№65 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ЖАҢА ОҚУ КОРПУСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРУДЕ

107
0
Шымкент қаласында білім ордаларында орын тапшылығын жою мақсатында қосымша ғимараттардың да құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды Uakit.kz. 
Шымкент қаласының «Сайрам» ықшамауданындағы Ы. Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының жаңа оқу корпусының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Шаһар басшысы М.Әйтенов нысанның жұмыс сапасын тексеріп, тапсырмалардың орындалу барысын қадағалады. Құрылысы биыл, наурыз айында басталған жаңа оқу корпусы 600 оқушыға шақталған, қосымша екі блоктан тұрады. Футбол алаңшасы мен жүгіру жолы қарастырылып, инженерлік жүйемен толықтай қамтылатын болады.
Қазірге дейін құрылыстың 30%-ы атқарылды. Жоспар бойынша жұмыстар келесі жылы 100% аяқталып, пайдалануға берілмек.
«Нысандардың сапасы маңызды. Бұл нысанда балалар білім алады, оқиды. Балалар үшін барлық жағдайды жасауға тиіспіз»,-деді әкім ғимаратты аралау барысында.
Естеріңзе болса, жуырда ғана қала әкімі Мұрат Әйтенов №45 мектеп-гимназиясы жанындағы қосымша ғимарат құрылысының да барысын тексерген болатын. Аталған нысан Ш. Қалдаяқов көшесінің бойындағы білім ошағының жанынан салынуда, ауданы 1,2909 га жерді қамтиды. Мұнда жаттығу және гимнастикалық сабақтарға арналған спорт залы қарастырылған. Сыйымдылығы 300 адам. 25 оқушы отыратын 12 сынып қарастырылған. Нысан құрылысы осы жылдың көктем айларында басталған. Аяқталу мерзімі — келесі жылдың тамыз айы.
Айта кетейік, Шымкентте білім саласында бірқатар ауқымды бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Жеке инвестор тарапына «Елтай» тұрғын алабында  650 орындық жаңа мектеп ашылған болатын. Мектеп ғимараты заманауи құрал-жарақпен жабдықталған. Биология, химия, физика зертханалары және кең спорт залы бар. Бұдан бөлек, Шымкент қаласы, Қаратау ауданында «Жан-Нұр» жалпы білім беретін мектебінің салнататты ашылуы рәсіміне куә болдық.  Жаңа мектеп мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істейді.