ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ КӨШУ – ҚАЗАҚ ХАЛҚЫН ЕКІГЕ БӨЛЕДІ

367
1

«Латын қарпіне көшкеніміз – біздің қасіретіміз болды. Әзірбайжан және ағылшын тілдерін оқып жатқан балалар кириллицаны мүлде білмейді. Олар осыған дейін басылып шыққан кітаптарды оқи алмайды.»
Эльмира АХУНДОВА,
Баку-славян университетінің доценті.

«Қазақстан түрік әлеміне жетекші болу үшін аянып жүрген жоқ. Түрік академиясын, «Түріксой» кеңесін құрды… академияның президенті (немесе төрағасы) қазақ ғалымы, Көкшетау университетінің бұрынғы ректоры Шәкір Ибраев. Қазір латыншаға көшуге бастамашы болып жүргеннің бірі сол. Қазақтар өз тілдерін әлі үйреніп болған жоқ. Латын әліпбиіне көшсе тілдерін өшіреді.»
Гога ХИДОЯТОВ,
Өзбекстанның еңбек сіңірген қайраткері,
тарих ғылымдарының докторы, профессор.

«Меніңше, қазақ тілінің ресми іс жүргізу тәжірибесінде оның толыққанды қолданылуын қамтамасыз ете алмай, латыншаға ауыса қою, орны толмас өкінішке әкеліп соқтырады. Онсыз да орыс тілділер мен қазақтілділер екіұдайылыққа ұшырап жүргенде, қазақ одан әрмен рухани алшақтыққа ұрынады. Қазір олар бір-бірін үнемі түсіне алмай шекісіп қалып жүрсе, латыншаға көшкен қазақтілділер мен кириллицадан айырылғысы келмейтін орыстілділер (орыстармен қосылып алып) нағыз жаға жыртысуға көшеді… Ұлттың рухани екі жікке бөлінуі одан әрі тереңдейді. Онсыз да кириллица негізіндегі қазақшаға ене алмай жүрген орыстілділер латынша негіздегі қазақ тілінің маңайына да бара алмайтын болады. Әзірбайжан мен Өзбекстандағыдан біздегі жағдай өзгеше. Олардың артықшылығы бір ұлт өкілдерінің ішінде бөліну жоқ, бізде бар. Егер латыншаға қазір ауыса қойсақ, бұл бізді рухани жіктелудің ең тереңіне батыратын болады.»
Қанағат ЖҮКЕШЕВ,
философия ғылымдарының кандидаты.

Енді Абай.кз. ақпараттық порталында жарияланған пікірлерге назар аударалық:

Кириллица орыс тілінің негізінде емес, грек пен болгар тілдерінің негізінде құрастырылған әліпби. Кейбір шалағай қазақтар кириллицаны орыс мәдениетінің меншігі деп таниды. Сайып келгенде, кириллица Шығыс Рим империясының қалдығы…
***
Орыстардан алфавит ауыстырып құтыла алмайсың… Алфавитті ауыстыру – жай науқан…
***
Қазақ бұрынғыдан да бетер білгенінен айырылып, топастанып кетеді. 80 жылдық тарихымыз жоғалады тағы да.
***
«Латын әліпбиінің екі түрі бар екен: латынша және ағылшынша қаріп. Латынша қаріп дегеніміз – басында айшығы бар немесе аяғында құйрығы бар, бірақ латын қаріптері. Ағылшын қаріп дегеніміз – кәдімгі өзіміз күнде пайдаланып жүрген компьютердегі ағылшын қаріптері.

Мұхтар Шаханов,
Қазақстанның халық жазушысы,
«Түркі тілдес халықтар арасындағы
ең үздік әлем ақыны» сыйлығының иегері.

Бұл мазмұнды мақсат па екен, санамызға кеш келген?
«Дұрыс, дұрыс» деп жатыр жұрт,
«латыншаға көшкен жөн».
Билік сөзі заң емес пе, бірақ қашан көшеміз?
Қандай жолмен түгенделер сыртқа кетер есеміз?
«25-інші жылдан кейін» дейді оған Елбасы,
Осы талап бола ала ма, ортақ сенім арнасы?
Біреу бейім, төрт-бес жылдан кейін жылдам көшуге,
Ал, біреулер, тіпті, «ертең көшейік» деп бөсуде.

Кей дайынсыз пайымсыздар «бұл іс жеңіл» десе де,
Нақ осы істе бұғып жатыр өте үлкен мәселе.
Дәл бүгінгі күнге дейін ел мұңына ашынған,
Зерттеу, толғау, мақалалар миға үлес боп қосылған,
Тұлғалардың еңбектері ұлттың даңқын асырған,
Сан миллион атпен дара кітап болып басылған.
Соның бәрі кириллица аясында қала ма,
Кім аударып бермек оны ертеңгі өсер балаға?

Латыншаға өзбек, түрікмен, әзірбайжан ауысты,
Сан тарихы сыртта қалып, қамсыздықпен қауышты.
Билік жағы өнегелі іс деп ұқса екпінді,
Көп тұлғасы оны «адасу», «рухты зорлау» деп білді.

Жә, ғаламтор бұл араға өз үлесін сала ма?
Әлде «тарих қажет емес» деген үміт жана ма?
Басты мақсат кітаптардың қажеттісін алу ма?
Көп миллиард қаржы керек, бұл зор іске баруға.
Ертең түсіп қалмаймыз ба, рухсыз, сараң қақпанға,
Қазір ұлттық игі істерге ақша таппай жатқанда?

Ойда-жоқта көлегейлеп пенделіктің бораны,
Бір маңызды сұрақ тағы алдымызды орады.
Латыншаға Қазақстан мемлекет боп бармақ па?
Қаншама ұлт, сан басылым ортақ міндет алмақ па?
Онда жақсы… бірақ қамап қойғандай ғып шарбаққа,
Жалғыз қазақ тілі ғана ілінбек қой қармаққа?

Рас, қазақ жылдам ашсын ғаламторлық құлыпты.
Компьютерге бола сонда жоямыз ба ұлтты?
Латын қарпін меңгеруді міндет етіп қоюға,
Болмайды ма, қиын ба әлде, солай қанат жаюға?
Ұлтсыздану жағынан біз тұрмыз жардың шетінде,
Қазақтай көп орыстанған ұлт жоқ жердің бетінде.
Әзірбайжан, өзбектерден айырмамыз осында,
Сондықтан да, зор қасірет қол бұлғап тұр қасыңда.

Өз тілінде ой қорытып, өз тілінде ой кессін,
«Әрбір қазақ қазақпенен тек қазақша сөйлессін!»
Осы сөзді Елбасы да қайталады сан рет,
Бірақ сөзі ісіменен шықпай жатыр дәлірек.
Ұзай алмай Кеңес рухты ескі құныс күндерден,
Өзі орысша сөйлеседі қазақ министрлерменен…
Ал ұлт үшін латыншаға көшудің еш мәні жоқ.

Кімдер онда ұлтқа мұндай жұмбақ шідер тастады?
Өз тілінде ойлай алмас,
Өз тілінде сөйлей алмас,
Һәм жаза алмас, қазақтың тең жарымынан астамы.
Секілденіп «ұлтсызданған бөлек қазақ аралы»,
Олар түгел кириллица аумағында қалады.
Ортақ елдік мүдделерді тастап желдің өтіне,
Сөйтіп қазақ ашық түрде бөлінеді екіге.
Рух парқы аз басылып жатқан жоқ қой табанға,
Сонша неге құштар болдық ұлт жеңілер қадамға?