50 ЖАСТАН АСҚАН АЗАМАТТАР ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛАДЫ
Жұмыспен қамту – экономиканың маңызды аспектілерінің бірі, ол тұрғындардың еңбек қызметіне тартылуын және олардың өмір сүру жағдайын жақсарту мақсатындағы жұмыспен қамтамасыз ету процесін білдіреді. Жұмыспен қамту деңгейі елдің экономикалық дамуының, қоғамның тұрақтылығының және тұрғындардың әл-ауқатының негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі экономиканың даму деңгейінің жоғары екенін көрсетеді, өйткені бұл адамдардың табысты болып, өз қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндігі бар екенін білдіреді. Жұмыспен қамту халық арасында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етеді, кедейлік деңгейін төмендетеді және әлеуметтік теңсіздікті азайтады. Сонымен қатар адамдардың өздерін материалдық тұрғыдан қамтамасыз етуіне және өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал етеді. Қызметкерлер табыс тауып, салық төлеу арқылы мемлекет бюджетіне қосымша қаржы түсіреді, бұл бюджеттен әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Осы орайда, елімізде жұмыссыздық мәселесін шешу бойынша кешенді шаралар атқарылып келеді. Ол үшін кәсіптік білім беру мен қайта даярлау бағдарламаларын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы шешуге болады. Шағын және орта бизнестің дамуы – жаңа жұмыс орындарының ашылуының тиімді тәсілі. Инфрақұрылымды дамыту, құрылыс және басқа салаларға инвестиция салу арқылы жұмыспен қамту деңгейін көтеру, еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмейтін мамандарды қайта даярлап, оларды сұранысқа ие мамандықтарға оқыту, сонымен қатар аңа технологияларды енгізу арқылы жаңа жұмыс орындары ашу біз сөз еткен мәселенің алдын ала алады. Жұмыспен қамту деңгейін көтеру – елдің экономикалық тұрақтылығы мен әлеуметтік дамуы үшін аса маңызды міндеттердің бірі. Мемлекет пен қоғам бұл мәселені бірге шешуі қажет, әсіресе білім беру, кәсіпкерлікті қолдау және инновациялық даму салаларында. Осы орайда, Шымкентте «Күміс жас» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан азаматтар жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп, қоғамның дамуына өз үлестерін қосуда. Бұл жоба зейнеткерлік жасқа жақындаған, бірақ әлі де белсенді еңбек ете алатын адамдарды қолдауға бағытталған. «Күміс жас» бағдарламасы елімізде зейнеткерлікке дейінгі жастағы азаматтарды еңбек нарығында қолдау арқылы олардың кәсіби тәжірибесі мен әлеуетін пайдалану үшін іске қосылған. Жоба аясында жұмыс берушілер 50 жастан асқан азаматтарды жұмысқа тартады, олардың айлық жалақысы мемлекеттен субсидияланады. Қалада жыл басынан бері 791 азамат осы бағдарлама арқылы жұмыс орындарына орналасты. Олар білім беру, медицина, мәдениет, әлеуметтік қызмет көрсету және басқа да салаларда еңбек етуде. Бағдарламаға қатысушылардың бірі 59 жастағы Айман Тельғозиева ұзақ жылдар бойы Алматы қаласында түрлі өндіріс орындарында бухгалтер қызметін атқарып, Шымкентке қоныс аударғаннан кейін «Самғау биік» мүгедектігі бар азаматтардың қоғамдық бірлестігіне тазалыққа жауапты қызметкер болып «Қоғамдық жұмыс» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасқан. Мұнан кейін «Күміс жас» бағдарламасы арқылы жолдама алған ол: “Мемлекеттік бағдарлама жаңа мүмкіндікке жол ашты. Тәжірибем мен білімімді қоғамға пайдалы істерге арнап, өзіме де, өзгелерге де көмектесе алатыныма қуаныштымын,” – дейді. Шымкент — «Күміс жас» бағдарламасын табысты іске асырып отырған өңірлердің бірі. Бағдарлама тәжірибесі мол азаматтардың қоғамда белсенділігін арттырып, еңбек нарығын білікті мамандармен толықтыруда. Жалпы жұмыссыздық – еңбекке қабілетті және жұмыс істеуге ниеті бар адамдардың белгілі бір уақыт аралығында жұмыс таба алмау жағдайы. Бұл құбылыс кез келген экономиканың ажырамас бөлігі болып табылады және экономикалық, әлеуметтік проблемаларды туындатуы мүмкін. Жұмыссыздықтың себептері сан түрлі. Экономиканың дамуы бәсеңдеген кезде өндіріс көлемі азаяды, бұл өз кезегінде жұмыс орындарының қысқаруына әкеледі. Жаңа