдаушысы болып, тәжірибе жинақтадым. Өзім жастайымнан есепке жүйрік болып өстім. 1981 жылдан бастап, Бәйдібек (бұрынғы Алғабас) ауданында тұтынушылар одағы аудандық даярлау кеңесінің бас есепшісі болып, тәуелсіздік алған жылдардан кейін «Қазагроөнеркәсіпбанк» АҚ-ның Шымкент филиалының төрағасы болып қызмет атқардым. 2003 жылдан бастап «Қазпочтаның» Оңтүстік филиалының директоры қызметін атқарып келемін. Алдағы күндері көптеген жаңаша, соны, тың жобаларды іске асырмақ ойымыз бар. Барлығы уақыттың еншісінде.
― Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз.
― Жұбайым — Гүлназ екеуміз үш қыз, бір ұл тәрбиелеп отырмыз. Барлығы да жоғары білімді. Ұл-қыздарымның тәрбиесіне қатты мән беремін. Мүмкіндігімнің барынша, уақытымды отбасыммен бірге өткізуге тырысамын. Әдемі қартая білгенге не жетсін, соның үдесінен шығуға тырысып жүрмін.
― Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Талғат БАЛТАБАЙ.