ЖОЛДАРДЫ ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

26
0

Жол инфрақұрылымы – бұл көлік құралдарының қозғалысына қолайлы жағдай жасау үшін қажет болатын материалдық-техникалық және ұйымдастыру-әкімшілік шаралар жүйесі. Жол инфрақұрылымы сапалы қозғалыс, көлік қауіпсіздігі және елдің экономикалық дамуына маңызды үлес қосады. Жол инфрақұрылымы елдің экономикалық және әлеуметтік дамуында маңызды рөл атқарады, себебі ол тауарлар мен қызметтердің қозғалысын қамтамасыз етіп, халықтың өмір сапасын арттырады. Жолдардың сапасы, жабын түрі, жол өтпелерінің саны, және қозғалыс реттеуіш құралдарының болуы көлік қозғалысының тиімділігіне тікелей әсер етеді. Қазіргі таңда көптеген елдер жол инфрақұрылымын жаңарту мен дамытуға көңіл бөліп келеді. Бұл процестер тек қана жаңа жолдар салу ғана емес, сонымен қатар ескірген инфрақұрылымды жөндеу және оны заманауи талаптарға сәйкестендіруді де қамтиды.

Жол жөндеу жұмыстары – жол инфрақұрылымының сапасын жақсарту және көлік қозғалысын қауіпсіз әрі ыңғайлы ету мақсатында жүргізілетін іс-шаралар. Жолдарды үнемі күтіп-ұстау және жөндеу олардың қызмет ету мерзімін ұзартуға, көлік қозғалысының үздіксіз болуын қамтамасыз етуге және апаттық жағдайлардың алдын алуға көмектеседі. Жол жөндеу жұмыстары бірнеше түрге бөлінеді. Ағымдағы жөндеу жұмыстары жолды шағын ақаулардан тазарту және оларды уақытылы қалпына келтіруге бағытталған. Бұл ақауларға шұңқырлар мен жарықтар, жабынның кейбір бөліктеріндегі кемшіліктер және жол белгілері мен таңбаларды жаңарту кіреді. Ағымдағы жөндеу жұмыстары жолдың қызмет ету мерзімін ұзарту үшін тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Олар жүк көліктері мен ауа райының әсерінен пайда болған ақауларды дер кезінде жоюды көздейді. Орташа жөндеу жұмыстары жолдың құрылымының белгілі бір бөлігін ауыстыруды немесе қалпына келтіруді қамтиды. Бұл жұмыстар — жолдың жоғарғы қабатын қайта жабу, жабынның зақымданған бөліктерін ауыстыру, жол жиегін жақсарту, кюветтерді тазалау сияқты іс-шараларды қамтиды. Орташа жөндеу жұмыстары бірнеше жылда бір рет, жол жабындысының орташа тозуы байқалғанда орындалады. Бұл жолдың сапасын қалпына келтіру үшін маңызды. Күрделі жөндеу жұмыстары жолдың конструкциясын толық жаңартуды қажет етеді. Бұл жұмыс түрі — жол жабындысын түгелдей ауыстыру, жол негізін нығайту немесе қайта жасау және су өткізу жүйелерін жаңарту және көпірлерді жөндеуді қамтиды. Күрделі жөндеу жолды толығымен қайта құрылымдау үшін бірнеше жылда бір рет қажет болуы мүмкін. Ол жолдың сапасын жақсартуға және оның қызмет ету мерзімін айтарлықтай ұзартуға бағытталған. Қазіргі заманда жолдар асфальт, бетон немесе аралас материалдармен жабылады. Жол жөндеу барысында сапалы жабынды материалдарды қолдану жолдың ұзақ уақыт бойы сапасын сақтауын қамтамасыз етеді. Жол жөндеу жұмыстары көбінесе жаз мезгілінде жүргізіледі, өйткені суық ауа райы асфальттау және басқа жабынды түрлерін төсеу процесіне кері әсер етеді. Жол жөндеу жұмыстарында қазіргі заманғы технологиялар мен арнайы техникалық жабдықтар қолданылады. Мысалы, фрезерлеу машиналары ескі жабынды алып тастауға, ал асфальт төсегіштер жаңа жабынды төсеуге көмектеседі. Қазақстанда жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар және халықаралық транзиттік жолдарды жөндеу мен дамыту жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, Қазақстан арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік коридоры жолдарын жаңарту – еліміз үшін маңызды жобалардың бірі болып табылады. Жол жөндеу жұмыстарының басты мақсаты – жолдың сапасын арттыру, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолды пайдалану мерзімін ұзарту. Бұл жұмыстар нәтижесінде көлік құралдарының жүру уақыты қысқарып, жол апаттарының саны азаяды, бұл өз кезегінде экономикалық тиімділікке әкеледі. Осы орайда, биыл Шымкентте автомобиль жолдарының құрылысы мен қайта құру жұмыстары 58,4 шақырымдық 18 нысанда жүргізілуде. Жыл соңына дейін 22,8 шақырым ( 6 нысан) автомобиль жолы пайдалануға беріледі. Орташа жөндеу жұмыстары бойынша 378 көшенің 251,3 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлінді. 