технологиялар кейбір мамандықтарды алмастырып, жұмысшылардың жұмыссыз қалуына себеп болады. Белгілі бір тауарлар мен қызметтерге сұраныстың азаюы олардың өндірісін қысқартуға, соның салдарынан жұмыс орындарын қысқартуға әкеледі. Кейбір жағдайларда еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен білім беру жүйесі даярлайтын мамандықтар арасында сәйкессіздік туындауы мүмкін. Жұмыссыздық ұлттық өнімділік пен табысты азайтады, өйткені жұмыссыздар өнім шығаруға қатыспайды, ал оларды қолдау үшін бюджетке қосымша ауыртпалық түседі. Жұмыссыздық әлеуметтік теңсіздікті арттырады, адамдар арасында психологиялық мәселелер туғызуы мүмкін. Ұзақ уақыт жұмыссыз қалған адамдар депрессияға ұшырап, өмір сүруге деген құштарлығын жоғалтуы мүмкін. Жұмыссыздық деңгейі жоғары болғанда, қылмыс деңгейі, әлеуметтік шиеленістер және кедейлік артуы ықтимал. Жұмыссыздықты азайту жолдарына келсек, жаңа кәсіпорындар ашу, инфрақұрылымды дамыту, инвестицияларды тарту арқылы жұмыс орындарын көбейтуге болады. Еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмейтін мамандарды қайта даярлау және жаңа дағдыларды үйрету жұмыссыздықты төмендетуге көмектеседі. Шағын және орта бизнесті дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан салықтық жеңілдіктер немесе жеңілдетілген несиелер арқылы қолдау көрсетілуі мүмкін. Жастар арасында жұмыссыздықты төмендету үшін стажировка бағдарламаларын ұйымдастыру, тәжірибе жинауға мүмкіндік беру, жастар кәсіпкерлігін қолдау маңызды. Маусымдық жұмыссыздықты азайту үшін адамдарды маусым аралық кезеңде де жұмысқа орналастыру мүмкіндігін жасау керек. Мысалы, агротуризм немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындарын құру. Әлеуметтік осал топтардың жұмысқа орналасуын қолдау арқылы, жұмыссыздықты төмендетуге болады. Әйелдер мен мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындарын ашу және жеңілдіктер беру маңызды. Жұмыссыздық – экономиканың күрделі мәселелерінің бірі, оны шешу үшін мемлекет, жұмыс берушілер және қоғам бірлесе әрекет етуі қажет. Тиімді жұмыспен қамту саясаты жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, экономиканың тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға көмектеседі. Айта кету керек, «Күміс жас» бағдарламасы – Қазақстанда зейнеткерлік жасқа жақындаған жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған арнайы жоба. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, бұл бағдарламаға 50 жастан асқан азаматтар қатыса алады, ал қатысу мерзімі 36 айға дейін ұзартылды. Шарттарына келсек, жұмыс беруші белгілеген жалақының бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Алғашқы 12 айда жалақының 70%-ы, 13 айдан 24 айға дейін 65%-ы, 25 айдан 36 айға дейін 60%-ы субсидияланады, бірақ бұл сома 30 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспауы тиіс. Бағдарлама аясында жұмысқа орналасу мерзімі 36 айдан аспайды. Осы кезең аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қатысушыны зейнетке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орнына қабылдауға міндетті. Қатысқысы келетін азаматтар тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына немесе «Enbek» электрондық еңбек биржасы арқылы өтініш бере алады. Бағдарламаға бір жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан, салық және әлеуметтік аударымдарды тұрақты төлейтін, жалақы бойынша қарызы жоқ барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдар қатыса алады. «Күміс жас» бағдарламасы зейнет жасына жақындаған жұмыссыз азаматтарды қолдап, оларды еңбек нарығына қайта тартуды көздейді. Бұл шара олардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, зейнеткерлікке дейін тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етуге бағытталған. 2023 жылдың басынан бері «Күміс жас» бағдарламасы аясында 15 148 адам жұмысқа орналастырылды, бұл жоспарланған көрсеткіштен жоғары. Бағдарлама туралы толық ақпаратты жергілікті халықты жұмыспен қамту орталықтарынан немесе «Enbek» электрондық еңбек биржасының ресми сайтынан алуға болады.