ШЫМКЕНТ: ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА 131 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛДІ

102
0
Шымкент қаласы, Еңбекші ауданының жолдарын жағдайын жақсартуға жылдан жылға жақсы көңіл бөлініп келеді, деп хабарлайды Uakit.kz.
Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек 2022 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстары бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына өкілдеріне берген баспасөз брифингінде мәлімдеді.
Аудан әкімі Досбол Күздікбайұлының айтуынша, бүгінде ауданда ұзындығы 702 шақырымды құрайтын 611 даңғылдар, көшелер мен өткелдер бар. Жолдардың 502 шақырымы асфальт болса, 181 шақырымы тас жол бар, сондай-ақ 19 шақырым жерді құрайтын топырақты жолдың барын да айтып өтті. Жолдардың жағдайын жақсартуға жылдан жылға жақсы көңіл бөлініп келеді. Мәселен былтырғы жылы 4 магистралдық жол және 53 қалаішілік көше асфальтталып жөнделсе, ағымдағы жылы жалпы 86,4 шақырымды құрайтын 132 көшеге жөндеу жұмыстары жоспарланған болатын: Оның ішінде, 131 көшеге асфальт қабаты төселіп, пайдалануға берілді, 1 көшені жөндеу жұмыстары басталғалы тұр. Сайрам су көпіріне баратын жолға көпір құрылысы толық аяқталғаннан кейін асфальт қабаты төселетін болады.
Айта кету керек, жалпы Еңбекші ауданы Шымкент қаласының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Бүгінде Еңбекші ауданының аумағы 20 660 гектар жерді қамтыса, халық саны 313 217 құрап отыр. Қазіргі таңда аудан 19 шағынаудандардан және Сайрам, Төлеби аудандарынан қосылған 16 тұрғын алаптан тұрады.  Еңбекші ауданы бойынша 611 көшелер мен өткелдер, 1 саябақ 3 гүлзар, 651 көпқабатты және 32 306 жеке тұрғын үйлер орналасқан. Осы бағыттарда тұрғындармен тұрақты түрде қарым-қатынаста болып, Еңбекші ауданы әкімінің аппараты жоспарға сай жұмыстарды атқаруда.
Естеріңізде болса, Досбол Күздікбайұлы тұрғындармен есептік кездесуінде Еңбекші ауданының бюджеті 2017 жылдан бері 11 есеге ұлғайып, 17,5 млрд теңгеден 78,5 млрд теңгеге жеткенін хабарлаған болатын. Ауданның негізгі қаржы көздерінің бірі — ауыл шаруашылығы мен орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері боп табылады.