287 көшеде 190,3 шақырым орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, қолданысқа беріледі. Жыл қорытындысымен қала аумағында 453 көшеде, жалпы ұзындығы 286,9 шақырым жолда құрылыс, орташа жөндеу және тегістеу жұмыстары аяқталады. Жолдарды жақсарту жұмыстары жоспарлы түрде жалғасуда. Айта кету керек, биыл қыркүйек айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті жолдауын жариялады. Міне, осы маңызды құжатты таныстыру барысында ел Президенті «Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз. Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек. Сондай-ақ тиімді жұмыс істейтін әуе хабтарын, теміржол бекеттері мен теңіз порттарын салуымыз қажет. Бұл ретте бірқатар кешенді мәселені шешкен жөн» деп атап өткен болатын. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласының әлеуеті айрықша жоғары. Өйткені қала батыс пен шығыстың, оңтүстік пен солтүстіктің түйіскен тұсында жатыр. Сәйкесінше, логистиканың әлеуеті жақсы. Сондықтан да үшінші мегаполисте көлік инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріліп отыр. Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты кеңінен тарқатып көрмекпіз. Шымкент қаласында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3897 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта қалада Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірінші, үшінші және төртінші кезеңдер аяқталып, пайдалануға берілді, ал екінші және бесінші, алтыншы кезеңдердің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, Өтегенов көшесінің жалғасын салу жұмыстары да аяқталып, жақын арада автокөлік қозғалысына ашылады. Қала әкімі А-2 айналма жолын қайта құру барысын ерекше бақылауда ұстап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар сегіз кезеңнен тұрады. Оның ішінде бірінші, екінші және үшінші, төртінші кезеңдері аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл сегізінші кезеңін аяқталып, іске қосылады деп жоспарлануда. Ал бесінші, алтыншы және жетінші кезеңдер келесі жылы жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, Байдібек би даңғылындағы жол қозғалысын оңтайландыру және кептелістерді азайту мақсатында биыл Алтынсарин көшесін қайта құру және Сареми, Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа қоныс, Изенді көшелерін күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, мегаполис басшысы Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасымен жолдың құрылыс сапасын бақылау және жақсарту мақсатында Шымкент қаласының автомобиль жолдарын кешенді тексеру және техникалық есепке алу, жол мәліметтерінің электронды базасын құру және жолды бақылау жүйесін енгізу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жаңа зерттеу түрі қала жолдары мен нысандарының техникалық жағдайын талдауға, оларды паспортизациялау мен диагностикадан өткізуге, әрі бұл мәліметтерді жол деректерінің электрондық базасына енгізуге мүмкіндік береді. Автомобиль жолдарын паспортизациялау жол құрылыстарының ұзындығы мен техникалық сипаттамалары, инженерлік жабдықтар мен жол жағдайы туралы объективті мәліметтер алу мақсатында жүргізіледі.